Атырау мұнай өңдеу зауытында шығарылған осы өнімнің алғашқы 300 тонасы Ресейге экспортқа жіберілді
Былтыр еліміздегі ең байырғы Атырау мұнай өңдеу зауытын жаңғыртудың екінші кезеңі аяқталған еді. Сөйтіп, мұнда іске қосылған хош иісті көмірсутектер шығару кешенінде екі жаңа өнім алына бастады. Оның бірі –бензол, екіншісі – параксилол. Зауыттың бас директоры Қайрат Оразбаевтың мәлім еткеніндей, бұл кешен құрылысы 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске асырылды. Жоба бойынша 2010 жылы құрылысы басталған кешенге құйылған инвестициялық қаржының көлемі 1 миллиард 40 миллион АҚШ долларын құрады. Бұл жобаны іске асыруға алғашында Еуропа елдерінің, Жапонияның, Оңтүстік Корея мен Қытайдың бірнеше компаниясы ниет білдірді. Бірақ, соңғы сатыда Жапонияның «Маrubeni Corporation» және «JGC» компаниялар тобы мен Қытайдың «SІNOPEC Engіneerіng» компаниясының ұсынысы көңілге қонымдырақ болды. Жапониялық компаниялардың АтМӨЗ-дегі қайта жаңғырту жобасын іске асырумен толымды тәжірибелері бар болғанымен, аталған жобаны 3 миллиард 400 миллион АҚШ долларына бағалаған. Ал Қытай компаниясының балама бағамы бұдан әлдеқайда төмендеу, яғни 1 миллиард 99 миллион АҚШ долларын құраған. Төмен баға ұсынған Қытай компаниясымен арада келіссөздер жүргізіліп, нәтижесінде тараптар жобаны 1 миллиард 40 миллион АҚШ доллары көлемінде іске асыруға мәміле жасаған.
Бұл жобаны іске асыру еліміздегі мұнай-химия өнеркәсібін дамытуға тың серпін берері даусыз. Нақтылай айтқанда, алдымен жылына 133 мың тонна бензол және бір жылда 496 мың тонна параксилол шығарылмақ. Сонымен бірге, осы жоба арқылы АтМӨЗ-де шығарылатын тауарлы бензиндердің сапасын Еуро-4 стандарты деңгейіне жеткізуге жол ашылады. Ал экологиялық тұрғыдан айтқанда, жанармай түрлеріндегі бензолдың мөлшері 1 пайыздан, хош иісті көмірсутектер 35 пайыздан аспайды деп толық сеніммен түсіндіреді зауыт мамандары. Бензин түрлері мен дизель құрамындағы күкірт мөлшері де, жанар-жағармайлардың қоршаған ортаға зиянды әсері де азаяды. Өйткені, Еуро-4 стандартының талабы осындай. Дизель мен авиаотын өндіру көлемі де ұлғайтылатыны көзделіп отыр. Соның ішінде дизель отынын қосымша сутегі алу есебінен молайтуға мүмкіндік бар екен.
Хош иісті көмірсутектер шығару кешенінің жобасы екі технологиялық нысан құрылысын қамтыды. Атап айтқанда, бұл катализаторды үздіксіз қалпына келтіретін катализдік риформинг қондырғысы мен бензол алу және хош иісті көмірсутектер шығару қондырғысынан тұрады. Сонымен бірге, кешен екі режімде пайдалануға болатындығымен ерекшеленеді. Яғни, алғашқысы жоғары октанды (АИ-92, АИ-95 және АИ-98) тауарлы жанармай маркаларын дайындау үшін жоғары октанды компоненттер шығарумен байланысты болса, екіншісі, мұнай-химия өнеркәсібі үшін бензол мен параксилол өнімдерін шығару.
Бензол – химиялық өнеркәсіп өнімдерінің маңызды ондығына кіреді. Әртүрлі пластмассалардың өндірісі мен синтетикалық резеңке, дәрі мен бояулар үшін бастапқы шикізат ретінде қолданылады. Бензол бастауы болатын хош иісті көмірсутектер пластмассалардың физикалық салмағында – 30, кәушіктер мен резеңкелерде – 66, синтетикалық талшықтарда 80 пайызды құрайды. Қазір бұл өнім Атырау мұнай өңдеу зауытында іске қосылған катализдік риформинг қондырғысында өндіріледі. Биыл аталған қондырғы бензолды бөліп алатын отындық баламасына көшірілді. Осының нәтижесінде зауытта бензолды бөліп алу арқылы сапасы жақсартылған әрі экологиялық таза жоғары октанды бензин өндірісі 140 мың тоннаға артты. Бензолды жоғары бағалы өнім ретінде шығару қолға алынды.
– Біздің зауытта 1000 тонна бензол шығарылды. Қазір бензол өндірудің айлық жоспары 500 тоннаны құрайды. Бұл көлем бензин құрамындағы бензолды азайтуға мүмкіндік берді. Демек, автокөліктерден шығатын улы газдар азайып, қоршағаны ортаны ластау барынша төмендейді, –дейді АтМӨЗ бас директоры Қайрат Оразбаев.
Еліміздегі жаңа индустрияландыру жобасының негізінде шығарылған бензолға Қытай мен Ресейден сұраныс байқалып отыр. Соның дәлеліндей, Ресейдің Тула облысына бензолдың алғашқы партиясы, яғни 300 тоннасы экспортқа жіберілді.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
Атырау облысы
Суретті түсірген
Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ