• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
06 Тамыз, 2016

Білім мен біліктілік биікке бастайды

232 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов кеше жұмыс бабындағы сапармен Ақмола облысына келді. Үкімет басшысы алдымен «Степ­ногор Еуропа подшипник корпорация­сы» АҚ өндірістік учаскелерін аралап, кәсіпорынның жаңа бағыттағы жұмыстарымен танысты. Одан ке­йін Степногор қаласындағы №2 индус­триялық-техникалық колледжінде жас­тармен кездесу өткізіп, дөңгелек үстел ауқымында еркін пікір өрбіді. – Мені моноқала мен оған ірге­лес ауылдар жастарының тыныс-тіршілігі қызықтырады, – деді Кәрім Қажымқанұлы. – Сіздер үшін басты мәселе мамандық алып, белсенді еңбекке араласу болып табылады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жұмысшы мамандығын алу ақысыз негізде жүр­гізіледі. Степногор қаласында «Қазақ алтын» ЖШС, Степногор Еуропа подщипник корпорациясына, Тау-кен металлургия зауытына, Тау-кен жабдықтары зауытына 4 колледж кадр даярлайды. Бүгінгі күні мұнда 1186 студент дуалды оқу жүйесіне тартылған. Қолданылып жатқан шаралар нә­ти­жесінде Ақмола облысында жастардың жұмыссыздығы 2010 жылғы 5,6 пайыздан 2015 жылы 3 пайызға төмендеді. Бұл республикалық деңгейден жоғары. Әйткенмен, ауыл жастарының мем­ле­кеттік қолдау жөніндегі ақпаратқа қол жеткізуі, тиісті кеңестер алуы, бос уақытты тиімді пайдалануы бағытында жұмысты ширата түсу қажет. Осы орайда жастар ресурстық орталықтарының қызмет ауқымын кеңейту қажет. Кездесуде Ақмола облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов хабарлама жасаса, Шортанды аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Ер­болат Жапаров,  «ЕПК-Степногор» АҚ бақылау-өлшеу құралдарының рет­теушісі Ләззат Шүкірбайқызы, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің студенті Марғұлан Тұрмашев, №2 индустриялық-техникалық колледжінің оқушысы Анастасия Семенченко Премьер-Ми­нистр көтерген мәселелерге қатысты ой­ларын ортаға салды. Премьер-Министр ҮИИД бағдар­ламасымен жемісті жұмыс атқарып келе жатқан «Қазақстанның жылыжай технологиясы» ЖШС өнімдерді дайындау мен оны өткізу ісімен танысқан соң Бурабай ауданына бағыт алды. Аудан орталығы Щучье қаласындағы «Мирас» мектеп-гимназиясында педагогтер қауымының қатысуымен білім сала­сындағы көкейкесті мәселелерден өзек тартқан кеңес өткізілді. – Елбасы білім саласына ерекше көңіл бөліп келеді, – деді Үкімет басшысы кіріспе сөзінде. – Осы бағытта көптеген жұмыстар атқарылуда. Мен бүгін еліміздегі интернаттардың жағ­дайымен танысуға арнайы келіп отырмын. Өйткені, ауыл балаларының білім сапасы көбіне осындай мектептерге байланысты. Бұдан кейін Ақмола облысы әкімінің орынбасары Н.Нұркенов пен Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің кеңейтілген хабарламалары тыңдалды. Премьер-Министр қорытынды сөзінде: «Мен республикалық мәртебесі бар мектеп-интернатта ауыл балаларымен бірге оқыдым. (Бұл мәселе «Егемен Қазақстан» газетінде көтерілген болатын – Б.А.) Сондықтан да бұл мәселе маған жақсы таныс. Осындай мектептердің дамуы біз үшін өте маңызды. Барлық оқу­шылардың 48 пайызы – ауыл мек­тебінде білім алады. Соның ішінде, 55 мыңға жуық бала мектеп-интернат­тарда оқиды. Олардың арасында дарынды балалар көп. Сондықтан, ауыл мектептеріне, ауыл балаларына жағдай жасау Елбасының басты назарында. Осы жұмыстарды атқару үшін келесі мәселелерге көңіл бөлуіміз керек. Біріншіден, ұстаздың беделін, интернат мұғалімдерінің мәртебесін көтеру – біздің негізгі міндетіміз. Екіншіден, барлық мектептерде инфрақұрылымды дамытып, ин­те­рактивті құралдар мен интернеттің болуын қамтамасыз ету қажет. Бұл үшін тиісті қаржы бөлінуде. Біз бұл жұмысты ауыл мектептерінен бастаймыз», – деді Үкімет басшысы. Сондай-ақ, ол алғашқы интерактивті құ­ралды «Мирас» ұжымына сыйға тартты. К.Мәсімов жұмыс кестесінің ты­ғыз­­дығына қарамастан «Есіл-Агро» ЖШС-нің егістік алқаптарын аралап, серік­тестіктің тауарлы-сүт фермасында болды. Үкімет басшысы сапары барысында еліміз үшін аса маңызды екі мәселені қамтыған кеңес өткізді. Осы орайда Кәрім Қажымқанұлы ЕАЭО елдерінің Үкімет басшыларына Одақ елдерінің ет-сүт өнімдеріне техникалық регламенттер дайындау мәселесін қарау жөнінде ресми түрде ұсыныс жариялап, Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовке соған сәйкес үндеу дайындауды тапсырғанын атап көрсетті. Ол отандық тауар өндіру­шілердің ауылшаруашылық өнімдерін өткізуде маңызды рөл атқармақ. «Астана айналасындағы азық-түлік белдеуін дамыту және ауыл ша­­­­руа­­шылығы өнімдерін өткізу» та­қы­­ры­бындағы мәжіліске аудан әкім­дерінің орынбасарлары, облыстық басқармалардың басшылары мен ірі тауар өндірушілер қатысты. Мұнда Ақмола облысы әкімінің орынбасары Қадырхан Отаров баяндама жасады. Астана қаласының тұрғындарын ауыл­шаруашылық өнімдерімен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында облыстың 17 ауданы белсенді жұмыс атқаруда. Бұл іспен 128 кәсіпорын айналысады. Өнімдер 28 базарда, 29 сауда үйі мен 10 сауда орталығында үздіксіз сатылуда. Ал, елорда жәрмеңкесіндегі баға 15-20 пайызға төмен. Үстіміздегі жылдың бес айында астаналықтардың дастарқанына 5,6 мың тонна ет және ет өнімдері, 74,9 миллион дана жұмыртқа жеткізілді. Бұл көрсеткіштер өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда анағұрлым көп. Биылғы жыл басында Астана қаласы мен Ақмола облысының әкімдіктері арасында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі меморандумға қол қойылуы мақсатты жұмыстың баяндылығын айқындайды. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс жеміс­сіз де емес. Мал басы барлық түлік бойынша өсіп, асылдандыру ісіне айрықша көңіл бөлінуде. Мемлекеттік регистр деректері бойынша асыл тұқымды ірі қараның саны 64,3 мың басқа жетіп отыр. Бұл іспен 30 шаруашылық тұрақты айналысуда. Осы ретте, 2010-2015 жылдары аталған шаруашылықтарға шетелдік 14 мың бас мал жеткізіліп, республикалық көрсеткіштің үштен бірін құрағанын айтуға болады. Астаналық облыстың экспорттық әлеуетінің артуын осы жағдайлармен де байланыстырған жөн. Үкімет басшысы, сондай-ақ, Бу­рабайда Щучье-Бурабай курортты аймағын дамыту мәселесі жөнінде кеңес өткізіп, онда облыс әкімі С.Кулагин бастаған құзырлы органдар өкілдерінің күн тәртібінде қаралған мәселеге қатысты есептері тыңдалды. Бүгінде мұнда курортты аймақты дамытудың бірінші және екінші кезең­дерінің жұмыстары атқарылуда. Сонымен бірге, облысқа осы тұрғыда 25 іс-шараны жүзеге асыру тапсырылған болатын. Олардың жетеуі келер жылы Астанада өтетін ЭКСПО көрмесіне қа­тысты. Қазіргі кезде аталған іс-ша­ралардың да бірнешеуі жүзеге асырылуда. – Щучье-Бурабай курортты аймағын дамыту Елбасының тұрақты назарында. Сондықтан Президент тапсырмалары тиянақты орындалуы тиіс, – деп атап өтті К.Мәсімов кеңесті қорытындылай келе. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан»