• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
06 Тамыз, 2016

Кәсiпкерлiк өндiрiсті өркендетедi

208 рет
көрсетілді

Отанымыздың қуатты экономикасының кепілі саналатын кәсіпкерлікті барынша өркендету Президент Н.Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында да тиянақталды. Елі­міз дамуы­ның жаңа қазақстан­дық жолын айқындап берген, күллі халық қызу қолдаған бұл айрықша маңызды құжаттың «Индустрияландыру және экономикалық өсім» деген бөлімінде өндірісті өрістетудің басым бағыттары белгіленді. Бизнеске дейiн мен Алматыдағы Қазақ политехникалық институтын бiтiрген соң төрт жылдай Ресейде, Красноярскiнiң алюминий комбинатында балқытушы, цех бастығының орынбасары болып жұмыс iстедiм. Негiзiнде, өндiрiсшi ретiнде сонда қалып­тастым. Кейiн елге оралып, Түркi­стан­дағы «Ремстройдормаш» зауы­тын­да балқытушыдан бас инженерге дейiн қызмет еттiм. Кеңес Одағы тарап, тәуелсіздігімізді алдық. Өндiрiс тоқтады, жекешелендіру бас­талды. Бастапқы өтпелі кезеңде бизнеске бет бұрдым. Алғашқыда автомобильмен жолаушылар тасымалдау саласында еңбек еттiм. Түркiстандағы жолаушылар тасымалдау паркiнде басшының орынбасары болдым, артынан ол мекеменi жекешелендiрдiк. Содан соң қалалық тiс емханасының жұмысын қолға алдық, кейiннен орталық автовокзалдың қызметін ұйымдастырдық. Бұл күнде ауыл шаруашылы­ғымен айналысып, бау-бақша да егеміз. Төрт түлік те бағамыз. Өзі­міздің ет комбинатымызды іске қосқанбыз. Бидай, арпа, жү­гері егістігіміз де бар. Қасиетті Түркістанның жері де бабын таба білсең, топырағы құнарлы әрі шұрайлы. Үш гектарға салынған жылыжайымызда қияр, қызанақ, болгар бұрышы, лимон, голландық раушан гүлі өсіріледі. Дария саға­сын­да табиғи түрде пайда болған көлшік­терді арнайы кеңейтіп жасаған тоғандарымызға балықтың бірнеше түрінің ша­бақтарын жібергенбіз. Жалпы, мен «Қазақстанда жасалған» деген белгімен тауар өндіруге түбе­гейлі бет бұрған кәсіпкермін. Өнім­­дерімізді түркістандықтар тұтынады, облыс тұрғындарына да, еліміздің өзге қалаларына да саудалаймыз. Бірнеше компанияларды біріктірген бизнес құрылымымызда бүгінде 500-ге жуық адам жұмыс істейді. Өндірілген отандық сапалы тауарымызды шетелге шығару арқылы әлем­­дік бәсекелестікке қатысуға мүм­кіндік аламыз. Негізі, нарықтық экономикада бiр салада жұмыс iстей отырып, iлгерi жылжу түгiлі, тұрақты табыс­ты болу қиын. Себебi, нарықтық кеңiстiкте бәсекелестiк қатты дамиды. Тек көпвекторлы бизнестi өркендету арқылы ғана пайда табуға мүмкіндік мол. Айталық, ауыл шаруашылығындағы бизнестің жағдайы көп ретте адамға тәуелсiз, табиғи факторларға көп байланысты. Қоршаған ортаның тылсым сырлары көп. Мысалы, былтырғы мамыр айында дүркiн-дүркiн сапырған құйынды желдерден, аяқ астынан жауған қардан үлкен зиян шектiк. Жеміс ағаштарын үсік ұрды. Ал бұған, керiсiнше, халыққа қызмет көр­сету саласында, жолаушыларды авто­мобильмен тасымалдауда, жылы­жайда, мал шаруашылығында және құрылыста елеулі табыс болды. Біріне кеткен шығынның орнын екіншісінен түскен пайдамен жап­тық. Бiр саламен шектелмей, тiрлiктi жан-жақты дамытқанда ғана қыр асасың. Түркістанның солтүстiк-баты­сын­да орналасқан Шорнақ, Жiбек Жолы, Сауран, Бабайқорған, Жүй­нек және Қарашық ауылдарының тұр­ғын­дары негiзiнен ауыл шаруа­шы­лы­ғы­мен шұғылданады. Сон­дықтан, бұлар­дағы өзектi мәселенiң негiзгi­сi егiн алқаптарын сумен тұрақты қам­­т­а­масыз ету болып табылады. Кеңес Одағы кезiнде бұл өңiр Арыс-Түркiстан каналы және тiк дренажды ұңғымалар арқылы егiндiк сумен толық қамтамасыз етiлетiн едi. Кейiнгi уақытта тiк дренажды ұңғымалар iстен шығып, каналдың суы егiстiк алқаптарына жетпейтiн болды. Сол себептi, түркiстандықтар үшiн толғандырып отырған күрделi мәселелердiң бүгiнде ең бастысы да бiрегейi деп егiн алқаптарын сумен жеткiлiктi мөлшерде қамтамасыз етудi айтар едiм. Оның iшiнде Арыс-Түркiстан магистральды каналының жағдайы, құрылысы да, сапасы да ойландырмай қоймайды. Бұл кезекте ұзындығы 41,7 шақырым маши­налық канал Боралдай өзенінен Қостұра су қоймасын салдыру қажеттілігі өте маңызды. Осы ка­нал­дың суын Жiбек Жолы ауыл округiне дейiн жеткiзу және канал­дағы судың көлемiн молайту жолдарын iздестiру де күн тәр­тi­­бiнде тұр. Түркiстан өңiрiндегi су қой­мала­рының жағдайлары алаң­датады. Сонымен қатар, каналдан, су қоймаларынан егiс алқаптарына тарайтын астаулардың, арықтардың, шлюздердiң жарамдылығын талдап, зерделеу қажеттiлiгi де бар. Электр энергиясы тарифтерiнiң жылдан-жылға қымбаттай түсуi, оның қызмет сапасының төмендiгi халықты қатты толғандырады. Мемлекет қара және түстi метал­лур­гияның, уран, химия өнеркәсiп­терiнiң қарышты дамуы­на қандай камқорлықпен қарап, оларға қажеттi жағдай туғызатын болса, дәл сондай көзқараспен ауыл шаруашылығына да көңiл бөлiнуi керек деп ойлаймын. Ал ендi өзiн-өзi дәлелдеген тәжiрибеге, ғылыми тұжырымға сүйенiп айтсақ, әр аумақтың ерекшелiгiне сай ауыл шаруашылығын дамыту жөнiнде мемлекеттiк бағдарламалар әр ауданда, ауылда дайындалуы керек. Бұл құжаттарда нақты межелер белгiленiп, олардың орындалуын қамтамасыз ету ауданның, қаланың бiрiншi басшысына жүктелуi тиiс. Ауыл шаруашылығы төменгi табыстағы сала екенiн де жасыруға болмас. Көбiнде ол табиғат құбы­лыс­­тарына, климат факторларына тәуелдi. Ондағы өндiрiс мер­зiмдiк, циклдық жағдайда жүредi және даму тұрғысынан алғанда өнеркәсiптен нашар. Эко­номикалық және техно­логия­лық жаңалықтарға баяу бейiм­деледi және оған салынған капи­тал­дың басқа салалармен салыстырғанда қайтарымы төмен. Сондықтан, ауыл шаруашылығына мемлекеттен бері­летін дотация көлемi жеткілікті бо­луы керек. Әрбiр ауданның, қа­ла­ның игерiп жатқан суармалы жерлерiнiң аумағына байланысты ауылшаруашылық техникалары мемлекеттiң тарапынан бөлiнуi тиiс. Статистикалық мәлiметтерге жүгiнсек, соңғы 10 жылда трактор парк­терiнде ауылшаруашылық техникалары екi есеге қысқартылды. Жүр­гiзiлген мониторингке сәйкес, қолда бар тракторлардың 90%-ы он жылдан аса пайдаланылып келе­дi. Сондықтан, әр ауылда мем­ле­кет­тiң көмегiмен МТС-тер ұйым­дас­тырылуы құба-құп. Оларда ауыл шаруа­шылығына қажеттi жаңа техникалар (тракторлар, ком­байндар) болуы, олар шаруа қожалықтарына жеңiлдетiлген жолмен қызмет жасау­лары қажет. Бүгінде шағын және орта бизнесті да­мыту экономикалық өрлеудің және әлеуметтік саяси жаңғыртудың бас­ты құралы екені ақиқатқа ай­нал­ды. Ел экономикасының қуат­­ты­лы­ғы, шын мәнінде, кәсіп­кер­ліктің қуаттылығында, ота­ндық кәсіп­орын­дардың бәсекеге қабі­леттілігі жо­ға­рылығында деп түсінуіміз керек. Қазақстандағы бизнес ұлттық эконо­миканың ілгерілеуші күшіне айналуы тиістігін Елбасымыз мем­лекет дамуының негізгі бағыт­тарының бірі ретінде ұдайы айтып та, оның орындалуын қатаң қадағалап та келеді. Біз Пре­зидентіміздің бұл қамқорлығын сезінеміз. Кәсіпкерлікпен еркін, кедер­гісіз айналысуымызға, жұ­мыс жағ­дайымызды үнемі жақ­сартып отыру­ға тұрақты жасайтын қол­дауына лайықты іспен жауап қай­таруға мін­дет­тіміз де. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпкерлермен өткіз­ген әрбір кездесуінде мемлекет кәсіп­кер­лікті дамытуға барлық қажет­ті жағ­дайды жасап отырғанын, олар ел экономикасының тірегі, ха­лық­тың әл-ауқатын одан әрі өсіру­ді қуаттандыратын ерекше күш еке­нін, сондықтан, ел сенім артқан кәсіп­керлер өз кезегінде Отанның әлеуетін арттыруда аянбауы ке­ректігін ұдайы еске салып отырады. Елбасымыздың кәсіпкерлікті үнемі қолдауының, әркімнің бизнеспен еркін айналысуына кең жол ашуының арқасында тұрмысын түзеген, отбасылық бюд­жетін еселеген, қаржылылар қатары­на қосылған азаматтар енді өзіне ғана емес, өзгеге де көмектесуге мүм­кін­дігі туған жандардың бірімін. Дегенмен, әлі де бизнесте проб­лемалар баршылық. Себебi, кәсіпкерлік елімізде әлі толық қалыптасып үлгерген жоқ. Кәсiп­керлiктi қолдау, қорғау заңы бар, бiрақ оның орындалу тетiктерi нарықтық ағысқа iле­се алмай келе жатқаны шындық. Мы­салы, екi-үш жыл бұрын Ресейден құ­рал-жабдықтар алдық, оның қосым­ша құн салығынан босататын рұқ­сат қағаздарын облыстық кеден бас­қар­­масынан алып, жұмысты бас­тап кет­тiк. Алайда, екi жылдан соң ол құ­жат­тар дұрыс емес екен деп бiзге ҚҚС-ты үстеме ақысымен төлет­тi. Сонда бiз қорғанатын заң­ның тетiк­терiн таба алмадық. Бұл күнде­лiктi кез­десiп жүрген мысалдың бiреуi ғана. Ал бизнесте алғашқы қадамын бас­тап жүргендердiң негiзгi проб­ле­малары – ресурстық база­ның жетiспеушiлiгi, яғни материал­дық-техникалық және қаржы­лық кедергiлiк. Бiз халық шаруашы­лығында жаңа секторды дүниеге алып келдiк. Егемендiкке дейiн кәсiпкерлiк деген ұғым да, сектор да жоқ едi. Кәсiпкер бiр тiрлiктi бастайын десе материалдық-техникалық базасы жоқ, ол бар болса бастапқы қаржы жетiспейдi. Банктерден несие алайын десе, кепiлдiкке қоятын мүлiк жоқ. Ал бар мүлiктi екiншi деңгейдегi банктер қабылдамайды, қабылдағанның өзiнде оның құнын еселеп төмендетедi. Жоғарыдағы статис­тикаға жүгiнсек, банк­тер несие­лердi қайтарымы тез сала­ларға жұмсайды, ал ауыл шаруа­шылығына бар-жоғы 5 пайыз ғана бөледi. Ауылдық жерлерде МТС құруға Үкімет тарапынан қаржы бөлінуі шаруа қожалықтарына көрсетілген нақты көмек болар еді. Ол МТС-тың 51 пайыз мүлкі шаруа қожалығында, 49 пайызы Үкіметтің иелігінде болуы тиіс. Елбасының бес институттық ре­фор­ма­сын жүзеге асырудың «100 нақты қадамында» атап көрсе­тілген­дей, «жоспардың негізгі мақсаты – «аурулардың сыртқы бел­гілерін» сылап-сипап қою емес, «жүйелеп емдеу» болып табыла­тын қоғам мен мемлекетті түбе­гейлі өзгертуге не­гіз қалау». Бұл қағида өз кезегінде елі­міз­дің қазіргі күрделі кезеңнен сенімді түрде өтуіне жағдай туғызатыны да кәміл. Үмбет ЖҮСІПБАЕВ, «Иассы» консорциумының президенті Оңтүстік Қазақстан облысы