Бұл жүктілікке және босануға байланысты әлеуметтік төлемдерді машақатсыз алуға көмегін тигізуде
Жүктілігіне және босануына байланысты табысынан айырылу жағдайына әлеуметтік төлемдерді есептеуге қажетті құжаттар топтамасы қысқартылды. Бұл Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бірлескен жұмысының арқасында мүмкін болып отыр. Енді, өтініш берген кезде әйелдерге соңғы 12 айға жұмыс орнынан табыстары туралы анықтама ұсыну қажет емес. Жеке куәлігін, еңбекке жарамсыздық парағы мен банктік шотын ұсыну жеткілікті. Жеке кәсіпкер деген куәлігі бар әйелдерге сондай-ақ, ЖК тіркеу туралы куәлік пен салықтары бойынша салыстырып тексеру актісі қажет болады.
«Бұрын мемлекеттік корпорацияның жұмыскерлері автоматтандырылған ақпараттық жүйеге нақты аударылған әлеуметтік аударымдарды жұмыс орнынан берілген анықтамада көрсетілген сомалармен салыстырып тексеру жүргізетін. Ал ол сәйкес болмаған жағдайда өтініш берушіге құжаттар нақтылау үшін қайтарылатын», – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы директорының орынбасары Серікқан Сабыржанов. «Бұдан былай Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін әлеуметтік төлемдер мөлшерлерін тағайындау қағидатына енгізілген өзгерістердің арқасында жүктілігіне және босануына байланысты төлемдерді тағайындау автоматтандырылған ақпараттық жүйеде қамтылған нақты аударымдар бойынша жүзеге асырылатын болады. Жүктілігіне және босануына байланысты төлемдердің мөлшері есептелген және аударылған әлеуметтік аударымдардың дұрыстығы үшін жауапкершілік арқалайтын жұмыс берушіге тікелей байланысты екендігін есте сақтау қажет», – деп түсіндірді директордың орынбасары.
Зейнетақы мен жәрдемақы есептеу жөніндегі кез келген мәселе бойынша консультацияны қазақстандықтар 1411 тегін нөміріне қоңырау шалып алуына болады.
Мемлекеттік корпорация арқылы жүктілігіне және босануына байланысты табысынан айырылу жағдайына қатысты жыл басынан бері барлығы 97,5 мың әлеуметтік төлем тағайындалды.
Назар ҚАСЫМ