• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
06 Тамыз, 2016

«Шағын несие халықтың қаржыға қолжетімділігін қамтамасыз етеді»

264 рет
көрсетілді

«Атамекен»  Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қолға алған шағын несие бағдарламасы ауылдағы өз кәсібімді ашсам деген талай жанды қуантып, жүрегінде үміт отын маздатты. Орасан көп сомада болмаса да нақты беріліп жатқан көмек қаржы алтын бесік ауылдағы ағайынның ертеңгі күнге деген сенімін нығайтып, еңсесін тіктеді. «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Нұржан ӘЛТАЕВПЕН сұхбатымыз ауыл кәсіпкерлігін қолдау бағытында жүргізіліп отырған  шағын несие беру жобасы төңірегінде өрбіді. – Нұржан Бауыржанұлы, әңгімені бірден төмен пайызды несиеге қол жеткізіп үлгерген ауыл кәсіпкерлігі мысалдарынан бастасақ... – Қанатқақты жоба ретінде бастау алған аймақтың бірі – Қызыл­орда облысындағы жағ­дайға тоқталсақ, Ұлттық кәсіп­кер­лер палатасы бүгінгі таңда жүзе­ге асырудағы тағы бір игілік­ті істің тиімділігін көреміз. Мұн­да ауылшаруашылық коопе­ра­тивінің айқын үлгісі, ортақ арнада күш қосқан қызылордалық шаруа шағын несиеге екі аптада қол жеткізді. Алғашқы жетіс­тіктер жайында айтар болсақ, қызылордалық «Жамбыл» ауыл­шаруа­шылық тұтынушылық коо­­перативі күріштің тың «Айсәуле» сұрыбын енгізумен айналысуда. «Атамекен» Ұлт­тық кәсіпкерлер палатасы бөл­ген 300 миллион теңгелік қара­жаттан алғашқы транш ретін­де 6 ай жеңілдігімен 36 ай ауқы­мында қайтаратындай 4,5 миллион теңгеге жуық қарыз сомасын алған «Жамбыл» АТК» ӨК басшысы Болатбек Рүстемов өтінішінің бұлай тез қаралып, қажетті қаражат көлемінің шап­шаң беріле қоятынын күтпегенін жасырмайды. Бүгінде іскер кәсіп иесі кепілге тұрарлық мүлік түрін әзірлеп, жалпы бол­жан­ған 10 млн. теңгенің ке­лесі қалған бөлі­гін алуға дайы­н­далуда. Кү­ріш егуге ден қой­ған 3 шаруа қожалығы бірі­гіп, көктемгі егістік жұмыс­тары­на қаржы іздеген. Екінші дең­гейлі банктер болса, ауыл­дағы ұсақ қожалықтар­ды қаржы­л­ан­дырмайды. «Жұмыс­пен қамту-2020» бағдарламасы тек жұмыссыз жүрген жан­дар­ға қол­ұшын созатыны аян. «ҚазАгро» сияқты ұйымдар құ­жат­­тарды ұзақ қарайтыны тағы белгілі. Содан «Атамекен» мен Қызыл­орда облысы әкімдігі құр­ған «Қызылорда» аймақтық ин­вес­тициялық орталығына барып, өңірлік Кәсіпкерлер палатасы мамандарының атсалысуымен екі аптаның ішінде несие қолға тиді. Жаңа күріш сұрпын егіп, 20 адамды жұмыспен қамтыды. – Сонда бұл шағын несие елдегі қалыптасқан әлеуметтік ахуалды жақсартуға да белгілі бір деңгейде септігін тигізе ме? – Басты мақсат та сол, алыс, шал­ғай елді мекендердегі отандас­тарымызды жұмыспен қамтып, қарапайым еңбек адамдарының мұң-тілегіне құлақ асу, бейнелеп айтқанда, «қолына қармақ ұстатып», өз ортасын көркейтуге жігерлендіру. Жұмыссыз сенделген, не бизнесі, не қаржысы жоқ болып тығырыққа тірелген жастар жағы да мемлекет тарапынан қамқорлықты сезінсе, кәсібін ашса, жаппай бизнеске жұмылса, қоғамды дүрліктірген келеңсіздіктер де азаяр еді. Шын­туайтына келгенде, ел экономикасы жүйе құраушы алпауыт кәсіпорындар мен ірі өн­дірістерден ғана тұрмайды ғой. Шағын және орта бизнес негіз­гі экономиканы тұрақты ұстап тұра­тын тірек. Адамның қызықты да пайдалы жұмысы яки шаруа­сы болса, түрлі ағымдарға еріп кетуге, түсініксіз тірліктермен айналысуға мұршасы да болмай қалады. Біз оларға тек қаржыны ұстата салмай, ынталы жанды алдын ала кәсіпкерлік негіздері­не оқытамыз, жеке кәсіпкерлік ашу­ға үйретеміз, жергілікті жер­лердегі мамандарымыз кәсі­би ке­ңесін аямайды. Тіпті, дайын бизнес-жоспар жасап, тәуе­келдерді бағамдап, әрдайым көмек­тесуге әзір екенімізді біл­діреміз. Жеке кәсіпкерлік тіркеген соң, салық төлеу әуре-сарсаңы, есебін сауатты толтыру, бәрін егжей-тегжейлі сараптап береміз. Бұдан ұғатыны­мыз, бағдарламаның әлеуметтік ық­палы өте зор. Қаражат тапшы ма, еліміздің барлық аймағында «Атамекеннің» 188 кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары жұ­мыс жүргізуде, осында кел, бі­рақ жауапкершілікті де сезін. Қарыз ақшаны қайтару керек мәселен. Кейбір банк сала­сын­дағыдай кепілге қоятын мүл­кін ескі, құны төмен деп мұ­рын шүйіріп қарамаймыз. Табыс әкеліп тұрған кәсіптің, тәжіри­бенің жоғын да елемеуге тырысамыз. Несие алушының өтініш­ті қанағаттандыруға лайық­тығын ауылдастарының кескін-кел­бетіне тереңінен қанық жергілікті Кәсіпкерлер кеңесі шешеді. Осы орайда ағымдағы жылы ғана «Атамекен» ҰКП аясында тұсауы кесілген Агробіліктілік орталықтары да өзге қызмет бағыттарымен үндестік табуда. Себебі, орталық өкілдері ұйым­дастыратын оқу семинарларына тәжірибелі дәріскер ғалымдар мен іс басындағы шаруалар тартылып, олар шағын бизнесін енді бастаған әріптестеріне кіріске кенелудің қыр-сырымен бөліседі. Жақын арада Ақмола облысындағы Шортанды ауданында өткен арнайы оқыту семинарына қатысып қайттым, байқағаным, фермерлер семинар­лардың қажеттілігін оң бағалап, ризалық танытуда.  – Ең бастысы, бағдарламаға қаражат қайдан бөлінді деген сауал туады көкейде... – Шарапатты жобаға «Ата­мекен» ҰКП Төралқа төр­­ағасы Тимур Құлыбаев ең бірінші болып демеушілік көр­сетіп, тың бастама көтеріп, өзге белді бизнесмендерге елге жана­шырлықтың озық өнегесін бай­қатты. «Алмэкс» компания­лар тобы бөлген жеке салымнан нөл пайызбен 1 миллиард 200 мил­лион теңге шағын несие ұйым­дары арқылы төрт об­лысқа тең бөлініп, әкімдіктер де осындай кө­лемдегі қаржы таға­йын­дады. «ЕRC» сауда үйі» ЖШС қос­қан 300 млн. теңгені де атап өт­кен абзал. «Атамекен» қос­қан 5 жылға дейінгі мерзімдегі 6-7% үстемеақы филиалдар­дағы қызметкерлердің жалақысы сияқ­ты шығындарды жабуға қа­жет. Қазіргі кезде бұл сыйақы мөл­шерлемесі коммерция­лық құры­лым­дардағыдан әлдеқай­да аз. Тегін ақша десек те қателес­песпіз. Жалпы несиелендіру қызу жүргізіліп жатқан Қызылорда, Ақтөбе, Алматы облыстарынан бөлек, Қостанай, Маңғыстау, Жамбыл облыстарын таңдадық. Жоғарыда келтіргендей, мақсат – ауылдық жерлердегі және шағын қалалардағы кәсіпкерлік қызметті дамыту, өндірісті қосымша ынталандыру жолында тиімді жүйе құру, кәсібін енді бастаған бизнесмендерге қолұшын созу. Соны­мен қатар, банк саласы назарынан тыс қалған ауылдық елді мекендер жобаларын демеу, нақты жас кәсіп иелерін оқытып, несиелеу, бизнестің орнықтылығын арттыру мұратында қызметтерді сервистік қамтамасыз ету көз­делуде. Нәтижесінде салықтық төлемдер артып, жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Шағын кәсіпкерлік санатына кіретін шаруа қожалықтары өкіл­дері, жеке кәсіпкерлер, заң­ды тұлғалар аймақтағы Кәсіп­керлерге қызмет көрсету орта­лығына немесе Кәсіпкерлер па­ла­тасына жүгінсе болады. Бұл мекемелерде жеңілдіктер, несиелік өтінімді жылжымайтын яки жылжымалы мүлікпен, жер телімімен, автокөлікпен, ауыл шаруашылығы техникасымен, белгілі бір құрал-жабдықпен қам­тамасыз ету, кепілдік, үшінші жақтың кепілгерлік етуі сынды маңызды жайттарды егжей-тегжейлі түсіндіріп, құжат жи­науға көмектеседі. – Арзан несие қаражаты неліктен тек шағын бизнеске беріледі? – «Атамекен» қолға алған шағын несиелеу бағдарламасы, қайталар болсақ, әлеуметтік маз­мұнға ие. Шағын несие халықтың қаржыға қолжетімділігін қамта­масыз етеді. «Неге шаруасы мы­ғым, ақшасы мол ірі кәсіп­орын­дармен жұмыс істей бер­мейсіңдер, шағын бизнестің әуресі көп, алып жүру қиын, ауыр ғой» деп сынағандар кез­десті. Бірақ, мұндай рөлді біреу алу керек еді. Біз соған бел бу­дық. Қазір нәтижесі анық аңға­рылуда. Әлемде шағын несиелеу кедейшілікпен күрестің тегеу­рінді тетігі ретінде кеңінен тара­ған дүние. Ең жарқын үлгісі 2006 жылы Нобель сыйлығын алған Мұхаммед Юнус аумағында Grameen Bank жүйесін құрған Бангладеш елі. АҚШ пен Еуропа құрлығында да солай, шағын несие құралының өрісі кең. – Бүгінгі таңда несиені игеруде қай аймақтар көш ілгері шықты? – Күні бүгін бизнес идеяны қаржыландыру туралы 285 өтініш түсті. Бұл жобаларға 1 млрд. 560 млн. теңге көлемінде қаражат бөлу қажет етіліп отыр. Әрбір өтініш бойынша біздің мамандарымыз сараптама жасап, лайықты жобаларға қаражат бөлу мақсатындағы жұмыстарды жүйелі атқаруда. 165 бизнес жоба бойынша нақты шешім қабылданды. 684 млн. теңге бөлініп, өсімдік шаруашы­лы­ғы, мал шаруашылығы, қыз­мет көрсету бағытындағы және нау­­байхана ашу тәрізді жоба­ларға шағын несиелеу бағдар­ла­масының қаржысы бөлініп қойды. Айталық, ақтөбелік бір аза­маттың өсімдік шаруашылығы бағытындағы жобасын жүзеге асыруда жас көшеттер, тамшылатып суару жүйесін орнату үшін 25 млн. теңге шағын несие берілді. Қызылорда облысында 20 млн. теңгеге асыл тұқымды сүтті ешкі малын өсіру, бал өндірісі, еттен жасалатын жартылай фабрикаттар өндірісін жолға қою үшін несие бөлінді. Осындай мысалдар өте көп. Елбасының ауыл шаруашы­лығындағы бизнесті дамытудағы кедергілерді жою тапсырмасына сай, «Атамекен» ҰКП бел­сенді іс-қимылдарды атқаруда. Елімізде 2 мыңнан астам ауыл шаруашылығы кооперативі тір­келген болса, 130-ның қызметін ҰКП сүйемелдеп, жандандыруда. Осы тұста қаржыға қолжетімділік, өндірісті жаңғырту, техниканы жаңарту, жаңа жұмыс орындарын құру тармақтарында шағын несие көмекке келіп, Үкіметпен де осы мәселе жөнінде тыңғылықты жұмыс істеудеміз. Тоқсан ауыз сөз­дің тобықтай түйіні, шағын несиелеу бағдарламасы – шағын да болса кәсіптің бастауы боларына сенеміз. – Әңгімеңізге рахмет. Ауыл тірлігін көркейтудегі еңбек­теріңіз өнімді болсын. Әңгімелескен Алдаберген КЕМПІРБАЕВ