Былтыр және үстіміздегі жылдың өткен мерзімінде Тимирязев аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөліміне 409 миллион теңге демеуқаржы бөлінген болатын. Өкініштісі сол, бірқатар жылпостар қомақты қаражатты жанар-жағармай, минералдық тыңайтқыштар, тұқым, гербицидтер сатып алу, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту мақсатына бағыттаудың орнына заңсыз жолмен жұмсап келген. Аудандық прокуратура демеуқаржы бойынша тексеру жүргізіп, «Герань» фермерлік шаруашылығының жетекшісі А.Первышиннің алаяқтығын әшкереледі. Ол екі жылда 1 миллион 720 мың теңге қаржы ала тұра 25 ірі қара малын кем жаздыртқан. Сөйтіп, 450 мың теңгені қалтасына басқан. Пысықай кәсіпкердің 2014 жылы да осындай қадамға барғаны белгілі болды. Өйткені, жергілікті ветеринарлық станса мекемесінің жұмысын тексеру барысында демеуқаржы көмегімен сатып алынды деген ондаған бас ірі қара жоқ болып шыққан.
Гүлмайра КЕНЖЕБОЛАТОВА,
облыстық прокуратураның бас маманы
Солтүстік Қазақстан облысы