Бұл күндері қазақстандық журналистерден құралған делегацияның Қытай еліндегі сапары жалғасуда. Он күнге созылатын саяхат дамудың даңғыл жолына түскен осынау елдің оңтүстік провинцияларын қамтиды.
Сонымен, жүрдек пойызбен жүйткіп отырып, Хэнань өлкесін артқа тастап, Хубей провинциясына келіп жеттік. Бейжің мен Чженчжоу, одан кейін Чженчжоу мен Ухань қалаларының арасындағы 1200 шақырымды бес жарым сағатта жүріп өткен жолдарда біз сияқты бөгде елден келген адамдардың көзіне бірден түсетіні бітпейтін де қоймайтын егістік алаңдары. Мың шақырымдық жолдың бойында көкөніс егілмеген, өңделмеген қарыс қадам жоқ. Қолдан өсірілген ормандар, жүгері алқаптары, қысқасы, өсімдік пен тал дарақтардың түр түрінен көз сүріне отырып, Ухань қаласына да келіп жеттік.
Уақыттың қадірін білетін ханзу халқы біздің бір минутымызды да зая кетірмей, қонақүйге жайғастырған бойда, бірден Ухань университетіне алып келді.
Ухань университеті Қытайдағы ең әдемі оқу орны саналады. Кеш батып кетті демей-ақ бізді аталмыш оқу орнының өкілдері жылыұшырай қарсы алып, жан-жақты ақпар берді.
Қытайдың осынау мақтаулы университеті мұнда 1989-1991 жылдары Қазақстанның қазіргі Үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімовтің оқығанын мақтаныш тұтады.
Үлкен аумақты алып жатқан Хубей провинциясында судағы және құрғақтағы транспорттық тасымал үлкен маңызға ие.
Әлемде ұзындығы жағынан үшінші орын алатын Қытайды асырап отырған Янцзы өзенінде орналасқан халықаралық порттар күн сайын, сәт сайын тонналаған тауарларды Қытай – Еуропа бағытына алып шығады.
Қай жағынан алып қарасаң да бұл провинцияда құрғақтағы көлік тасымалы болсын, пойыз жолдар, тағысын-тағы Хубей өлкесінде тоғысып барып, тарқайды.
Қытайдың төрт тарабын жалғастырып отырған Ухань қаласы озық технологияларымен де дараланатындықтан, бұл қаладағы іссапарлар коммуникциялық технологиялардың дамуына арналды.
Бірінші кезекте 1974 жылы құрылған, оптикалық талшықтар шығаратын «Fiber Home Technologies» компаниясына келдік. Ақпараттық технологиялар заманында оптикалық талшықтың қолданылмайтын жері жоқ. 23 мың қызметкері бар компанияның табысы 5 миллиард юаньға жеткен. Бастапқыда қатардағы ғылыми-зерттеу институты болған компанияның бүгінгі табысы айтуға тұрарлық.
Ухань қаласында біріне бірі әрі әріптес әрі бәсекелес екі компания болса, соның бірі оптикалық талшық жасайтын «YOFC» компаниясы. Аталмыш компания өз саласы бойынша Қытайдағы бірінші, әлемдегі екінші орында. Әлемді Қытаймен оптикалық талшық арқылы жалғап отырған компанияға келгенге дейін Ухань қаласының «Силикон» алқабында да болдық.
Фантастикалық киноға кіріп кеткендей әсер қалдырған озық технологиялар көрмесі бізді көп ойға қалдырғаны ақиқат...
Халқының жартысы қалаларда тұратын Хубейдегі кезекті нысан «Қытай инженерлік құрылыс компаниясына» қарасты «Үшінші басқармасына» келдік. Егер әлемде 500 ірі құрылыс компаниясы болса, ол 27-орында тұр. Бұл нысанға арнайы атбасын тіреуіміздің де өзіндік мәні бар. Аталмыш құрылыс компаниясы әлемдегі ең биік ғимараттың бірін тұрғызып жатыр екен. Қазір 120 қабаттық құрылыс бел ортасына келген. Біздің журналистер қазірдің өзінде төбесінен төменге көз салсаң бас айналатын нысанның үстіне құрылыс лифтімен көтеріліп, Ухань қаласының бүкіл сұлулығын тамашалады.
«Нюти» деп аталатын әкімшілік, бизнес және сауда-саттық орталығы болатын бұл ғимарат қарапайым қала тұрғындары үшін қымбатқа түспек. Сондықтан, мұнда тұрғын пәтерлері жоспарланбаған.
Ендігі бағыт қытайлықтар Юй деп атайтын Чунсин қаласы. Онда да бізді тығыз бағдарлама, қызықты кездесулер мен әзірге беймәлім ақпараттар күтіп тұр.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан» – Уханьнан (Қытай)