[caption id="attachment_54922" align="aligncenter" width="560"] inform.kz[/caption]
Премьер-Министр Кәрім Мәсімов жұмыс сапарымен Павлодар облысында болып, аймақтағы агроөнеркәсіп кешені инфрақұрылымының даму барысымен танысты.
Pm.kz-тің мәліметі бойынша, Үкімет басшысы өңірге жұмыс сапары барысында «Пахарь» шаруа қожалығы ЖШС агроқалашығында болған. Қожалық жетекшісі Руслан Аушев Премьер-Министрге «Суару және мал шаруашылығы кешеніне қызмет көрсету мақсатында агроқалашық пен өнеркәсіптік тұрғын үй кешенін салу» инвестициялық жобасының іске асырылу барысы туралы баяндады.
Жоба барысында 1200 бас ірі қараға шақталған сүт-тауар фермасы, 5000 бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңы салынады. Мұнда суармалы егін шаруашылығы алқабы үшін жалпы көлемі 9200 гектарды құрайтын танап берілген.
Жүзеге асырылып жатқан жоба облыстағы ғана емес, республика аумағындағы шаруашылықтарды сапалы тұқымдық материалмен, ет бағытындағы «Ангус» асыл тұқымды ірі қара малымен және «Голштин-Фриз» атты сүтті бағыттағы сиыр тұқымымен қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, бордақылау алаңдарын ашу «премиум класты» ірі қара етін Қазақстан мен Кеден одағы елдері нарығында қолайлы бағамен мол көлемде ұсынуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ агроқалашық базасында жоғары оқу орындарының түлектері мен студенттерінің тәжірибеден өтіп тұрулары үшін Ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының осындағы бөлімінде ғылыми алаң ашу қарастырылып жатыр.
Айдар ӨРІСБАЕВ