• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
09 Тамыз, 2016

Өңірдің өзекті мәселелері талқыланды

319 рет
көрсетілді

Сенбі күні Павлодар облысына жұмыс сапарымен барған Премьер-Министр Кәрім Мәсімов өңірдің негізгі өндірістік нысандарының жұмысымен танысып, агроөнеркәсіп саласындағы өзекті жайттарды талқылады. Сондай-ақ, өңірдегі жастардың проблемаларына да назар аударды. Pm.kz-тің хабарлауынша, Үкімет басшысы Павлодар мұнай-химия зауытын жаңғырту бағдарламасының жүзеге асырылу барысымен,  мұнайды алғашқы қайта өңдеуден өткізетін қондырғының жұмысымен танысып, мазутты терең өңдеу бо­йынша бірегей кешендерді қарап шықты.  Индустрияландыру картасы аясында жүзеге асырылып жатқан ПМХЗ жаңғырту жобасы отандық мұнай өңдеу зауыттарын қайта жөндеуден өткізу жөніндегі үкімет бағдарламасына енген. Жаңғыртудан өткен соң зауыт мұнай өңдеу тереңдігін 90%-дан асырып, жылына 7,5 млн. тонна мұнайды қайта өңдеуге және Еуро-4 стандартына сәйкес өнім шығаруға  қол жеткізуі тиіс. Сондай-ақ, Премьер-Министр сапар аясында көмір өнеркәсібін дамыту жөнінде кеңес өткізді. Көмір қоры жағынан Қазақстан әлемдегі көшбасшы елдер ондығына енеді. Қазақстан аумағында 400-ден астам кен орны бар, көмірдің жалпы қоры 150 млрд. тонна деп бағаланған. Қазіргі көмір өндірісінің дең­гейімен шамалағанда, көмір қоры 300 жылдан астам уақытқа жетеді екен. Дегенмен, бұл салада да түрлі түйткілді мәселелер бар. К.Мәсімов жұмыс тобын құрып, өзекті мәселелерді қысқа мерзімде шешуді тапсырды. Үкімет басшысы өңірдің ауыл шаруашылығы мәселелеріне де көңіл бөліп, кеңес өткізді. Бұл ретте, ол тұрғындарды сапалы ауыз сумен жабдықтау мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Соған орай, жағдайды түзеу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігіне, Ұлттық экономика министрлігіне және облыс әкімдігіне бірқатар тапсырма берілді. Премьер-Министр жастармен де кездесті. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасын жүзеге асыруда жаңа бағытты енгізу, «Start-Up» арқылы жастар кәсіпкерлігін дамы­ту және өз бетінше шетелдік ЖОО-ларда оқып жүрген жастарды жұмысқа орналастыру мәселелері жан-жақты талқыланды. Жастар жағы да түрлі ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды. «Егемен-ақпарат»