• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
09 Тамыз, 2016

Сұңғыланың пайымдары

227 рет
көрсетілді

Кезінде АҚШ-тың отыз тоғызыншы Президенті Джим­ми Картердің Ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі кеңесшісі болған, сол сияқты, осы алпауыт мемлекеттің сыртқы сая­са­тының сұңғыла сарапшысы әрі күні бүгінге дейін аттан түспей келе жатқан идеологы Збигнев Бзежинскийдің «Стратегиялық көзқарас: Америка және әлемдік биліктің дағдарысы» («Strategic Vision: America and the Crisis of Global Power») атты монография­сы 2013 жылы жарыққа шыққан бойда,  «New York Times» газеті оны ең таңдамалы туындылар санатына қосқан болатын. Сондай-ақ, белгілі сыншы әрі Пулитцер сыйлығының иегері Мичико Какутани аталмыш кітаптың авторы туралы: «Әлемнің грави­та­циялық өзегінің Батыстан Шығысқа қарай ойыса бастаған дәл бүгінгідей шешуші сәтін,  құра­лайды көзге атқан мергендей, уәлі де өткір тілімен дөп басқан», – деп лебіз білдірсе, АҚШ-тың 2006-2011 жылдар аралығындағы қорғаныс  министрі – Роберт Гейтс  жаңа туындыға берген өз баға­сын былайша түйіндепті: «Аса қажетті әрі дер кезінде соғыл­ған ұйқыашар қоңырау. Егер Америка қордаланып қал­ған ішкі дағдарыстарын сәтті ауыздықтай алмаса, оның халық­аралық салдарының  қайда апарып соқтыратыны тура­лы тұшымды сараптама жатыр мұнда... Әдеттегідей, оқыр­манын бірден үйіріп әкететін Бзежинский ұсынып отырған бұл ойлы кітапты міндетті түрде оқу  парыз». Айтса айтқандай-ақ, өз туындысында З.Бзежинский бүгінгі таңда әлем мемлекеттерінің бір-бірімен тығыз байланысты және бір-біріне өте тәуелді екенін тілге тиек ете отырып,  планета бетіндегі адамзат үшін, ең көкейкесті мәселе  заманауи сын-қатерлерден қалай аман қалудың амалдарын іздестіру болып отырғанын көл­денең тартады. Сонымен қатар, З.Бзежинский, әдетте, ақпа­рат құралдарының назарынан бір сәт те тыс қалмайтын халық­аралық жаңжалдар мен қарулы қақтығыстардың қазіргі кезде тасада қалып қоя беретініне де назар аударады. Автордың пікірінше, қара бұлттай төніп келе жат­қан экологиялық, климат­тық, әлеу­меттік-экономика­лық, азық-түліктік және демогра­фиялық сын-қатерлердің алдын алуға немесе оларды болдырмауға бағытталған түбегейлі шараларды, әзірше, алпауыт мемлекеттер қолға ала қойған жоқ. Олай болса, дәл қазір геосаяси тұрақтылыққа қол жеткізу де мүмкін емес. Ал геосаяси тұрақтылық болмаған жерде жаһандық ықпалдастық шара­лардың толық іске асуының  да екіталай екені көкейге қоным­ды түйінделген. Сонымен қатар, автор жа­һан­дық билік векторының өзгеруі мен саяси сілкіністердің күшеюі бүгінгі халықаралық жағдайдың өте жылдам шиеле­ні­суіне тікелей түрткі болып отырғанын жасырмайды. Мы­салы, Қытайдың ықпалы өс­кен сайын ол мемлекет пен Ресей, Индия немесе Бра­зилия тараптарының арасын­да табиғи ресурстар мен қауіп­сіздікке немесе экономи­калық басымдықтарға бағытталған сайыстардың үдей түсетініне және мұның салдары болашақта орын алатын сын-қатерлер мен шиеленістерге ұрындыратынына да шек келтірмейді және мұндай іс-әрекеттер, өз кезегінде, Америка Құрама Штаттарын да өзге мемлекеттермен ықпалдасуға немесе тиімді геосаяси әріптестік орнатуға итермелейтінін көлденең тартады. Жоғарыда аталған мәсе­ле­лерді жан-жақты зерделей отырып, аталмыш туындысында З.Бзе­жинский бүгінгі Америка мен жаһандық биліктің дағда­рысына қатысты төрт көкей­кесті сауалды көлденең тартады. Біріншіден, автор жаһандық биліктің өзгеріске ұшырап, Батыстан Шығысқа қарай ойы­суы­ның себебін қалай түсінді­руге болады және бұл үдеріске қа­лыптасып отырған жаңа әлем­дік болмыс пен адамзаттың оя­нып келе жатқан саяси бел­сен­ділігінің қандай ықпалы бар? Екіншіден, Американың бұрынғы тартымдылығы неге бәсеңдеп келеді және оның халық­аралық аренадағы құлды­рауының басты белгілері қандай? Сонымен қатар, бейбіт­ші­лікпен аяқталған қырғи-қабақ соғыстың нәтижесінде қол жет­кізген жаһандық мүмкіндік­терінен АҚШ қалайша айырылып қалды? Ендігі жерде Амери­каны қайта серпілтетін күш қан­дай болмақ? Сосын, АҚШ-қа бұрынғы әлемдік басым­дығын қайта қалпына кел­­тіру үшін, ендігі жерде қан­дай гео­саяси бағыт ұстану керек деген секілді көкейкесті мәселе­лерді  де автор айналып өтпейді. Үшіншіден, егер Америка құлдырап, өзінің жаһандық басымдығы мен билігінен мүл­де айырылып қалатын болса, мұның геосаяси салдары қандай болады және мұн­дай құлдыраудың тікелей құрбандары кімдер болмақ? Сосын, бұл сын-қатерлердің жиырма бірінші ғасырдағы жалпыпланеталық мәселелерге тигізетін ықпалы қандай болады? Сондай-ақ, автор 2025 жылға қарай әлемдік аренадағы Америкаға тән басымдық сипатқа Қытай ие бола ала ма деген риторикалық сұрақтардың жауабын да қоса іздейді. Төртіншіден, 2025 жылдан әрмен қарай қайта түлеуге мүдделі Америка өзінің ұзақмерзімді геосаяси нысаналарын қалай айқындауы керек және өзінің дәстүрлі еуропалық одақтастарымен қанаттаса отырып, бұрынғыдан да зор әрі қуатты Батысты қалыптастыру мақсатында АҚШ Ресей мен Түркияны ішке тартудың тиімді жолдарын қалай үйлестіре алады? Сонымен қатар, Аме­рика өзінің Шығыстағы қос мүд­десінің арасындағы тепе-теңдікті бұ­зып алмай, бір қалыпты ұстау­ға қалай қол жеткізе алады? Оның біріншісі Қытаймен ықпал­дасуға бағыт­талған мүдде болса, екіншісі Азия­дағы Аме­риканың конструк­тивті рөлінің тек Қытай­мен ғана шектеліп қалмау­ын және ең бастысы, Азия кеңіс­тігіндегі қауіпті шиеленістер мен қақтығыстарға арандап қалмаудың амалдарын  мұқият ойластыру болып табылады. Аталмыш сауалдардың жа­уабын іздестіру барысында автор АҚШ-тың таяу болашақтағы рөлі әлі де болса салмақты болатынына сенімді екенін жасырмайды. Солай бола тұрғанмен, бүкіләлемдік геосаяси тартылыс осінің Батыстан Шығысқа қарай жылжитынын да жадынан шығармайды. Сон­дықтан да болар, жаңа Шығыс­пен жаһандық байланыс орна­татын жаңа Американың эконо­микалық тұрғыдан қуатты, әлеуметтік тұрғыдан тартымды, жауапкершілік тұрғысынан пәрменді, стратегиялық тұр­ғыдан сақ, халықаралық тұр­ғы­дан абыройлы және тарихи тұрғыдан өнегелі болуын көк­сейді және олай болмаған жағ­дайда алпауыт елдің діттеген мақсатына жетуінің мүлде оңай болмайтынын да ашық айтады. Алдына жоғарыдағыдай іргелі мақсаттар қойған Американың бүгінгі жай-күйі қандай деген көкейкесті сұрақ та туынды авторын мазалайтыны айқын көрініп тұр. Бұл мәселеге келгенде де З.Бзежинский өз ойын бүгіп қалмайды. Ащы шындықтың бетін айқара ашып тастайды. Мұның дәлелі соңғы сауалға берілген жауаптан анық байқалады. Мәселен, автордың  пікірінше, Американың бүгінгі болмысы мен көңіл-күйі мәз емес. Өйткені, тарихи тұрғыдан келгенде, Американың құлдыраудан қашып құтыла алмайтын  нышанды сипаттары баршылық. Алайда, бөрі арығын білдірмес, сыртқа жүнін қампайтар демекші, автор әлгіндей  сипаттардың жаңалық емес екенін ескерте келіп, пессимизмге  бой алдырмауға  жөн сілтейді. Әділ АХМЕТОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері