• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
09 Тамыз, 2016

«Өз үйім» – өлең төсегім!

730 рет
көрсетілді

Оңтүстік Қазақстан облысы мен «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойғаннан кейін таяудағы болашақта  шымкенттіктердің жайлы баспаналарға ие болу мүмкіндігі туады. Бұл маңызды құжатқа облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов пен «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов қол қойды. Ынтымақтастық туралы меморандум «Нұрлы Жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылмақ. Енді Оңтүстік Қазақстанда тұрғын үй мәселесін шешу бойынша қаржы институты мен жергілікті атқарушы органның жұмысы белсенді бола түседі. Б.Атамқұлов қол қою барысында атап өткеніндей, Оңтүстік Қазақстан облысы еліміздегі ең көп халық тұратын өңірлердің бірі болып саналады. Сондықтан да, мұнда тұрғын үй мәселесі өткір күйінде тұр. Облыста тұтас­тай алғанда мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу кезегін­де 34 мың азамат тұр, ал Шым­кент қаласында үй алуға 20 мың­нан астам тұрғын тіркелген. Соған қарамастан облыс тұрғын үйді іске қосу бойынша алдың­ғы қатарда. Жақында Түркістан қал­а­сында жаңа шағын аудан бой көтермек. Сарыағашта көп қа­батты үйлер салуға жер телімдері бөлінген. Мақтаарал ауданында да үй салу мәселесі шешілуде. Он­да негізінен халық тығыз орна­лас­қан. Сонымен бірге, Ленгір және Шар­дара қалаларында да баспа­наға қажеттілік артып тұр. Бадам ауы­лында екі индустриялық аймақ салынуда. Өнеркәсіп орындарын мамандармен қамтамасыз ету үшін тұрғын үй мәселесін де ше­шу ойластырылып отыр. Арыс қа­ласында үй салуға жаңа алаң­дар бөлініп, Кентау мен Түлкі­бас­та инфрақұрылым құрылуда. Мем­лекет басшысы Шымкент қаласы­ның халқын бір миллион адамға жеткізу тапсырмасын қойғаны белгілі. Соған орай соңғы кезде Шым­қалада құрылыс қарқыны өте жоғары. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі­мен ынтымақтастық қала және облыс басшылығы үшін тұр­ғын үй қорын арттыру үрдісін же­делдетуге мүмкіндік беретін маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Оңтүстік Қазақстан облысында бірқатар тұрғын үй бағдарламаларын жүзеге асырады. Мәселен, 460 пәтерлік 11 тұрғын үй құрылысын салуды ұйғарған. Бұл баспана Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ОҚО бо­йынша департаменті мен прокуратура қызметкерлеріне қолжетімді бағамен ұсынылады. А.Жұмағұлов мұндай ынтымақтастық өте тиімді болатындығын атап өтті. Осындай тетікті банк алдағы кезде еліміздің барлық өңірлеріне таратуды ниеттеніп отыр. «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-тың Оңтүстік Қазақстан облысындағы  филиалы 2005 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде мемлекеттік бағдарлама аясында жалпы алаңы 256,6 мың шаршы метр болатын 3 227 пәтерлік 126 тұрғын үй пайдалануға берілді. «Өзіңіз білетіндей, үстіміздегі жылдың басында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің тиімділігін атап өтіп, несиелік баспана құрылысына қосымша 149 миллиард теңге бөлуді тапсырған болатын. Қаржы қазірдің өзінде өңірлерге бөлінуде. Біз өз салымшыларымыздың арасында салынған үйлерді сатып, әр екі жыл сайын қаржы айналымын қамтамасыз етеміз», – деп түсіндірді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Басқармасы төрағасы Айбатыр Жұмағұлов. Оңтүстік Қазақстанда Ұлттық қордан жергілікті атқарушы органдардың желілері бойынша несиелік баспана құрылысына 4,4 млрд. теңге бөлінді. Бұл қаржыға 558 пәтерлік 11 үй тұрғызылады. Тұрғын үйдің жалпы алаңы 31,5 мың шаршы метрді құрайды. Банк салымшыларына 1 шаршы метр үшін 140 000 теңге бағамен сатылады. Өз кезегінде «Бәйтерек девелопмент» АҚ желісімен 432 пәтерлік 6 үй тұрғызылады, олардың жалпы көлемі 25 мың шаршы метр­ден астам болады. Бұл тұрғын үйді әлеуетті қоныстанушылар 1 шаршы метр үшін 180 мың теңге бағамен сатып алады. – 2016-2017 жылдары біздің алдымызда Қазақстан бойынша 691 мың шаршы метр баспана салу міндеті тұр, – деді меморандумға қол қойғаннан кейінгі өткен баспасөз мәслихатында «Бәйтерек девелопмент» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Әділбек Ысқақ. – Жыл соңына дейін біз 207 мың шаршы метр баспананы пайдалануға беруді жос­пар­лап қойдық. Оның ішінде 110 мың шаршы метрі Тұрғын үй құры­лыс жинақ банкінің салымшы­ларына арналған. Ал 97 мың шаршы метрі жалға беріледі. Ол жергілікті атқарушы органдардың тізімдеріне сай кезекте тұрған­дарға бөлінеді. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жаңа салымшыларды тарту үшін биыл Түркістанда және Сарыағашта өзінің өкілдіктерін ашуды ұйғарып отыр. Соның арқасында аталған аудандардың тұрғындары облыс орталығына бармай-ақ өздерінің тұрғылықты жерлерінде тікелей құжаттарын рәсімдей алады. Мұндай фи­лиал Жетісайда ашылып, өзінің тиімділігін көрсетті. 2016 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Оңтүстік Қазақстан облысында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің 37 777 салымшысы тіркелген. Олардың жинақтарының жалпы көлемі 19,2 млрд. теңгені құрайды. Банктің өңірдегі несиелік қоржыны 12,5 млрд. теңгеге жетті. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің көмегімен баспана мәселесін шешуге тілек білдірушілердің саны Шымкентте өсе түсуде. Салымшыларды тартуды белсендіру қаланың жаңа әкімшілік-тұрғын үй ауданы – «Шымкент сити» жобасын жүзеге асыруға қаржы институтын қатыстыру ықпал етеді. Аудан заманауи инфрақұрылымымен, тұруға қолайлы жағдаймен және бизнес жүргізуге байланыс­ты ерек­шеленбек. Сондай-ақ, қала салу мен сәулет өнерінің ең жоға­ры стандартына сәйкес келеді. Жоба 2020 жылға дейін Шым­кент қа­ласын дамытудың тұжырым­да­масы шеңберінде іске асырылады. «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Бас­қарма төрағасы А.Жұмағұлов «Өз үйім» бағдарламасы аясында мұнда салынған тұрғын үйді сатуды жоспарлап отырғанын хабарлады. Сөйтіп, Шымкентте қала әкімдігі және Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ынтымақтастық туралы тиісті меморандумға қол қойғаннан кейін жобаның бас­талуына жол ашылды. «Өз үйім» бағдарламасы банк салым­шыларының пәтерлерді алуына толық жағдай жасалуы­мен тар­тымды болатындығы қуантады. Сонымен бірге, олар валюта ба­ғамына қарамастан төмен бағамен тұрғын үй сатып алу мүмкіндігіне ие болады. Бағдарламаға банктің кез келген клиенті қатыса алады. Бірақ, бірінші кезекте баспананы иелігінде жылжымайтын мүлкі жоқ салымшылар сатып алуға құқылы. Марат АҚҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»