Елбасымыздың тапсырмасы бойынша биыл еліміздің барлық өңірлерінде қоғамдық кеңестер құрылды. Кеңес құрамына әртүрлі сала мамандары, үкіметтік емес ұйым өкілдері кірген. Бүгінге дейін Семейде кеңестің екі отырысы өтті. Алғашқы отырыс жерге қатысты болғандықтан, онда жерді өңдеп, жөнімен пайдалану мәселесі қарастырылды. Екінші отырыс та жер туралы болды, бірақ, қала ішіндегі жерді қолдану жайы қозғалды. Семей қалалық соғыс және еңбек, Қарулы Күштер ардагерлері кеңесінің төрағасы, қоғамдық кеңес мүшесі Амантай Доғалақовтың айтуынша, алдағы отырыста қаралатын мәселелер қаланы абаттандыруға қатысты болмақ. Себебі кеңес мүшелерін Жеңіс саябағының биыл көгалдандырылмауы алаңдатып отыр. Гүл егілетін жерлерді шөп басқан. Ал вокзал маңындағы Қабанбай батыр ескерткіші аянышты халде.
– Қаланың ішінде архитектура жағынан талапқа сай емес әрі бұрынғы қалпы бұзылған нәрселер өте көп, – дейді Семей қалалық соғыс және еңбек, Қарулы Күштер ардагерлері кеңесінің төрағасы, қоғамдық кеңес мүшесі Амантай Доғалақов, жерді қалай болса солай алған. Бас жоспарға қарамай, қызыл сызықтан өтіп кеткен. Бұлардың барлығын, міне, қоғамдық кеңесте қарастырып жатырмыз. Жиынымызға үнемі сәулет, қала құрылысы бөлімі мен Жер комитетінен өкілдер қатысып, тыңдап отырады. Бұларға қоғамдық кеңес атынан өз пікірімізді айтып жатырмыз. Келешекте жұмыстарын жақсартып, жандандырғандары жөн. Жеңіс саябағына күтім керек. Мұнда жыл сайын жазғытұрым 9 мамырға таман қызғалдақ өсіп тұрушы еді, биыл отырғызылмады. Сосын қаладағы орталық теміржол вокзалы алдындағы Қабанбай батыр ескерткіші қараусыз қалды. Маңайы қоқысқа толып, тұғырының сылағы түсіп қалған. Айналасындағы шөп қурап, шашылып жатыр, ұят. Вокзалға небір адамдар келіп-кетіп жатады. Тіпті, мына көрші Ресейден де келетіндер бар. Қабанбай батыр ескерткіші жөнделсе, күтімге алынса деп бірнеше мәрте айттық. Жеке кәсіпкерлер қолдау көрсетіп жіберсе шешілетін шаруа ғой.
Қоғамдық кеңестің иығына артылған жүк ауыр болып тұр. Басты мақсаттары әлеуметтік жағдайды жақсартып, экономиканы, экологияны қуаттандыруға бағытталған. Сондықтан ескерткіш күтімі сияқты мәселелерді бюджеттің қоржынына телміртпей, жеке кәсіпкерлердің демеушілік көмектері арқылы шешсе деген ұсыныстарын айтып отыр.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА
СЕМЕЙ