• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
09 Тамыз, 2016

Сот алдына бармай-ақ...

295 рет
көрсетілді

Алматы қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдігі республикалық «Медиация күні» акциясы аясында қала жұртшылығын түрлі түйткілді мәселелерге қатысты «Ашық есік» форматында қабылдады. Достық үйі жанынан ашыл­ған медиация кабинетінің бітім­гершілік қызметіне және заңдық кеңес алуға жүгінген кісілердің дені отбасылық, әлеуметтік және көршілер арасында болатын түсініспеушілік мәселелері бойынша келген екен. Әрине, қоғам болғаннан кейін мүлікке және т.б. қатысты келіспеушілік секілді жағдайлар азаматтар арасында жиі туындап отыратыны рас. Қазақстан халқы Ассамблеясының заңгерлері тұрғындарға заңдық кеңес берумен қатар, мәселені ушық­тырмай, қос тарап үшін де пайдалы шешілуіне ықпал жасау­дың тиімділігін түсіндірді. Елімізде «Медиация туралы» Заң қабылданып, оның көмегімен көптеген шағын және орташа дәрежедегі қылмыстық істер, азаматтық, еңбек дауы, отбасылық және өзара құқықтық қатынастарға байланысты жекелеген істер өз шешімін тауып келе жатқанына да 5 жылдың жүзі болды. Шағымданушы азаматтар мен заңды тұлғалар медиа­цияға белсенді түрде жү­гінуінің арқасында сот жүйесіне түсетін ауыртпалық жеңілдеп, түрлі деңгейдегі істердің тыңғылықты шешім табу сапасы анағұрлым артатынын осы уақыт аралығындағы тәжірибе көрсетіп отыр. Қазақстанда «Медиация туралы» Заң 2011 жылдың 5 тамызында күшіне енген болатын. Бұл заң медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеп, оны жүргізу қағидаттары мен рәсімін, сондай-ақ, медиа­тордың мәртебесін айқындап берді. Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ