Қытайдың Гуанси-Чжуан автономиялық провинциясындағы бір ауылда ең шашы ұзын қыздар тұрады екен. Бұл ауылдағы бойжеткендердің шашының ұзындығы шамамен 2 метрдей болады.
Ауылды мекендейтін яо тайпасында ұзын шаш мол байлық пен ұзақ ғұмырдың символы саналады. Сол себепті, қыз балалардың шашын дүниеге келген күннен бастап өсіре бастайды. Бұл жақта шашы қысқа қыздар көріксіз саналады.
– Біз шашымызды туған күнімізден бастап өсірдік. Жасымыз 18-ге толғаннан кейін ғана арнайы кәмелетке толу рәсімін өткізіп, шашымызды қиямыз. Яғни, бұл қыздардың бойжеткенін, енді тұрмысқа шығуға дайын екенін білдіреді. Осы рәсімнен кейін бойжеткендер көп ұзамай тұрмыс құра бастайды. Біздің ауылда шашы қиылған қыз көрсеңіз, олар тұрмысқа шыққан, отбасылы деген сөз, – дейді жергілікті бір бойжеткен.
Бұл ауылға келетін туристердің де қарасы қалың. Жыл сайын қолаң шашты қыздарды бір көру үшін ауылға 300 мыңнан астам адам келеді екен.
Нұртөре САМАРХАН