Жастарды сыбайлас жемқорлыққа баулығанды естіп пе едіңіз? Естімесеңіз айтайық, Атырауда осындай дәстүр пайда болды. Мәселен, жеке нотариус К.Хайруллин өзінен тәлім-тәрбие алуға келген жас маманды нотариаттық қызметпен айналысудың қыр-сырына қанықтыруды емес, керісінше, жемқорлық істерге баулыпты. Олай дейтініміз, қу құлқынының қамын күйттеген жеке нотариус әділет департаментінің лауазымды тұлғаларынан нотариустың лицензиясын алып беруге көмектесетінін емеурінмен білдірген. Осы көмегі үшін жас маманнан 20 000 АҚШ долларын талап етіпті. Алайда, қалай исе, солай бой түзейтін жас шыбық кейпіндегі жасбуынның өкілі бұған көне қоймапты. Сөйтіп, жеке нотариустың заңға қайшы келетін теріс әрекетін әшкерелеп, сыбайлас жемқорлықтың жолын кесетін арнаулы қызмет өкілдеріне арызданыпты.
Артынша жеке нотариус өзінің қызметтік кабинетінде 10 000 АҚШ долларын алу кезінде қолға түсті. Алаяқтық және пара беруге арандатушылық айыбымен кінәлі деп танылған ол 5 жыл мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Айтқандай, енді ол өмір бойына нотариаттық қызметпен айналыспайтын болды.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ