Футболдан азулы Аргентина құрама командасының шабуылшысы Гонсало Игуаин жақында Италиядағы Неаполь қаласының «Наполи» командасынан Туриннің «Ювентусына» өткен болатын. «Ювентус» басшылығы оны сатып алу үшін 90 млн. еуро жұмсады. Бұл хабар Неаполь футбол сүйер қауымын қатты қапаландырды. Себебі, осы маусымда 36 гол соғып, Италия чемпионатының үздік сұрмергені атанған аргентиналық жергілікті «Наполи» командасын «скудеттоның» екінші орнына бір-ақ шығарған болатын. Одан бөлек, Игуаин «Наполи» сапында 2013/2014-футбол маусымында Италия кубогы мен суперкубогына қол жеткізген.
Осылайша, «Наполи» командасын өгіздей өрге сүйреп, жергілікті жұрттың қаһарманы атанған әйгілі футболшы Туриннің «Ювентусына» ауысып, бір-ақ сәтте «халық жауына» айналып кетті. Күні кеше Гонсалоны пір тұтып жүрген фанаттар бүгінде оны сатқын деп атап, футболшының жейделерін өртеуде дейін барды. Тіпті, Неапольдағы мейрамханалардың бірі жергілікті халықтың ашуын тудырған бұл мәселеге байланысты ерекше ұсыныс жасамақшы.
Нақтырақ айтсақ, Неаполь қаласындағы Show Pizza мейрамханасы қала тұрғындары мен қонақтарына арнап ерекше ұсыныс дайындап жатыр. BBC агенттігінің мәліметіне сәйкес, Гонсало Игуаин «Ювентус» сапында ойнап жүріп жарақат алған күндері мекеме «Маргарита» пиццасын қомақты жеңілдікпен ұсынады. Осылайша, аргентиналықтың алған әрбір жарақаты ресторан қонақтарына пиццаны бар болғаны 1 еуроға сатып алуға мүмкіндік береді. Енді футболшының жергілікті командадан кеткеніне көңілі толмаған жұрт оның жарақат алғанын пицца жеп тойлайтын көрінеді.
Айдар ӨРІСБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»