Ұлыбританияда иелерін өрттен құтқарған Тинк деген мысық «Жыл мысығы» атанды. Оны марапаттау салтанаты Лондонның қақ төріндегі зәулім қонақүйде жануарларды қорғаушылардың, журналистердің қатысуымен өтті.
Ақылды мысық Клэр Хопкинсонның отбасымен бірге Шрусбери қаласында тұрады екен. Бір күні түн ортасында дәл іргедегі көрші үйдің отқа оранғанын көрген мысық шырт ұйқыда жатқан қожайынының үстіне секіріп, тырналап оятып алыпты. Сөйтіп, мысықтың арқасында Клэр ханым күйеуі мен балаларын оянып, өрт өздерінің үйіне тарағанға дейін далаға шығып үлгерген. Қожайынының айтуынша, мысық болмаса, бір үйлі жан тірідей өртеніп кетеді екен.
Бұған дейін Швецияда Налле деген мысық та иесін құтқарып қалған еді. Ол қуат көзіне қосылып тұрған смартфонның түтіндей бастағанын көріп, ұйықтап жатқан қожайынын оятып алыпты. Сөйтіп, ол мысық та түрлі ток-шоулардың қадірлі мейманы болып, аз уақытта жұлдызға айналған көрінеді.
Нұрхан АСҚАР