• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
10 Тамыз, 2016

«Арлан» мен «Барыс»

954 рет
көрсетілді

ел тыныштығының кепілі Бабалары садақпен зеңбірекке қарсы шапқан халықтың бүгінгі ұрпағы қуатты әскери техниканың қаншалықты маңызды екенін жақсы біледі. Әскердің бес қаруын сайлауды «Тентек шоқпар жияды» дегеннің кері деп қабылдау қателік болар еді. Әскери техника, бірінші кезекте, мемлекеттің айбынын асыратын күшті құрал. Сонымен қатар, ол тетігін таба білгендер үшін үлкен бизнес, мол табыс көзі. Осы орайда, біз елордадағы «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» зауытының бронды көліктері туралы сөз қозғамақпыз. Былтыр қараша айында арнайы экономикалық аймақта қоныс тепкен кәсіпорын іске қосылғанда, отандық БАҚ-тар жарыса сүйінші сұраған еді. Сүйінші сұрайтындай жөніміз бар. Бұл Қазақстан ғана емес, Орталық Азияда баламасы жоқ бірегей кәсіпорын. Оның ашылу салтанатына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысып, шығарылатын өнім түрлерімен танысқаны есімізде. «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» ЖШС – Қазақстан мен Оңтүстік Африка Республикасы компанияларының бірлескен кәсіпорны. Неліктен басқа емес, ОАР компаниясымен тізе қостық деген заңды сұрақ туындауы мүмкін, оған сәл кейінірек тоқталамыз. Зауытқа шетелдік әріптес тарапынан тек болат парақтар, яғни оқ өткізбейтін көліктердің сыртқы қаңқасына, ішкі ірі бөлектеріне қажетті шикізат қана тасымалданады. Шикізатты лазермен кесіп-пішу, балқыту, жабындыларын бояу, құрастыру, сапасын сынап көру, басқа қажетті бөлшектерді жасау, бұзылған техниканы қайта жөндеу, уақыт талабына сай жаңғырту сынды шеті мен легі көрінбейтін қыруар жұмыстың бәрі осы жерде жүзеге асады екен. Ұсақ бұрандалардан бастап, оқ өткізбейтін шыны терезе, қарудың оптикалық құрылғы сияқты жарақтары, экипаждардың өзара байланыс құралы, осының барлығы отандық өнім. Яғни, қазақстандық үлестің басым болуына кәсіпорын көңіл бөліп отыр. – Зауыттың өндірістік қуаты жылына 120 машина шығаруға жетеді. Қазір Қор­ғаныс министрлігінің, басқа да күш құры­лымдарының тапсырысын орындап жатырмыз. Қорғаныс министрлігіне алғашқы партияны тапсырдық, – дейді компанияның бас директорының орынбасары Көбей Жаңбыршы. Бірақ қанша көлікті қай ведомствоға тапсырғаны туралы мәлімет берілмеді, оны компания өкілі өндірістік құпия деп түсіндірді. Көлікті шығаруға кететін қаражат туралы да айта қоймады. Көбей Жаңбыршы айтқандай, әскери техникалар Алматы облысындағы, Қарағанды облысының аймағындағы әскери полигондарда жазда және қыс мезгілінде, жер бедері әртүрлі өңірлерде сынақтан өткізілген. Әр сынақ сайын Қорғаныс министрлігінің бронды техникаларға қатысты талап-тілектері назарға алыныпты. Сарбаздардың сенімді серігі Бұл зауыттың әскери техникалары қорғаныс саласына, ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз етуде және төтенше жағдайларда кәдеге пайдаланылатынын олардың техникалық сипаттамаларына қарап-ақ білуге болады. Іші-сыртын шолып шыққаннан кейін «отқа салсаң жанбайтын, суға салсаң батпайтын» дейтіннің нақ өзі осы шығар деген ойға келесің. Көліктердің бірқатары туралы аз-кем айтып өтейік. «Арлан» – MRAP типті, минаға қарсы күшейтілген қорғанысы бар броньды дөңгелекті машина. Астыңғы бөлігі V пішіндес етіп жасалғандықтан, ішіне жарықшақ өткізбейді және жарылыс толқынын әлсіретеді, жауынгерлер берік қорғалған деуге болады. Корпусының кез келген жерінен, дөңгелектің астынан эквиваленті 8 кг. тротильге тең жарылысқа, екі бүйірінен 5 метрден қашықта жасалған эквиваленті 50 кг. тротильге тең соққыларға төтеп береді. Көлікті басқарушы мен командирді қосқанда 10 жауынгерді тасымалдауға, жер бедері әртүрлі алаңдарда да, қаланың ішінде де әскери операцияларды орындауға таптырмайтын көлік. Салмағы 16 тонналық «Арлан» сағатына 10 шақырым жылдамдықпен жүйткиді. Дөңгелегі зақымданған жағдайда 70 шақырым жерге, яғни қауіпсіз аймаққа дейін бара береді. Және бір айта кетерлігі, климаты ыстық ОАР компаниясының технологиясы бойынша жасалса да, Қазақстанның климатына бейімделген, -50, +50 ауа температурасында мүлтіксіз жұмыс істейді. Калибрі 12,7 миллиметрлік қашықтан басқарылатын САРП модулімен жарақталған. Тапсырыс берушінің қалауы бойынша қару-жарақтың барлық түрін, тіпті, миномет қондырғысын, танкіге қарсы басқарылатын зымыран жүйесін орнатуға болады екен. Кәсіпорынның тағы бір мақтанышы, шетелдік мамандар тарапынан жоғары бағаға ие болған тағы бір көлік – «Номад» (4х4). 4х4 деген дөңгелектерінің санын білдіреді, осы цифрға қарап классификациясын білуге болады. «Номад» торуылда және ашық алаңда тойтарыс беруге арналған техника. Әсіресе, қалалық жерлерде арнайы операциялар орындауға өте ыңғайлы. Сипаттамалардың «Арланға» тән екенін айтпағанда, экипаждың барлық мүшелері үшін сырттағы ахуалды қадағалап отыруға барынша ыңғайлы. Ол үшін оқ өткізбейтін әйнектер, бақылау камерасы, басқа да датчиктері орнатылған. «Барыс» 8х8 – баллистикалық шабуыл­дарға төтеп береді. Салмағы 19 тонна, жылдамдығы сағатына 100 шақырым­нан асады. 7,62х54 RP калибрлі бронбұз­ғыш оққа, эквиваленті 14 килотротильге тең жарылысқа шыдас беретіні полигон­дардағы сынақтарда тексерілген. Ол түрлі климаттық жағдайларда, кез келген тәулік мезгілінде, жолсыз жерлерде тапсырмаларды орындауға арналған. Аталған көліктерге қойылатын ең басты талап – жауынгерлердің өмірін сақтауға ық­палы. Қауіпсіздік деңгейі НАТО-ның STANAG стандарттарына сәйкес келеді. Көліктердің корпусы да, терезелері де 7,62 калибрлі винтовканың оғын өткізбейтіні зертханада тексеріліп, тиісті стандарттар беріліпті. – Бұл көліктер, біріншіден, сенімді. Сарбаздардың қауіпсіздігі үшін әлемдегі ең сенімді көлік түрі саналады. Екіншіден, жылдамдығымен ерекшеленеді. Басқа көліктер жете алмайтын жолсыз жерлерге, шыға алмайтын биіктерге салыстырмалы түрде жылдам жетеді. Үшін­шіден, командалық басқару өте жеңіл. Ол үшін заманауи навигациялық құралдар қол­данылады, – дейді компанияның басқарма директорының орынбасары К.Жаңбыршы. «Барыс» 6х6-ға Иордания елі қызы­ғушылық білдіріп, 50 машина сатып алу туралы меморандумға қол қойылған. Таяу Шығыс елдерінен де сатып алуға тілек білдіріп жатқандар бар көрінеді. Биылғы жылы 6–11 қыркүйекте Ресейде «Армия-2016» әскери-техникалық форумы өтеді. «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» екі «Арлан» мен бір «Барысты» осы форумға апаруды жоспарлап отыр. Не үшін ОАР таңдалды? MRAP деген не? Астанадағы кәсіпорында шығарылатын бронды көліктердің барлығы MRAP типтес. Ғаламтор ақтарып отырып MRAP — ағылшын тілінен аударғанда жарылысқа, торуылдан жасалған шабуылға төзімді деген мағына беретін сөздердің бас әріптерінен құралғанын білдік. Ең алғаш мұндай машиналарды ОАР 1980 жылдары Анголадағы, Намибиядағы әскери іс-қимылдар кезінде пайдаланыпты. Сыртқы түрі ебедейсіз, сұрықсыз көрінгеніне қарамастан, тәжірибе жүзінде олар бұрынғы техника түрлерінен әлдеқайда тиімді болып шыққан. Кейінірек, Ирактағы соғыс кезінде АҚШ ОАР-дың тәжірибесін алуға мәжбүр болды. Жеке құрам мүшелерінің қазасы жиілеп кетуіне байланысты, Пентагон тез арада табаны V пішіндес MRAP машиналарына тапсырыс беріпті. Осылайша, күн сайын ондаған жауынгердің денесін елге табытпен қайтарып жүрген АҚШ әскеріндегі жағдай жақсарған. Ирактың Ахбар провинциясындағы теңіз жаяу әскері командирінің мәліметінше, 2006 жылы MRAP ішінде бірде-бір жауынгер өлім құшпаған екен. Уақыт өте келе АҚШ-тың әскери колоннасына, жеке автокөліктеріне жасалатын шабуылдар да азайып кеткен, себебі оны тоқтату, өртеп жіберу мүмкін емес еді. Ақыр соңында, АҚШ сарбаздары MRAP-тан басқа көлікпен базадан шығудан бас тартыпты. MRAP типтегі машиналар әскери құрамды ғана емес, VIP тұлғаларды түрлі қауіпті аймақтар арқылы тасымалдауда тап­тыр­майды. Бүгінгідей қарсылас тараптар бетпе-бет соғыспайтын, көбіне-көп партизандық тәсілдер қолданылатын­дық­тан, мұндай көліктердің құны артқан үстіне арта түсті. Қазір ОАР компанияларының әскери техникалар жасаудағы тәжірибесі көптеген елдер үшін үлгі болып отыр. Көбей Жаңбыршыұлының айтуынша, кәсіпорынға техникалық мамандарды тарту оңай болмапты. Себебі, қойылатын талап жоғары. Зауыттағы техник мамандардың арасында «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқып келген жастар да бар. Жұмыскерлер ОАР-дағы зауыттарда тәжірибеден өткен. Кәсіби біліктілікті айтпағанда, еңбек шартында көрсетілген талаптарды орындауға да ерекше мән беріледі. Себебі түсінікті, әскери техника шығаратын зауыт стратегиялық нысан саналады. Машиналардың жасалу технологиясы құпия ұсталуға тиіс. «Қуатты қару – азды көппен, әлсізді мықтымен теңестіреді», депті бір данышпан. «Бейбітшілікті қаласаң – соғысқа дайын бол» деген де қанатты сөз бар. Бүгінде Қазақстанның бейбіт ел екенін төрткүл дүние түгел біледі. Дегенмен, өзге елдермен терезе теңестіріп, тең атаның ұлындай сөйлесе алу үшін мықты әскери техника мен мығым сарбаздардың қажеттілігі тағы рас. Оның үстіне, біз тілге тиек еткен әскери техникалар бейбіт мақсаттағы тапсырмаларды орындауға да таптырмайтын көмекші. Әскери техника өндірудің экономикалық пайдасы туралы да сөз басында айтып өткенбіз. Олай болса, әскери техника өндіретін отандық кәсіпорынның орны бөлек. Арнұр АСҚАРОВ, «Егемен Қазақстан» Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ, «Егемен Қазақстан»