• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
10 Тамыз, 2016

«Колчактың алтын қоймасы»

390 рет
көрсетілді

аңыз бен ақиқат «Колчактың алтын қоймасы» Қазақ­станнан, оның ішінде Айыртау аймағынан іздестірілуде, ол үшін арнайы экспедиция ұйымдастырылыпты» деген хабар желдей есіп тұр бүгінде. Бұл қауесетті тұрғындар арасында жергілікті жерлердің біріне ауызша телінген «Колчаковский» атауымен байланыстырушылар да жоқ емес. Өңірде мұндай ресми атаудың жоқтығына қарамастан біз жергілікті өлкетанушы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының облыстық бөлімшесінің жетекшісі, «Ұрпақ» қазақ мәдени-ағарту орталығы кеңесінің төрағасы Сағындық САЛМҰРЗИНГЕ жолығып, бүгінгі күні солтүстікқазақстандықтарды айран-асыр етіп, қилы ойларға жетелеп отырған мәсе­ленің анық-қанығын білуге талпынған едік. – Сәке, біз сізді Айыртау аймағын туристік кластерге айналдыру жөніндегі «Этноауыл» жобасының жетекші автор­ларының бірі ретінде жақсы білеміз. Осы бағдарламаны жалғастырып жүрген жеке кәсіпкер Роман Гостренко жуырда «атаман Колчактың өңірде жасырған «алтын қоймасы» бар, ол ізкесу­шілердің болжамына орай нақ­тыланып отыр» деп жа­һанға жар салуы шындыққа қан­шалықты жанасымды? – «Этноауыл» жобасының тұсауын кесушілердің діттегені – еліміздің туризмін дамытуға үлес қосу, өлке тарихын жан-жақты зерттеу, өскелең ұрпақтың туған жерге деген патриоттық сезімін ояту. Экспедицияның осы мақсатта жұмыс істейтіні рас. Ал, Александр Колчактың есепсіз көмбесіне байланысты арнайы құрам жасақталыпты дегенді бірінші рет естіп отырмын. Сауалыңызға келетін болсақ, мұндай алып­қашпа сөздер бұрыннан айтылып келеді. Өйткені, ақ пен қызылдың қан­ды шайқастары кезінде өлкемізде Колчак та, Семенов те, Тухачевский де аш бөрідей талай жортқан. Қазақ ауылдарын талқандап, зорлық-зомбылықтар жасағаны тарихтан белгілі. Айыртау жұртшылығының әңгімесіне құлақ түрсек, қойын-қонышы небір сырларға толы таңғажайып құбылыстарға қанығуға болады. Бірақ аңыз бен ақиқаттың аражігін ажыратып алмайынша «пәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқтың» кебін киіп қалуымыз әбден мүмкін. Сондықтан нақты да бұлтартпас деректерге жүгініп барып, іске кіріскен дұрыс болар еді. Ақшаны босқа шашқанша пайдалы шараларға жұмсаған тиімді. Адмиралдың әскері қызыл­дардан жеңіліп, Петропавл қаласына аялдағаны рас. Өзі қашып келе жатқан, салы суға кеткен әскердің Айыртау өл­кесіне баруы ақылға сыймайды. Романның қазынаның бір бөлігін осы маңға жасырып, қызылдарға жойқын шабуыл жасамақ болған деген тұжырымымен де келісу қиын. Өйткені, Колчак өңірде көп тұрақтамаған. Аз-кем аялдап, тынығып алуды көздеген. Оның түпкі ойы Омбыға, Сібірге жетіп, билікті қолға алу болатын. Және бір күмән тудыратыны, бұл жайтты бүге-шігесіне дейін індете зерттеген шетел, орыс ғалымдарының деректерінде мол қазынаның Қазақстанда жасырылғаны жөнінде ешқандай дерек жоқ. – Шынында да, билік үшін таласып-тартысып жүрген қа­рама-қарсы күштердің есеп­сіз алтын-күміске қару-жарақ са­тып алғандары әлдеқайда ыңғайлы емес пе? – «Колчактың алтын көмбесі» жайлы қауесет мынадан басталған. Атап айтқан­да, ақтар отрядының командирі, полковник Каппел 1918 жылы 6 тамызда Қазан қаласында сақтаулы тұрған Ресейдің «ұлттық байлығының» біраз бөлігін (750 миллион рубль) үптеп кеткен. Сол жылы күзде Омбыны билеп тұрған Колчак үкіметіне тапсырған. 1919 жылдың мамырына дейін оған қол сұғылмағанмен, одан әрі майдандағы ауыр жағдайға байланысты бір бөлігіне шетелдерден қару-жарақ сатып алынған. Осы жылдың аяғына таман Колчактың «алтын арт­қан пойызы» Нижнеудинск қаласына келіп, француз генералы Жаненнің ұйғарымымен чех әскерлеріне тапсырылған. Одан арғы «тағдыры» бұлыңғыр. Бір бөлігі жапон елінің банктерінде жатқанын тарихшылар айтқан­мен, нақты санын есептеу мүмкін емес. 100 тонна алтынды Колчак үкіметінің қаржы министрлігі шетелдердегі банк депозиттеріне аударған. Байкал көлі маңайында алтын тиеген пойыз көл түбіне кетіпті деген пайымды бетке ұстап, үкімет тарапынан ғылыми экспедиция ұйымдастырылғанымен, еш нәтиже тындыра алмаған. Тіпті «Мир» суасты аппараты қолданылса да. Айта берсе, «Колчак, Семенов, барон Унгерннің алтын қоймалары» туралы дақпырттар көп.

Біз Роман Гостренкомен телефон арқылы байланыс­қанымызда көнекөз қария­лардың пайымдарына ғана сүйенгенін, қолда нақты мә­ліметтердің жоқтығын, еш­қандай із кесу­шілер тобы құ­рылмағанын жеткізді. Де­генмен, Имантау – Шалқар – Айыр­тау – Ақсора бағыттары бо­йынша зерттеу жұмыстарына кірісуге ойы барын, ол үшін қомақты қаражат қажеттігін жасырмады.

 Әңгімелескен Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»

 Солтүстік Қазақстан облысы