Қазір еліміз зор өзгерістер жолында, әр күн сайын жаңалық, біздер де сол жақсылық хабарлардың куәсі болып, алдағы күндерге үлкен үмітпен қараймыз. Елдіктің, егемендіктің өз жерімізде салтанат құрғанына тәубе деп тәуелсіздік деген ұлық ұғымды қадірлеп, оны мәңгілік сақтап қалуға әрқайсымыз Елбасы секілді үлес қосуымыз міндет, парызымыз деп білемін.
Күні кеше ғана Астанада өткен «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы XIII съезінің жұмыс барысын, күн тәртібіне ұсынылған алты мәселенің бірауыздан қабылданғанын теледидар арқылы көрдім.
Біз жаңа мемлекет, жаңа қоғам құрдық, жаһандық әлемде өмір сүре алатын жаңа ұрпақ тәрбиеледік, – деді Елбасы. Қандай дәл айтылған сөздер, шынында да, қазір біз еліміздің келешек іргесін нықтайтын жаңа жас буын тәрбиелеп жатырмыз. Өңірдегі балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді іске асыру мақсатында балалардың құқықтарын қорғау департаменті өз қызметін «Кереку-Ертіс өңірінің балалары – еліміздің балалары», «Өңір балалары сандар мен фактілерде», «Балалардың құқықтары туралы шындық», «Балалық шақты қорғау», «Балалар – XXI ғасыр байлығы» атты төрт жоба арқылы жұмыс жасаймыз. Департамент құрылған екі жыл ішінде білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау саласындағы өкілдермен бірлесіп, балалар үйлеріне барып кездесулер өткізіп келеміз. Елбасы саясатының арқасында туған ата-анасынан жылылық көрмеген балалар үйіндегі жетім сәбилер, интернат тәрбиленушілері бүгінде мемлекет қамқорлығында. Съезде Президент алдағы сайлауға түсуге, елі үшін қызмет жасауға келісімін берді. Нұрсұлтан Назарбаевтың халық үшін, әрине, орны бөлек, мәртебесі биік. Ал, балаларымыздың болашағы үшін бізге тыныштық, саяси тұрақтылық, ауызбіршілік әрқашанда керек. Сол үшін мен сайлауда өз дауысымды Елбасының жеңісі үшін беремін.
Гүлбарам НАУРЫЗБАЕВА, балалардың құқығын қорғау облыстық департаментінің директоры.
Павлодар облысы.