Дүйсенбіге дейін 3 сәуірге тағайындалған Қазақстан Республикасы президенттігінің кезектен тыс сайлауына кандидат ретінде тіркелу үшін Орталық сайлау комиссиясына еліміздің алты азаматы өтініш берді. Өткен аптада осы кандидаттардың төртеуі Лингвистикалық комиссияның отырыстарында мемлекеттік тіл – қазақ тілін еркін меңгергендіктері жөнінде сынақ тапсырды.
Жұма күні «Нұр Отан» ХДП атынан президенттікке кандидат болып ұсынылған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Лингвистикалық комиссияның мүшелеріне сынақ тапсырды. Кандидат белгіленген тәртіп бойынша, алдымен «Әлемдік қоғамдастықтағы Қазақстан» тақырыбына шығарма жазды. Одан соң, Абайдың қара сөздерін нақышына келтіре отырып айтып берді. Ал үшінші сынақ – 15 минөт сөз сөйлеу болатын. Мемлекет басшысы бұған «Қоғам және демократия» деген тақырыпты таңдаған екен.
Лингвистикалық комиссияның төрағасы Мырзатай Жолдасбековтің журналистерге хабарлағанындай, Елбасы сынақтан мүдірмей өткен. Жазбаша тапсырманы өте таза әрі қатесіз орындаған. Комиссия мүшелері Мемлекет басшысы қазақ тілін мүлтіксіз меңгерген деген шешімге келіп отыр. Ертесінде Орталық сайлау комиссиясы президенттіктен үміткер Нұрсұлтан Назарбаевты ел Конституциясы мен «ҚР сайлау туралы» Конституциялық заңының талаптарына сәйкес деп анықталғандығы туралы және кандидаттың Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидаттығын қолдап, қол жинау үшін қол қою парақтарын беру туралы қаулы қабылдады.
Ал президенттікке кандидат Уәлихан Қайсаров Лингвистикалық комиссияға 8 ақпанда сынақ тапсырған болатын. Комиссия өзінің отырысында кандидаттың жазба жұмыстарын, сондай-ақ шығармадан үзінді оқу және қазақ тілінде еркін сөйлеуге қатысты тапсырған сынақтарын жан-жақты талдай келіп, Уәлихан Қайсаровты мемлекеттік тілді еркін меңгермеген деген қорытындыға келді. Лингвистикалық комиссия төрағасының мәлім етуінше, кандидат жазба жұмысында 28 қате жіберген. Мәтінді оқуы Комиссия мүшелерінің көңілінен шыққан, бірақ еркін тақырыптағы сөз сөйлеуінде ойын шашыратып алған. Басты себептер – осы.
Осыған байланысты 9 ақпанда Орталық сайлау комиссиясы «ҚР сайлау туралы» Конституциялық заңының 54-бабы 2-тармағына сәйкес президенттікке кандидат Уәлихан Қайсаровтың қойылатын талаптарға сәйкес келмейтіні туралы қаулы қабылдады. Сол күні, яғни 9 ақпанда У.Қайсаров Орталық сайлау комиссиясына өзін-өзі ұсыну жолымен президенттікке кандидат ретінде дауысқа түсу ниеті туралы тағы бір өтініш берген еді. Оның бұл өтінішін 12 ақпанда Орталық сайлау комиссиясы Лингвистикалық комиссияның және Орталық сайлау комиссиясының өткен жолғы шешімі мен қаулысының негізінде қараусыз қалдырды.
Президенттікке кандидат Халықаралық экологиялық академиясының президенті Мұсағали Дуамбеков мемлекеттік тілді еркін меңгергендігі туралы сынақты екінші болып тапсырған еді. Ол Лингвистикалық комиссия сынынан ойдағыдай өтті. Шығарма жазуда өз ойын сауатты жеткізген, сөйлем құрауы да жақсы. Кандидат, сондай-ақ еркін сөз сөйлеуде де өзінің төселгендігін көрсетті. Нәтижесінде Лингвистикалық комиссия кандидат Мұсағали Дуамбековті мемлекеттік тілді еркін меңгерген деген шешімге келді.
Президенттіктен үміткер ретінде алғашқы болып өтініш түсіргендердің бірі – өзін-өзі ұсынған Сәлім Өтен болатын. Әсілі, ол Лингвистикалық комиссияға аптаның басында сынақ тапсыруы тиіс еді. Белгілі себептерге байланысты кандидат сынаққа уақтылы келе алмады. Соның сәті 12 ақпанда түсті. Ол Комиссия сынынан сүрінбей өтті. Комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбековтің хабардар етуінше, Сәлім Өтен мемлекеттік тіл – қазақ тілін еркін меңгерген жан. Сол күні Орталық сайлау комиссиясы өз отырысында Сәлім Өтеннің ел Конституциясы мен «Сайлау туралы» Конституциялық заң талаптарына сәйкес келетіндігі туралы қаулы қабылдады.
Сынақтан өткен президенттікке кандидаттар қол қою парақтарын алып, сайлаушылардан қол жинау жұмыстарына кірісіп те кетті.
Президенттіктен үміткер ретінде өтініш түсіргендердің тағы бірі – «Аттан Қазақстан!» қозғалысының төрағасы Амантай Асылбек болатын. Ал Амантай қажы Асылбек Лингвистикалық комиссия сынынан 12 ақпанда өтуі тиіс-ті. Өкінішке қарай, кандидат Орталық сайлау комиссиясына келмеді. Лингвистикалық комиссия мүшелері де, БАҚ өкілдері де оны бір сағатқа жуық күтті. Комиссия төрағасы оның ұялы телефонына хабарласып та көрген еді, жауап жоқ, телефоны өшірулі. Кандидаттың сынақ тапсыруға әлі де мүмкіндігі бар.
Орталық сайлау комиссиясына сондай-ақ тағы бір азамат президенттікке кандидат ретінде өзін-өзі ұсыну тәртібімен өтініш түсіріп отыр. Ол – 49 жастағы Астана қаласының тұрғыны, уақытша жұмыссыз Қанат Есжанов.
Бет қатталып жатқанда: Орталық сайлау комиссиясы 14 ақпанда «ҚР сайлау туралы» Конституциялық заңының 54-бабына, 59-бабының 7-тармағы 3)-тармақшасына, сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясының 2011 жылғы 9 ақпандағы №18/28 қаулысына сәйкес У.Ә.Қайсаровты президенттікке кандидат етіп тіркеуден бас тартқаны туралы ақпарат таратты.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.