• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Ақпан, 2011

Самбо саңлағы

986 рет
көрсетілді

Бүгінде Жайық өңірі 5 әлем, 75 Қазақстан чемпионын тәрбиелеп шығарған болса, бұл іске Мүсілім Оңдағановтың қосқан үлесі қомақты Қазақтың қай өңірі де қасиетті, киелі. Аңызақта кенезем кепті, тілім құрғады демей, текті бабаларымыз құт-мекен санаған құмы да құдіретті, тасында да бір жылылық бар, иісі балдай жусаны қандай! Содан да шығар, халқымыздың туған жерден артық жұмақ, елден артық тұрақ жоқ деп, кіндігін сол даланың бір тал жусанына байлап, дөңгеленген дүние­нің қай түкпірінде жүрсе де туған топырағына айналып соға беретіні. Әлемде осындай жері үшін адал жаралған, оны қасық қаны қалғанша қорғаған, кейінгі ұрпағына шашау шығармай аманат етіп тап­сырған ұлтымның, оның ұр­па­ғының ұлы­лығы шексіз ғой. Сол бабалар дәс­түрін берік ұстап, елі мен жерін пір тұтып, абыройын қайт­сем көтерем, өзгенің аузына қарап, айт­қанын екі етпейтін заманда кеткен есені тәуелсіздік тұсында қалайда қайтаруым керек, ол үшін өлеусіреген жанар отын тірілтіп, намыстың тотын кетіріп, майырылып қалған жүзін шар қайраққа жанып шығару арқылы мақсатқа жетсем деген бір азаматпен Жайық жұртына барған сапары­мыз­да танысып, ой бөлісіп жүретін едік. Енді, міне, Тәуел­сіз­дігіміздің 20 жылдығының қар­саңын­да сол азаматты оқырманға таныс­тыру­ды жөн көріп отырмыз. Ол самбо саң­лағы – Мүсілім Оңда­ғанов. Біз Қажымұқан баба­мыз­­дың суретіне қарап қан­дай алып адам деп қайран қа­латынымыз бар. Ал мен Мү­сілімді көр­генде, сол алып ба­ба­мыз­дың өзі бол­маса да қазір­гі жер бетіндегі көзіндей көруім өз ал­дына, бурадай бұл­қын­са төңіре­гін­дегінің бә­рін жапы­рып тастай­тын­дай елестейтіні бар. Құрыш құй­масындай шымыр дене, болат арқаннан ескендей бұлың-бұлың бұл­шық ет, шойын шоқпар­дай жұдырық, бөлек бітімді бет-пішін, шарасы шағын болғанмен от шашқан қос жанар, дархан даладай керіліп жатқан кең маңдай – несін айтасыз, мұның бәрі жігіт ағасының бүкіл болмысы тар­лан­ға ғана тән деп тұрғандай. Шөп шық­қан жерге шығады. Татыр – тақыр. Мүсі­лім қазақтың ардақты ақыны: «Армы­сың, сұлу Жа­йы­ғым, Ардақты қоныс – мекенім, Керек емес қайығың, Аймалап жүзін, өтемін!», деп Ақжайығы туралы ағынан жарылып, одан кейін: «Тайпағым, туған Тайпағым... Саған мен дәйім баламын, Анам деп сені айтамын, Жаяулап қалса қаламым, Жыр мініп сенен қайта­мын», деп Жұбан Мол­да­ғалиев жырлаған Тай­пақ­тың түлегі. Тағдыр шіркіннің талқысы әр алуан ғой. Шиеттей алты бала ата-анасынан айрыл­ған­да Мүсі­лім үш жаста ғана екен. Тірі­нің тіршілігі, ертеңгі күнге деген ұмты­лы­сы, талап-талпыны­сы оларды өмір көшінен қалдырмапты. – Жетінші сыныптан бастап, күреспен ай­на­лыстым. Фазыл Садықов, Марат Қаж­банов аға­ларым ауылда буынымды бекітіп, қабыр­ғам­­ды қатайтса, бағыма қарай Алла жолық­тырған бапкер Батыр Қуанышев самбо күре­сі­не бау­лыды, – дейді ол алдыңғы толқын аға­ларының өзіне деген ілтипатына ізет танытып. Ауылда орта мектепті бітіріп Оралға кел­­­ген тұста даңқы жер жарған Асқар Шайхиев пен Дәулет Тұрлыхановқа еліктеп, болмаса да ұқсап бағуға ұмтылған. Жігері мықты, алған бетінен қайтпайтын осындай талапты жасты Батыр ағасы қамқорлығына алады. Төккен тер зая кетпейді. Көп кешікпей чемпион атанады. Бұдан кейінгі оқу-жаттығу жұмысы Ал­ма­тыда, ел құрамасының бас бапкері Керей Қой­шыбектің қол астында, Дәулет Тұр­лы­ханов­пен «Достық» спорт кешенінде жалға­сады. 1987 жылы Оралда өткен Қазақстан кубо­гы жолын­дағы аламан жарыстан кейін ол өзінің атақ-абыройға бөленіп, чемпион болуынан гөрі, кейінгі жастардың жарқырап шығып, Отан мәртебесін көтеруі ауадай қажет деп біржола бапкерлік жұмысқа бет бұ­рады. Бет бұр­ғанда қаланы жағалап қал­май, туған ауылына жол тартады. Мақсаты қияндағы елді мекенде бұйығы тірлік кешіп жатқан балалардың ара­сы­нан ізбасар тәр­биелеу. Сөйтіп, кіндік қаны тамған Тайпақ өңірінің спортын жолға қо­йып, күрестен ондаған шәкірт тәрбиелеп, облыс­ты асып, рес­публика көлеміндегі жа­рыс­тарда олар­дың маңдайы жарқырап шығуы талайдың айызын қандырады. Осы тұста айтулы бапкер Батыр Қуанышев Мүсілімді Орал­ға шақырып: «Сен дайындаған жас қы­ран­дар ертең осы қалаға келеді. Сол кезде оларды балапандай баулитын өзің боласың. Сен оралсаң, екеуміз қолдассақ талай тамаша істі атқарамыз», – дейді. Ұстаз сөзін шәкірті екі етпейді. Бұл арадағы жаттықтырушылық жұмысында ол өзінің қарым қабілетімен, ұйым­дастырушылығымен танылады. Тала­бы бар талантты жастар біртіндеп көрініп, аза­маттың абыройын асырады. Бұдан кейін оған сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Батыс Қазақстан облы­сы туризм, дене шынықтыру және спорт бас­қар­м­асының басшысы қызметін ұсынып, бюд­жеттен 308 млн. теңге қаржы бөлдіреді. Осы ақшаның әр тиынын есептей отырып, қиын заманда қисыны кетіп қираудың алдында тұр­ған «Жастық» және П.Атоян атындағы орталық стадиондарды еуропа­лық стандартқа сай жөн­деуден өткізеді. 3 мың орындық мұз ай­дыны бар жабық спорт сарайы, ат спорты кешені, жа­бық жүзу бассейні салына­ды. Сол секілді облыс бойынша 1417 спорт құ­рыл­ғы­лары, соның ішінде мінберлері мен киім ауыс­тыратын орындары заманға сай жарақ­тал­ған 3 стадион, 271 спорт залы, 2 ескек есу база­сы, 223 баскетбол, 304 валейбол, 264 футбол алаңдарына күрделі жөндеу жұмыстары жүр­гі­зіледі. Ендігі жерде халықтың игілігіне жасалған бұл орындарды тиімді пайдалану мақ­сатында әр түрлі іс-шара­лар ұйым­дас­тыру үрдісі қолға алынады. Мысалы, «Спорт­шылар саламатты өмір салтын қолдайды» деген тақырып көлемінде 1464, «Жастар  есірткі мен маскүнемдікке қарсы» атты шара бойынша 1260 бұқаралық-спорт­тық ша­ра­лар өткізіліп, оған 24 мыңнан астам адам қатысады. Кейін бұл жұмыс дәстүрге айналған. – Спорт кешендерінің бәрі де ешкімнің жеке дүниесі емес, халықтың меншігі, басқар­ма­ның балансында тұр. Бұл кез келген  азамат­тың спорт­пен шұғылдануына, жарыстар өт­кізуіне мүмкін­дік береді. «Кісідегінің кілті аспанда» деп біреудің жеке меншігі болса оған жалы­на­сың, қыруар қаржы төлейсің. Халықтың игілігіне деген ортақ база барлық спорт түрлеріне тегін. Ме­нің бір ғана ойым бар, солардың ішінен жүз­ден жүйріктерге арналған дарынды бала­лардың спорт мектебін ұйымдастыру мәселесі. Бұл біздің облы­сымызда жақсы жолға қо­йылды десем артық айтқан­дық болмас. Да­рын­ды балаларға арналған ондай білім орда­лары спортқа қажет дүние­лер­мен толық жабдық­тала отырып, оқушыларды 4 мезгіл тамақпен қамта­ма­сыз ету де шешімін тапқан. Біздің ондай мектептерде тек қана өз облысымыздың бала­лары ғана емес, көршілес Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе облысынан келген талапкерлер де оқып жатыр, – дейді Мүсілім Оңдағанұлы. Иә, Мүсілімнің ұйытқы болуымен Орал қа­ла­сында 2000 жылы жастар арасындағы Азия чемпионаты, 2002 жылы Пре­зи­денттің жүлдесі үшін әлем кубогы, 2003 жы­лы жас­өс­пі­рімдер мен жастар арасындағы әлем чем­пио­наты, сол жылы Азия чем­пионаты, 2007 жылдан бері Отанымыздың Пре­­зиденті жүл­десі үшін әлем кубогы үздіксіз өткізіліп келеді. Өткен жылғы Президент жүлдесі үшін самбодан өткен әлем кубогында мемлекетіміздің Әнұра­ны 4 рет шырқалып, көк байрағымыз 23 рет көтеріліпті. Жалпы, самбо дүниежүзінің 75 елін­де мық­ты дамыған. Сол биікке көтерілу жо­лында Оң­дағанов бастаған азаматтар тер тө­гіп, қызмет жасап келеді. Оның алғашқы жетістіктері көңілге қуаныш ұялатады. Мәселен, Азия мен әлемдік жарыстарда ерекше көзге түсіп, чемпион атанған жалын жүрек, жұмыр білек, күш қуаты тасыған жастар көп-ақ. Солардың қатарында Азия мен әлем чемпиондары Қоныс Жетпісов, Бейбіт Нә­сіп­қалиев, Ерлан Әлиев, үш дүркін Азия, үш дүр­кін әлем чемпионы, Әлем кубогының иегері, Халық­ара­лық дәрежедегі спорт шебері Ерболат Бай­батыров, Асхат Шайхиев, Медет Оңдағанов, Еділ Үсенов, Марат Табылдиев, Меңдіхан Жәкенов, Бауыр­жан Мәм­бетов, Бірлес Есенғалиев, Фар­хат Аб­дуалимов, Оспанхан Боранбаев, Тимур Оңда­ғанов, Бағдат Жарылғасов, Азамат Мұқанов секілді жүзден жүйріктер ел мақтанышына ай­нал­ған спорт жұл­дыздары. Осылардың ішінде Қо­ныс Жетпісов пен Ерболат Байбатыровтың жөні бөлек. Себебі, бұл екі азамат әлемдегі небір айтулы додаларда алдына жан салмаған өрен жүйріктер. Самбодан Ташкентте болған әлем чем­пиона­тын­да Азамат Мұқанов әлем чемпионы ата­нды, осындай биікке жетуіме балуан Берік Жет­піс­баевтың, самбоның қыр-сырын үй­рет­кен Керей Қойшыбектің, қам­қор қолын созған Мүсілім Оңдағановтың қосқан үлестері ерекше, дейді ол. Спортқа деген құлшыныс тек қана жас­тар­дың арасында ғана емес, сонымен қатар, үл­кен­дердің де оған өз үлестерін қосып жүр­ге­нін, кезі келгенде отандық, тіпті әлемдік жа­рысқа қаты­сып чемпион дәрежесіне жету Жайық бойында жақсы жолға қойылған екен. Соның бір дәлелі, өткен жылдың қазан айын­д­а Чехияның астанасы Прага қаласында самбодан шеберлер ара­сын­да өткен әлем чем­пионаты дер едік. Бұл біріншілікке төрткүл дүниенің 28 мемлекетінен самбо күресінің мықты балуандары қаты­сып­ты. Қа­зақ елінің құрамасына мүше оралдық 10 адам­ды Мүсі­лім бастап барыпты. Сол онның ал­тауы ал­тын, екеуі қола медальға қол жеткізіпті. Шау тартса да шаршамаған алдыңғы толқын аға­ларымыздың бұл қажыр-қайраты кейінгі жас­қа үлгі болса керек. Дүниежүзілік сол жа­рыста Мүсілім чемпион атаныпты. Алған атаққа мастанып, атқарған ісіне ма­сат­танбайтын Мүсіліммен сөйлесіп отыр­ған­да, ол тәуелсіз мемлекетіміздің іргесін бекіту жолын­да іс атқарып жатқан азаматтар туралы жиі ай­тады. Облыс басшысының көз қарасы түзу болмаған жерде істің ілгері бас­пайтынын, бұл тұрғыдан келгенде бұрынғы екі әкім Қырым­бек Кө­шербаев пен Нұрғали Әшімовке деген шы­найы ілтипатын бүкпе­сіз жайып салып, қазір қа­нат­тасып жұмыс істеп келе жатқан Бақты­қожа Ізмұхам­бетов­ке шынайы ізетін білдіреді. Алдыңда ағаң бары қандай жақсы, деп қояды. Мүсілім Оңдағанов ұйытқы болып келе жатқан спорттың тағы бір түрі – шорт-трек. Бұл спорттың еліміз бойынша 80 пайызы орал­дықтардың еншісінде екен. Қа­сиетті Жайық өңі­рін­де қазір 5 әлем чемпионы, 75 Қазақстан чемпионы, 15 халық­аралық дәре­же­дегі спорт шебері бар десек, 88 спортшы Қа­зақ елінің ұлттық құрамасына еніп­ті. Ал 124 өрен отандық жасөспірімдер құ­ра­масына мүше екен. Құстың қос қанатындай әр кез қатар жүретін ағасы Дәулет Тұрлы­ханов­тың: «Мүсі­лім бауырым қазақ халқының маң­дайына біткен үлкен патриот. Шіркін, республика спор­тын­­да Мүсілімдей азамат көп болса, Қазақстан спортының бағы баяғыда-ақ жарқырап жанар еді», деп сүйсінетінін де орайы келгенде айта кетсек дейміз. Алды кең азаматтың мына бір туған ауылына жасаған қамқорлығын айту арқылы өзгеге үлгі етсе кетсек дейміз. Сонау аласапыран жыл­дары қиян­да жатқан Тайпақ жұрты қиын­дықтан қы­сы­лып, азаматтарын іздей бас­тағанда Мүсілім бар жиған-тергеніне азық-түлік, киім-кешек алып, оны 5 жүк мә­шинесіне тиеп, кіндік қаны тамған еліне жеткізеді. Округ әкімдерін жинап, көпбалалы отба­сыларының, талай тау­қы­метті бастан өткізген үлкендердің тізімін алып, қылдай етіп бөліп береді. Оған ақса­қал­ды әкелер, ақ жаулықты аналар «Атымтай жомартым, аман бол!» деп баталарын жау­дырыпты. Мені көгертіп, көктетіп келе жатқан сол қазына қарттардың батасы, спортқа баулыған ағалардың, ізбасар жастардың ықыласы болуы керек, – дейді ол. Ондаған чемпион дайындап шығарған, жүз­де­ген жасты баптап бағын ашқан, елге таны­тып, тәуелсіз Отанымыздың даңқын асырған Оңдағанов – негізгі қызметіне қоса 11 жыл бойы еліміздің Самбо фе­де­рациясының президенті болса, Дзюдо күрес федерация­сы­ның, Азия самбо федера­ция­сының вице-президенті, Орал қаласы әкімі­нің орынбасары, самбодан Қазақ елі­нің еңбек сіңірген жат­тық­тырушысы, спорт шебері, құрметті спорт қайраткері, «Құр­мет» орденінің иегері секілді абыройлы қыз­мет пен мәртебелі атақтар алған мәрт азамат. Ең бастысы, ол алғашқы кезде тәуелсіз мемлекетімізде тың спорт түрі болып саналып, қазір берік орныққан самбоның қазақ топырағындағы алтын діңгегі, оның дамуы­на өлшеусіз үлес қосып, мыңдаған жас­тың қызығушылығын оятып, алдын әлемдік деңгейге жеткізген спорт сардары, саңлағы. Атам қазақтың «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген аталы сөзі осындай парасатты ұлға қатысты айтылған болар. Сүлеймен МӘМЕТ. Батыс Қазақстан облысы.