• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Ақпан, 2011

Қыстан қаймықпайтын қарт

343 рет
көрсетілді

Қыста тыста желең жүріп, қармен денесін ысқылап, суық суға жуына­тын адамдарды кейде теледидардан кө­ріп, мұның құпиясы неде екен деп таңда­на­тынымыз рас. Жүре берсең, көре береді екен­сің. Енді жақында мен қыстың ая­зы­нан қай­мық­­пай­тын бір ақ­са­қалды өз кө­­зіммен көр­ге­німді айтайын... Осы жыл­ғы қаңтар айы күн­дері­нің бірінде қаламыздың Мәуміт батыр көше­сімен келе жатқанмын. Күн­нің  аязы қатты, білетінім, сол күні қаладағы мек­тептердің төменгі сынып оқу­шы­ларына сабақ болмай жатты. Көшеде кірпігіне мұз қатып, бүр­сең­деп бара жатқан адамдар арасынан шұлықсыз кәлөш киген, жұқа шалбар мен мәйкіден басқа ештемесі жоқ  қарт кісінің біреумен әңгімелесіп тұр­ға­нын көзім шалып қалды. Сірә, қа­сын­дағы кісіге күннің аязы батқан сы­ңайлы, ол тұлыбының жағасын түріп алған, аяғындағы етікшесін жиі-жиі бір-біріне ұрады. Жақындай келе қысты «менсінбей» тұрған ақсақалды бірден тани кеттім. Ол – ауданымызға белгілі еңбек ардагері Болат Халиков екен. Үлкен кісінің бұлай тұрғанына таңданып, онымен сәлемдесуді де ұмытып, жанынан өтіп кетіппін. Артыма жалтақ-жалтақ қа­рап қоямын, екеуінің әңгімесі әзірге бітер емес. Мені аязды күні жалаңаш тұрған ақсақалдың жағ­дайы қызықты­рып барады. Осы күннен бастап маған ол кісінің сықырлаған аязда көшеде желең тұруының құпиясын білсем деген қызығушылық туды. Әу баста қарт кісі ғой, үлкейгендіктің белгісі болар деп, ойлағаным да рас. Кейіннен сұрастыра келе, оның ұзақ жылдардан бері қыста қар басып, далада суық суға шомыла­ты­нын  естідім. Болат атайдың үйіне жа­қын орналасқан жүргізушілерді оқытып куәлік беретін «Авто-Алтын» ЖШС ди­ректоры Амангелді Қалыбаевтың әңгі­ме­сінен кейін толығымен сенуге тура келді. — Менің осы қыз­метке келгеніме  алты жыл­дай уақыт болды. Ақ­сақалдың қыста қармен үстін ысқылап, суық суға шомылатынын жылда кө­ріп жүрмін. Кейбір көршілері оның осы қылықтарын ерсі көреді, қартайған ғой деп, әжуалайды. Шындығына келгенде бұл – нағыз денсаулықты шыңдау. Оның денсаулығы көтермесе, денесі суыққа үйреніспесе, мұндай қақаған аязда ондай іске бармас еді, – дейді    Аманкелді. Осындай әңгімелерден кейін мен  атайдың үйіне барып, өзімен тілдессем деген ойға келдім. Бұл жоспарым  жуырда жүзеге асты. Сол күні де ауа райы осал болмады, сырттағы термометр -29 градус салқындықты көрсетіп тұр еді. – Балам, қыстың көзі қырауда  жалаңаш жүруді біреулерге еліктегеннен немесе еріккеннен жасап жүрген жоқпын, – деп бастады ол әңгімесін. – Мен – қыста өзім қалаған кезде қармен денемді ысқылап, желең сыртта жүруге әбден дағдыланған адаммын, осыдан өзім  ләззәт аламын. Жалпы, табиғаттың ыстық-суығын жақсы көремін. Жазда ыссыдан қашып жұрт көлеңкеге тығы­лып жатқанда маған керісінше, күннің көзінде көп жүріп, күйдірінген ұнайды. Мұны жұмбақ қылатын еш құпиясы жоқ. Осыған  етім үйренген, бұл – менің ұзақ жылдардан бергі сүйікті ісім. Ал анау-мынау ауруға  әзірге бас иген жоқпын. Ақсақалымыз осылайша әңгімесін жалғастыра отырып: «Балам, сен жақсы келдің, арқам суық суды қалап тұр», – деп шешіне бастады. – Ата, не істемек ойың бар? – дедім мен таңдана. – Көшенің арғы бетіндегі су колонкасына ба­рып, жуынып қайтқым келіп отыр. Сен еріп жүр,  – деді ол маған. Екеуміз темір шелекті даңғырлатып үйінен 300 метрдей жерде орналасқан бұранға да келдік. Күннің ызғырық аязы мықты, «туф» десең түкірігің  қатады. Үйден  жалаңаш шыққан атай шойын шүмектен   суды алып, жуына бастады, үстіне шелектеп  су құйып, рахаттанып жатыр.  Менің осы жерде оның суыққа әбден бойы үйренгендігіне көзім жетті. Иә, қаһарлы қыста қарттық жаста далада суға түсіп, қар басуды екінің бірі істей алмайды. Нағыз саламатты өмір салтын ұстанудың бірден-бір кепілі де осы болар. Болат Халиков ақсақал қазір 75 жаста. Бес уақыт намазын оқиды, 2007 жылы Меккеге барып, мұсылмандықтың бір парызын өтеп қайтты.  Үйіндегі Зәйнаб әжей екеуі өмірге жеті бала әкелген, бес немере сүйіп отыр. Балаларының барлығына жоғары білім алуларына мүмкіндік жасаған үлгілі ата-әже. Мұхтар МЫРЗАЛИН, журналист. Ақтөбе облысы, Шалқар қаласы.