• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
18 Тамыз, 2016

Ауқымды шаралар алдында

367 рет
көрсетілді

Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың төра­ға­лығымен және еліміздің Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожин­нің қаты­суымен Қазақстанда аккредиттелген барлық дипло­ма­тиялық миссия мен халықаралық ұйымдар өкілдеріне арналған брифинг өтті. «Сіздер жазғы демалыстан кейін қызметтеріңізге жаңадан кірі­сіп жатырсыздар. Алдағы уақытта біздің көпжақты әрі жемісті әріптестігімізді дамытуға үлес қоса­сыздар деген сенімдеміз. Біз бола­шақта да осы игі дәстүрімізді сақ­тай отырып, сіздермен тұрақ­ты түрде кездесу өткізгіміз келеді. Мәселен, алдағы уақыт айтулы оқиғаларға толы болмақ. Ең бас­ты оқиға – ол Қазақстан Тәуел­сізді­гінің 25 жылдығы. Демек, бұл жыл еліміз үшін тарихи маңы­зы бар датаны атап өтуге арнал­мақ», – деген сыртқы саясат ведомство­сының басшысы биылғы жылға жос­парланған маңызды шараларға елі­мізде тіркелген шетелдік дипло­матиялық миссия өкілдері міндетті түрде шақырылатынын жеткізді. Сондай-ақ, министр: «Біз 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қазақстанның сайлануына өте қуаныштымыз. Бұл – Қазақстан үшін үлкен жетістік. Осы орайда сіздердің қолдауларыңыз бен ықпалдастық жұмыстарыңызға алғысымызды айтамыз», – деді. Е. Ыдырысовтың айтуынша, Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі өзінің жауапкершілікке толы міндетіне дайындық үстінде. Бұл ретте, Қазақстанның аталған Кеңестің тұрақты емес мүшесі болуына қатысты кешенді жоспар да әзірленіп жатқан көрінеді. Сонымен қатар, министр Елбасының бастамасы негізінде 29 тамызда әлемдік деңгейде Ядро­лық қаруға қарсы іс-қимыл­дың халықаралық күні атап өтіле­тініне, биыл да бұл атаулы датаға байланысты ауқымды шара ұйымдастырылатынына тоқтал­ды. «Жақында Семей ядролық поли­го­нының жабылуының 25 жылдығына орай, халықаралық конференция ұйымдастырылмақ. Қазақстанның ядролық қарусыздану және таратпау мәселесінде көшбасшы елге айналуы үшін барлық құқығы бар. Сондықтан, 29 тамыз күні осы мәселеге арналған ауқымды конференция өтеді», – дей келе, оған Азия, Африка, Еуропа елдерінен құрметті қонақтар мен лауазымды тұлғалардың арнайы шақырылып отырғанын жеткізді. Сыртқы істер министрі Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде бейбітшілікті нығайту аясындағы бастамаларды бұдан кейін де ілгерілете беретінін, ол үшін серіктестермен тығыз әріптестік байланыс орнату жалғасатынын айтты. Ерлан Ыдырысов, сондай-ақ, Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында ауқымды шаралар атқарылатыны және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шетелдерге жоспарланған сапарлары туралы айтып берді. «Қазақстан Президентінің халықаралық сапарларының кестесі өте тығыз. Мәселен, Мемлекет басшысының Польшаға, Сербияға сапарлары жоспарланған, сонымен қатар, біз қыркүйекте Қытайдағы G20 Саммитіне шақырылдық. Бұдан бөлек, Елбасы күзде Жапонияға, Кореяға сапарлайды, сондай-ақ, Әзербайжан мен Арменияға, Сауд Арабиясы Корольдігіне және Иорданияға барады. Бұдан басқа да ірі шаралар өткізіледі», – деді министр бұл турасында. Өз сөзінде Е.Ыдырысов Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың әлемдегі ең ірі ядролық полигонды жабу туралы тарихи Жарлығына 25 жыл толуы халықаралық маңызға ие оқиға екеніне, сондықтан, аталған мерейтой аясында 29 тамыз күні Астанада үлкен конференция ұйымдастырылатынына тоқталды. Оның айтуынша, маңызды жиынға антиядролық қозғалыстың белді өкілдері, шетелдердің және халықаралық ұйымдардың жоғары лауазымды өкілдері қатысады. Мәселен, дүние жүзінен келген 150-ге тарта делегат ядролық қарудан және оның сынақтарынан толықтай бас тартуға қол жеткізу мәселелерін талқы таразысына салмақ. Брифинг кезінде ведомство басшысы мен Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожин Қазақстан Республикасының салық заңнамасына енгізілген түзетулерге қатысты да түсініктеме берді. Мәселен, Д. Ерғожиннің айтуынша, бұл түзетулер мен өзгерістердің шетелдік бизнеске еш қатысы болмайды екен. Ал бұл туралы өз ойын білдірген Е.Ыдырысов: «Еліміздегі шетелдік бизнестің тыныс-тіршілігі әрдайым Қазақстанның назарында тұрады. Біз олардың қызмет етуіне барлық жағдайды жасауға әзірміз. Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті де дипломатиялық корпуспен және шетелдік бизнеспен белсенді жұмыс атқаруға дайын», – деді. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»