Былтыр астық өндірісінің үштен бірін иеленген солтүстікқазақстандық аграршылар биыл да бітік егін өсіріп отыр. Соған орай алға қойған меже биік. Жаз айларында молынан түскен жауын-шашын мен күн райының ыстық болуы алқапқа сіңірілген дәннің жайқала өсуіне зор септігін тигізді. Жергілікті ведомстволар, ауылшаруашылық құрылымдарының, астық қабылдау мекемелерінің өкілдері қатысқан алқалы жиында орақ науқанын ұйымшылдықпен өткізу шаралары жан-жақты талқыланып, қаржылық-техникалық жағдайдың реттілігіне айрықша мән берілді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров өңірде жауапты науқанды өз мәнінде атқарудың мүмкіндіктері жан-жақты қарастырылғанын, алда мол өнімді қысқа мерзімде ысырапсыз жинап алу мақсаты тұрғанын атап өтті. Биыл 4,4 миллион гектар жерге дән егілсе, олардың 3,2 миллионын дәнді және бұршақты, 512 мың гектарын майлы дақылдар құрайды. Қажетті агротехникалық талаптардың қолданылуы арқаcында 30 мың тоннаға жуық минералды тыңайтқыш сіңіріліп, қажетті химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілген.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Омаровтың деректері бойынша, жауапты науқанға 7700 комбайн қатыстыру көзделген. Олардың үштен біріне жуығы – жоғары өнімді техникалар. Жыл басынан бері «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 5 миллиард теңгеге 250 ауылшаруашылық техникалары әкелінген. Былайша айтқанда, ораққа тартылатын техникалардың 99 пайызы дайындық сапында. Оның сөзіне қарағанда, жалпы сыйымдылығы 3,6 миллион тоннаға жетеғабыл 52 астық қабылдау пункттерінің әзірлік сапасы тексеріліп, лицензия алған. Уәлиханов ауданында 27 мың тонналық астық сақтау қоймасы пайдалануға берілсе, таяу арада тағы үш астық қабылдау бекетін іске қосу жоспарланған. Олардың сыйымдылығы – 50 мың тонна. Шаруашылықтар 3 миллион тоннаға дейін ел ризығын қабылдап, сақтауға қауқарлы.
Жиынға қатысқан Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Қайрат Айтуғанов дизель отынының қымбаттағанына қарамастан ауылшаруашылық құрылымдары үшін бағаның қолжетімді болатынын, Үкімет тарапынан 392 мың тонна жанар-жағармай бөлінгенін, резерв қорынан қосымша 60 мың тонна босатылатынын жеткізіп, бір қуантып тастады.
Шаруашылық жетекшілері күзгі орақтың өз мәнінде өтетініне сенім білдірсе, ал электронды астық қолхаттарын пайдалану ережесіне байланысты күдіктерін жасырмады. «Астық туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, 23 шілдеден бастап қолданыла бастағаны белгілі. Министрліктің өсімдік шаруашылығын өндіру және қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары Ләззат Құпанова астық қолхаттарының тиімділігіне барынша тоқталғанымен, залға жиналғандардың пікірлері екіге жарылды.
Иә, астық қолхаты «құнды қағаз» мәртебесіне ие. Ол сақтауға тапсырылған астыққа мүліктік құқығын растайтын ресми құжат саналады. Астық қолхаттарының айналымын құқықтық жағынан жетілдірудегі мақсат оның электронды түрде жүргізілуін діттейді. Осы арқылы операциялардың есебі автоматтандырылады. Деректердің барынша мөлдір де ашық болуы осы саладағы тәртіп бұзушылықтарды мейлінше азайтуға, бизнес шығындарын төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, екінші дәрежелі банктердің тарапынан астық қолхатына сенімділік қамтамасыз етіліп, инвестициялар тартуға оң әсерін тигізеді. Жаңа жүйенің басты артықшылығы сол, астық қабылдау орындарына бармай-ақ интернет, болмаса ұялы телефон байланысының көмегімен онлайн режимде астықты сақтау мен элеваторларға өткізу туралы ақпаратты электронды қолхаттарға енгізуге болады. Бірақ жиынға қатысушылардың бір бөлігі озық әдісті қолдағанымен, айтар уәждері бар. Мәселен, «Мәмбетов және К» командиттік серіктестігінің директоры Еркебұлан Мәмбетовтің пікірінше, оны қолдану ауылдықтар үшін әзірге ерте. Алдымен техникалық жағын реттеп алу керек. Электронды астық қолхаттарын қолдануға біздің шаруашылықтың әлеуеті жетеді. Ал байланыс желілері жоқ шалғайдағы фермерлер қайтпек? Не интернет, не компьютер, не ұялы байланыс жұмыс істемейді. Демек, оларда электронды ақпаратты пайдалану мүмкіндігі мүлдем жоқ деген сөз. Оның ұсынысын «Зенченко және К» КС-нің директоры Геннадий Зенченко да қолдап, астық қолхаттары қағаз және электронды түрде қатар қолданылса деген өтінішін алға тартты.
Бір сөзбен айтқанда, аталмыш заң аясында жұмыс істеу көптеген қиындықтар тудыратыны, түйткілдердің жетіп-артылатыны қазірдің өзінде сезіліп отыр. Сондықтан, министрлік аграршылардың ұсыныс-пікірлеріне жете назар аударып, нақты шешімін тапса, құба-құп болар еді.
Бүгінгі күні облыста жаздық және күздік дақылдарды жинау қызу өріс алған. Негізгі дақыл бидайға да орақ түсті.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы