ДҮБІР
Данияр Елеусінов пен Әділбек Ниязымбетов финалда. Көңіліміз көтеріңкі. Құдай асылыққа жазбасын, ертең алтын салған қаптың ауызы ашылғалы тұр. Шойын жұдырық жігіттеріміз осылай қуанта берсе екен. Бұл күні Жайна Шекербекова француз қызы Сара Оурахмоннан өте алмады. Есесіне аса ауыр салмақтағы алыбымыз Иван Дычко нигериялық талантты боксшы Эфе Аджагбаны 3:0 есебімен жеңіп, жартылай финалға өтті. Дәл қазір қалтасында қола медальдің буы бұрқырап тұр. Бірақ біздің жігіт бұған қанағаттана қоймас деп ойлаймыз. Букмерлік кеңсе дегендер жүректі алып бітті. Біздің жігіт туралы не деп жатыр, деп тыңдап көресің ғой. Жатып кеп Джошуа Буатсуды мақтайды. Сұрапыл боксшы. Өзбектің таңдаулы боксшысы Элшод Расуловты үш ұрып құлатып, нокаутқа түсірген. Расулов Ниязымбетовті жеңіп жүрген, сондықтан Буатсу Ниязымбетовті де нокаутқа түсірсе, таңдануға болмайды. Сөзі осылай. Бірақ олар алдымен Әділбектің Элшодты қатарынан екі рет ұтқанын, кейін екі рет қарсыласы қарымта қайтарғанын айтпайды. Ниязымбетов бұлардың әулие емес екендерін іс жүзінде дәлелдеп берді. Кеудесін керіп шыққан Буатсу шегіне жүріп, айқас салған біздің батырдың екпініне ілесе алмады. Өзгелерді ұрып құлатып, дәндеп қалған ағылшынның маңдайы Әділбектің шойын жұдырығына кезігіп қала берді. Біздің боксшы қолына қолғап киіп емес, қос сүңгі ұстап шыққандай қайта-қайта бойлатып сұғып алады. Буатсу да аянып қалып жүрген жоқ. Кейде соққысы дөп тигенде, мына жақта біз ұшып кете жаздаймыз. Ниязымбетов өте салқынқанды екен. Буатсудың ашық айқасқа шақырғанына елп ете қалған жоқ, өзіне ұпай әкеліп жатқан мәнерін өзгертпеді. Жеңіске осылай жеттік. «Егемен Қазақстанның» арнаулы тілшісі Бақтияр ТАЙЖАН Рио-де-Жанейродан хабарлайдыЖҮЛДЕЛЕР ЖИЫНТЫҒЫ
(16 тамыздағы мәлімет)
№ Құрамалар Алтын Күміс Қола Барлығы 1 АҚШ 28 28 28 84 2 Ұлыбритания 19 19 12 50 3 Қытай 17 15 19 51 4 Ресей 12 12 14 38 5 Германия 11 8 7 26 6 Италия 8 9 6 23 7 Нидерланд 8 3 3 14 8 Франция 7 11 11 29 9 Австралия 7 8 9 24 10 Жапония 7 4 18 29 15 ҚАЗАҚСТАН 2 3 5 10 30 Өзбекстан 2 0 4 6 33 Украина 1 4 2 7 36 Армения 1 3 0 4 37 Беларусь 1 2 2 5 40 Грузия 1 1 3 5 54 Әзербайжан 0 2 3 5 58 Литва 0 1 2 3 69 Қырғызстан 0 0 1 1 69 Молдова 0 0 1 1 69 Эстония 0 0 1 1Ұзақ күткеннен ұтылыпты
Рио-де-Жанейрода бұрнағы күні түнде бокстан бірінші кездесуін өткізіп, оны жеңіліспен бітірген 51 килоға дейінгі салмақтағы Жайна Шекербекова жарысты ұзақ күткені өзіне қосымша жүк болып жабысқанын мәлімдеді. Осы жағдай оны психологиялық жағынан қажытып жіберген. Бұл өз кезегінде жекпе-жекке айтарлықтай әсер еткен. «Жеңу үшін барымды салдым. Бірақ, өкінішке қарай, ұтылып қалдым. Өзім психологиялық тұрғыдан дайын болмағанымды сездім», – деді боксшы. «Мен Риоға келгеннен кейін жекпе-жегімді ұзақ күттім. Бұл адамға қатты әсер етеді екен. Оны басымнан өткердім. Осының маған кедергі болғанына күмәнім жоқ. Негізі, қарсыласымды бұрыннан жақсы білетінмін. Жаттығуларда кездесіп көргенбіз. Бірақ, бүгін қанша жерден талпынсам да, жеңісті уысымнан шығарып алдым», – деді Жайна Шекербекова осы орайда.Ауыр салмақтағы алпауыт
Грузия құрама командасының ауыр атлеті Лаша Талахадзе өз елінің қоржынына бірінші алтын медальды түсірумен бірге, әлемнің жаңа рекордын да жасап үлгерді. Тамыздың 16-сы күні түнде жарыс жолына шыққан спортшы 105 килодан ауыр салмақтағылар бәсекесінде алдына жан салған жоқ. Грузин атлетінің қоссайыста жинаған 473 кило салмағы әлемнің жаңа рекорды болып табылады. Ол жұлқа көтеруде 215, серпе көтеруде 258 кило салмақтарды бағындырып, жиынтығында 473 килоға табан тіреді. Бұл – әлемнің бұрынғы ең үздік көрсеткішінен 1 килоға артық. Сөйтіп, ол Иранның атақты зілтеміршісі Хоссейн Резазаденің 2000 жылғы Сиднейден бері мызғымай тұрған рекордына өзгеріс енгізді.Британ букмекерлерінің тосын төрелігі
Британияның букмекерлік кеңсесі Олимпия рингінде төрешілердің шешімімен Евгений Тищенкодан жеңіліс тапқан Василий Левиттің жеңетіні турасында болжам білдіргендерге ақша төлейтіндерін хабарлады. Себебі, Paddy Power Ресей боксшысы финалда алтын медальды әділетсіз жолмен жеңіп алды деп есептейді. Айтуларынша, жекпе-жекте Қазақстан былғары қолғап шебері талассыз жеңген. Сондықтан болжам Василийдің жеңіске жеткені ретінде қабылданады. «Василий Левиттің алтын медалі өткен түнде ұрланып алынғаннан кейін біз ақыны оның жеңісі үшін төлеуге шешім қабылдадық», – делінген кеңсенің Твиттердегі парақшасында.«Секіргіш» спринтер
Багам аралдарының желаяғы Шона Миллер 400 метрге спринтерлік жүгіруде алтын медаль алу үшін қолынан келгеннің бәрін жасап бақты. Ол мәре сызығын кесіп өтуге санаулы метрлер қалған кезде өзінің америкалық бәсекелесі Эллисон Феликсті артқа қалдырып кете алмасын сезеді де, жүгіріп келе жатып, алға қарай бар пәрменімен секіріп қалады. Жеңіл атлеттің мұнысы ниетін ақтады. Ол Феликстен мәрені жүзден жеті секунд бұрын қиып өтті. Осылайша чемпион болып шыға келді. «Мен жүгіріп келе жатқанда, ештеңе де ойлағаным жоқ. Бар мақсатым қалайда басты бәсекелесімнен бұрын өту болды. Сол сәтте көз алдымда алтын медальдан басқа ештеңе болмады. Ал секіріп қалғаннан кейін есімді жисам, жерде құлап жатыр екенмін», – деп түсіндірді мұнысын соңынан Миллер. Шона айтылған қашықтықты 49,44 секундтық көрсеткішпен өтті. Суретті түсірген Данияр МАЙЛЫБАЕВ Осыдан кейін америкалықтар тарапынан оған жан-жақтан шабуыл басталды. Желідегілер қызды «Багамның секіргіші» деп кекетті. Олар жарыстың ұзындыққа секіруден емес, жүгіруден өткенін де айтып жатты. Алайда, багамдық спринтердің бұл әрекеті халықаралық жеңіл атлетика федерациясының ережелеріне толық сәйкесетін болып шықты. Мұндайда жеңіл атлеттің қолы, аяғы не басы мәреден ең бірінші өткен кезі есепке алынады екен. Ал Феликс бұған дейін де мұндай құқайды басынан кешіпті. Риоға келер алдындағы іріктеу сынында онымен жарысқа түскен отандасы Дженна Прандини 200 метр қашықтыққа жүгіру кезінде тап осылай секіріп өткен көрінеді.Президентті күзететін чемпион
Рио рингінде жеңіске жеткен боксшы Евгений Тищенко Ресей президенті күзетінің қызметкері болып жұмыс істейтін көрінеді. Ол жарыстарға Ресей федералды күзет қызметі спорт клубының атынан қатысып келіпті. Тищенконы спортшы ретінде өсіп-жетілдіру жайымен Ішкі істер министрлігі айналысыпты. Кейін әскер қатарына алынып, федералды күзет қызметіне тап болған. «Шамасы, оның өзі де қайда жұмыс істеп жүргенін толық біле қоймаған шығар. Себебі, Бразилияда берген бірінші сұхбатында өзін полицей ретінде атап көрсетіпті. Бірақ ол Олимпиададан кейін өзінің жұмыс істеп жүрген жеріне, яғни күзет қызметіне қайта оралады. Ал қызмет ету мерзімі аяқталғасын, осында қала бере ме, жоқ кете ме, оны өзі шешеді», – деп мәлімдейді ведомство өкілі. Тищенко бокспен бесінші сыныптан шұғылдана бастапты. Болашақ Олимпиада чемпионы мектепте оқып жүрген кезінде Оңтүстік федералды округінің біріншілігінде жүлделі орындардан көрініпті. Беттің материалдарын дайындаған Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан»