• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Парламент 24 Қаңтар, 2017

Сенаторлардың аймақтарға сапарлары қорытындыланды

5105 рет
көрсетілді

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев депутаттардың аймақтарға сапарының нәтижелерін қорытындылады. Сенаторлар еліміздің шалғай өңірлерінде 200-ден астам кездесу өткізді, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.

Сенат Бюросының отырысында Төраға сайлаушылармен жұмыс бабындағы кездесулер нәтижелі болғанын, шаралар бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жария етілгенін атап өтті. «Ауылдар мен қалаларда депутаттар еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізіп,  маңызды мәселелер бойынша жұртшылық пікірлерімен танысты. Алдағы жұмыста бізге жергілікті тұр­ғындарды алаңдататын мәсе­лелерді заңнамалық тұрғыдан шешу мүмкіндіктерін қарас­тырып, қажет болған жағдайда көте­рілген мәселелерді уақы­тын­да шешуге ықпал ету үшін депутаттық сауалдарды тиісті мемлекеттік органдарға жі­бе­руіміз керек», – деп атап өтті Қ.Тоқаев.

2017 жылғы жұмысқа бюро мүшелерінің назарын аудара отырып, Сенат басшысы Парламент алдағы уақытта маңызды қоғамдық-саяси бастамалар мен ауқымды шараларды іске асыратынын атап өтті. Олардың ішінде конституциялық заңдарға түзетулер енгізуге, салық және кеден, жер қойнауын пайдалану, жергілікті өзін өзі басқару секілді маңызды салаларды реттейтін заңнамаға өзгерістер енгізуге бағытталған заң жобалары бар. Биылғы жылғы тамыз айында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының кезекті отырысы мен Пагуош қозғалысының конференциясы болады.

Бюро мүшелері Сенаттың 26 қаңтарда болатын отырысының күн тәртібін келісті.

Сенаторлар «Сот-сараптама қызметі туралы» заң жобасын және оған ілеспе заң жобасын бірінші оқылымда қарайтын болды. Депутаттар сондай-ақ жайылымдар туралы және заңнамаға жайылымдарды пайдалану мә­се­лелері бойынша түзетулерді (екінші оқылымда) талқылайды.

Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті Қазақстан Үкіметі мен Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жө­нін­дегі Біріккен Ұлттар Ұйымы (ЮНЕСКО) арасындағы Қазақ­станда Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығын құру туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын одан әрі пысықтауда бас комитет болып белгіленді.