• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
18 Тамыз, 2016

«Менің Қазақстанымның» мерейтойы

447 рет
көрсетілді

«Осындай той Отырарда бұрын-соңды болмаған», деп ақын Сабырхан Асанов жырлағандай, күні кеше осынау киелі өңірде ән мерекесі болып өтті. Келтіріп отырған өлең жолдары даңқты композитор Шәмші Қалдаяқовтың атақты әнінің мәтінінен алынған. Тұтас бір ұрпақты әсем сазымен әлдилеген, әуенімен тәрбиелеген Шәкең шынында да бақытты жан. Еліміздің әнұраны болып қабылданған «Менің Қазақстаным» әніне биыл 60 жыл толса, оның мемлекеттік рәміздер қатарына енгеніне 10 жыл болды. Композитордың кіндік қаны тамған өлкесіндегі той осындай мерейлі даталармен тұспа-тұс келгендіктен, өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Аудан орталығындағы Мәде­ниет сарайында «Менің Қазақ­станым» ән байқауының ақтық сайысы өтті.  Облыстық деңгейдегі іс-шара суретші Әділхан Мәлік пен бір топ шәкірттерінің «Сағыныш сазын самғатқан – Шәмші» атты сурет көрмесімен басталып, ән байқауымен жалғасын тапты. Ширек ғасырға жуық тарихы бар конкурс ауданымызда алғаш рет ұйым­дастырылып, оған  сайдың тасын­дай іріктелген 20 үміткер қаты­сып, өз өнерлерін ортаға салды. «Менің Қазақстаным» ән фести­валі­нің Гала-концерті Ш.Қал­даяқов ауылындағы «Алпамыс батыр» спорт кешенін­де жалғасын тапты. Кешке арнайы қатысқан облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов  бар­ша оңтүстік жұртшылығын  өнер ме­ре­кесімен құттықтап, сөз сөйледі. – Шәмші мұрасын болашақ ұрпаққа жеткізу, әсем әндерін насихаттау барысында әлі талай-талай шаруалар жасау – біздің азаматтық борышымыз. Шәмші Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақ­станым» ән байқауы жылда Шымкент қаласында өтіп келген болатын. Сондай-ақ, көрнекті ақынымыз Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазылған «Менің Қазақстаным» әніне биыл 60 жыл толды. Осыған орай, байқау биылғы жылы Шәмші ағамыздың туған ауылында алғаш рет өтуде. Келесі жылдан бастап аталған байқауды облысымыздың барлық аудан, қалаларында өткізу үрдіске айналатын болады. 2017 жылы бұл фестивальды Созақ ауданында өткізуді ұсынамын, – деді облыс басшысы. Сондай-ақ, ол елордамыз Астана қаласында дара талант иесіне оңтүстіктің атынан еңселі ескерткіш орнатылатынын, Шәм­шінің туған ауылында да ескерт­кі­шін қою және музыка мектебін ашу туралы ойымен бөлісті. Құттықтау сөзінен соң өңір басшысы жүзден жүйрік шыққан əн байқауының жеңімпаздарын марапаттады. ІІІ орынға Түркістан қаласынан келген «Асу» дуэті лайықты деп танылды. Облыс əкімінің арнайы  жүлдесі арыстық Жұлдыз Әділбековаға  бұйырды. Жүлделі ІІ орынды созақтық Гүлбану Шалабаева иеленсе, байқауға Шымкент қаласынан сынға түскен Тұрғынбек Бекзат І орыннан көрінді. Ал байқаудың бас жүлдесіне композитордың жерлесі, Отырар ауданының тумасы Руслан Ақынбеков ие болды. Барша конкурсанттарға облыс әкімінің арнайы сыйлығы табысталып, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өткізілген мәдени шара оңтүстік өнерпаздарының концерттік бағдар­ламасына ұласты. Алмас АҚЫЛБЕК, журналист Оңтүстік Қазақстан облысы