Ақтау халықаралық теңіз сауда портының аумағындағы алғашқы әскери айлақтың құрылысы аяқталып келеді. Нысан биылғы жылдың қазан айында ресми түрде тапсырылады деп күтілуде.
Айлақтың құрылысы ақпан айында басталған болатын. Қазіргі кезде гидротехникалық құрылыстағы жұмыс қызу жүріп жатыр. Бұл Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің тарихында әскери мақсаттағы тұңғыш айлақ болайын деп тұр. Қазіргі сәтте қазақстандық әскери кемелер әскери-теңіз базасынан 140 шақырым қашықтықтағы Баутино кентіндегі жалға алынған пирста орналасқан. Бұл Ақтау қаласында тұратын әскери қызметшілерге белгілі бір қолайсыздық туғызуда. Осылайша, жекеменшік теңіз пирсының бой көтеруі Әскери-теңіз күштері үшін маңызды оқиға болып табылады.
Айлақтың құрылысымен Ақтау шаһары портының аумағындағы 1,2 га жер телімінде «Әскери құрылыс» акционерлік қоғамы айналысуда.
«Ақтау қаласының портында алғашқы Әскери-теңіз күштері кемелерінің орналасу пунктінің салынуы Әскери-теңіз күштеріне Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы ықтимал қауіп-қатерлерге тиімді және уақтылы ден қоюға, Каспий теңізінің кез келген ауданына кемелердің шығуын жедел жүзеге асыруға және материалдық-техникалық қамтамасыз етудің барлық түрлерімен қамтамасыз ету мен тасып жеткізуді дер кезінде ұйымдастыруға, техника мен қару-жарақтың мотоқорын үнемдеуге мүмкіндік беріп, жанар-жағармай материалдарына жұмсалатын шығынды айтарлықтай қысқартады», – деді өзінің сөзінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің қолбасшысы вице-адмирал Жандарбек Жанзақов.
«Егемен-ақпарат»