• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
18 Тамыз, 2016

Әкімшілік кедергілер әлегі

362 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы халыққа қызмет көрсетуді жетіл­діріп, әкімшілік кедергілерді барынша азайтуды үнемі талап етіп отырады. Бес институттық реформаны іске асыруға бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында да соны талап етті. Мәселен, кәсіпкерлікпен айналысқысы келетіндер ешқандай кедергілерге ұрынбасыншы, халық мемлекеттік қызметті пайдаланғанда анда-мында жүгіріп, сабылмасыншы, жүйкелерін тоздырмасыншы деп Елбасы барлық қиындықты жеңілдету керектігін айтудан, талап етуден жалыққан емес. Сол талаппен түрлі заңдар да қолға алынып, ол Үкіметте әзірленіп, Парламентте жетілдіріліп, қабыл­данып жатыр. Депутат болып отырған мүйізі қарағайдай білікті заңгерлер, эко­номистер оларды жетілдіріп, Президент талабына сай өзгерістер мен толықтырулар енгізіп жатады. Мәселен, соңғы уақытта кәсіп­керлікті жүргізуге тұсау болатын көптеген әкімшілік кедергілерді жою және оңайлату туралы заң қабылданды. Ал халықтың жүгірінді болуын азайту, қызмет көрсетуді жетілдіру мақсатымен мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы жаңа заң іске кірісті. Бұл бұрынғы «бір терезе» қағидатымен жұмыс істейтін қызмет көрсетулерді халық үшін тіпті жеңілдетіп, Ха­лыққа қызмет көрсету орта­лы­ғына зейнетақы, жылжымайтын мүлік, жер кадастры бойынша қызмет көрсетулерді қосып, түрлі анықтамалар мен құжаттарды бір жерден алуға қол жеткізген тамаша жеңілдік еді. Алайда, Президенттің осындай талабын, білікті мамандардың айлар бойы әзірлеген заңдарын ведомство басшысының ішкі нұс­қаулығы бір-ақ басып, кедер­гілерді қайтадан туындатып жатады. Осыған басымнан өткен бір мысалды айтайын. Кезекті еңбек демалысында Петропавл қаласында болған едім, 120 шақырым жер­дегі ауылымнан інім келе қалды. Биылғы жаз жаңбырлы болып, күніне 2-3 рет жауып тұрды. Жауын болған соң тасжолы жоқ қазақ ауылдары тұрғындарының бәрі қиналып, батпақтан шыға алмай жатады. Інімді банктің талабы қуып келген екен. Ол «Тұрғын үй жинақ банкінде» үй алмақ болып ақша жинап жүрген, сондағылар аяқ астынан бір анықтаманы жеткіз деген соң келіпті. Екеуміз үйден шығып, зей­нет­ақы қорына қанша ақша аудар­ғандығы туралы банк талап еткен анықтаманы алмақ болып жақын жердегі Халыққа қызмет көрсету орталығына келдік. Обалы нешік, інімнің өзіне зейнетақы қорындағы салымы туралы анықтаманы бес-ақ минөтте жазып берді. Ал әйеліне сондай анықтама алайын десек... жаңа ғана лыпылдап тұрған қызметкер өзгеріп шыға келді. Тіпті, әйелімен екеуінің некеде тұратындығы туралы куәлікті де, қалтасына салып ала келген жеке куәлігін де «өзі келсін» деп керек қылмады. Екеуі бірдей үйінен шыға алмайды, кіш­кентай балалары бар, үй шаруалары бар, оның үстіне жол нашар деген сияқты себептерді құлақтарына да қыстырмады. «Өзі келсін немесе нотариалды куәландырылған сенімхат әкеліңіз», дейді. Ауылда нотариус жоқ қой, оны қайдан алады десек, онда шаруасы жоқ екенін көлденең тартады.  Бастығына бардық, тіпті, ең үлкеніне бардық – ешқайсысы міз бақпайды. Түсінісуге деген ниет жоқ, қатып қалған роботтар сияқты. Сөйтсек, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың 2016 жыл­дың 29 қаңтарындағы №68 бұй­рығына №3 қосымша бар екен. Онда қызмет алушы өзі келгенде қолында жеке куәлігі болуы керек, ал біреу үшін анықтама алса, нотариалды түрде куәландырылған сенімхаты болуы тиіс делініпті. Егер біз осы талапты орындамасақ, сы­байлас жемқорлық туралы заңды бұзған боламыз дейді олар. Әйелі үшін алуға болады ғой, тіпті, зейнетақы қорына аударылған ақшаның сон­шалықты құпиясы да жоқ қой деген сияқты шырылымыздың бірін де құлақтарына ілген жоқ. Сөйтіп... бір анықтама алу үшін екі адам екі күн саз кешіп, 480 (120х4) шақырым жол жүріп, анық­таманы зорға алды. Сонда Президенттің қызмет көрсетудегі кедергілерді азайтыңдар деген талабы, заңдарда қарастырылған жеңілдіктер қайда қалды? Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»