• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
18 Тамыз, 2016

Франция және Моңғолия

2435 рет
көрсетілді

Париж

Астананың әлемдік аренада­ғы айтулы эстафетасы енді Бүкіл­әлемдік көрмелер алаңы – ЭКСПО-2017-ге ұласады. Үстіміз­дегі жылдың наурыз айында әлемнің 102 мемлекетінің өкілдері қатысқан форум өтіп, ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық барысы тағы пысықталды. Халықаралық көрмелер бюросының басшылығы Қазақстан тарапынан жасалып жатқан дайындық жұмыстарына жоғары баға берді. Қазірдің өзінде «Астана ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысатындығын әлемнің 96 мемлекеті растады. Елордада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға құлшыныс білдіргендер қатарында Франция және Моңғолия республикалары да бар. Француз Республикасы – Батыс Еуропадағы ең ірі мемлекет. Ол сол­түстік-шығысында Германиямен, Бельгия және Люксембургпен, шығысында – Швейцария және Германиямен, оңтүстік-шығысында Италия және Монакомен, оңтүстік-батысында Андорра және Испа­ниямен шекараласады. Бұл мем­лекеттің құрамына сонымен бірге, Корсика аралдары кіреді. Жалпы жер көлемі 674 685 шаршы шақырымды құрайды. Біздің заманымызға дейінгі дәуірлерде де Франция жерінде ең алғашқы адамдар мекендеген. Біздің заманымызға дейінгі VI–V ғасырлардан бастап біздің зама­нымыздың І мыңжылдығының соңына дейін Франция аумағында кельт тайпалары қоныстанды. Римдіктер оларды галлдар деп атады, сондықтан бүкіл ел Галлия атанды. І ғасырдың ортасында Галлияны римдіктер жаулап алды. ІV–V ғасырларда герман тайпаларының басқыншылығы салдарынан ел аумағында Рим үстемдігі түпкілікті жойылды. 486 жылы франктер Галлиядағы соңғы Рим иелігін басып алып, Франк мемлекеті құрылды. Х ғасырдан бастап ел Франция деп атала бастады. ХІІІ ғасырдың бас кезінде Англия корольдігі Солтүстік Францияның көпшілік бөлігінде билік құрды. Елдің орталықтануы күшейіп, Париж қаласы оның саяси және экономикалық орталығына айналды. Ел католиктер мен гугеноттар болып екіге жіктелді. Олардың арасындағы қақтығыстар «діни соғыстарға» ұласты. Оның шарықтау шегі – 1572 жылы 24 тамызда Парижде гугеноттарды жаппай қырғынға ұшыратуға («Вар­фоломей түніне») соқтырды. Билікке келген Бурбондар әулеті діни соғыстарды тоқтатып, католик дінін Франциядағы ресми дін ретінде бекітті, ал гугеноттарға дін ұстану еркіндігі берілді. 1789 жылы басталған Француз революциясы нәтижесінде монархия мен феодалдық қатынастар жойылып, Бірінші республика жарияланды. 1848-1852 жылдарда Екінші республика өмір сүрді. 1870-1940 жылдарда Үшінші респуб­ликаның дәуірі жалғасты. Екінші дүниежүзілік соғыс Франция үшін сәтсіз басталып, 1940 жылы Фран­цияны Германия басып алды. 1944 жылы Францияны одақтастар әскері азат етті. Алжирдегі француз ұлттық азат ету комитеті өзін Француз Республикасының уақытша үкіметі деп жариялады. 1946 жылы Төртінші республиканың конституциясы қабылданды. Сол кезеңде Алжирде орын алған сәтсіздіктер, Суэц арандатушылығының күй­реуі, әскери шығындардың өсуі Төртінші республиканы дағдарысқа ұрындырды. 1958 жылы мамырда Алжирде республикаға қарсы бүлік басталды. Алжирдегі француз армиясының басшылығы да бүлікшілерге қосылып, генерал Шарль де Голль бастаған «Ұлттық құтқару» үкіметін құруды талап етті. 1 маусымда ұлттық жиналыс Шарль де Голльдің төтенше өкілеттілік жөніндегі заң жобасын мақұлдады. Сөйтіп, Бесінші рес­публика құрылды. 1958 жылы 21 желтоқсандағы сайлаудың нәти­жесінде Шарль де Голль Францияның президенті болып сайланды. 1960-1990 жылдары Францияның экономикасы қарқынды дамып, елдегі демократиялық қоғам толығымен қалыптасқан әлемдегі жетекші елдердің біріне айналды. 1981 жылы ел президенті болып бірінші рет социалист Франсуа Миттеран сайланды. Бүгінде оның ізбасары Франсуа Олланд ел билігінің тізгінін ұстап келеді. Франция мемлекеттік құрылымы жөнінен унитарлы республика болып табылады. Әкімшілік-аумақтық бөлінісі жағынан 100 департаменттен тұрады. Бүгінде Францияда 65 миллионға жуық халық бар. Франция экономикасы барынша дамыған индустриялы-аграрлы ел болып табылады. Өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемі бойынша АҚШ, Жапония және Германиядан кейін 4-ші орынды иеленеді. Франция автомобиль шығару жөнінен әлемдегі көшбасшы мемлекеттің бірі. Сонымен бірге, авиациялық және ғарыштық техника өндірісі бойынша ол Еуропада 1-ші орын алады. Бұл елде химия өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп өте қарқынды дамыған. Франция киім-кешек және мата шығарудан Еуропада көш бастап келеді. Бұл ел ауылшаруашылық өнімдері мен ішкі рыногын толық қамтамасыз етіп, өндірілген өнімнің 40 пайызын экспортқа шығарады. Еуропада астық, сары май, ірі қара еті, ірімшікті ең көп өндіретін ел Франция болып табылады. Франция туристер үшін әлемдегі ең тартымды ел. Париж дүние жүзінде туристер ең көп келетін қала болса, Эйфель мұнарасы қонақтарды магнитше тартатын орталыққа айналған. Парижде бұдан басқа да тарихи және архитектуралық жәдігерлер көптеп саналады. Әлем бойынша әсем мода астанасы да – Париж. Франция – адамзаттың озық ойлы біртуар перзенттері Виктор Гюгоның, Декарттың, Александр Дюманың отаны. Франция мен Қазақстан Рес­пуб­ликасы арасындағы өзара бай­­­ланыс жылдан-жылға ны­ғайып, дамып келеді. Франция Республикасы ресми түрде 1992 жылдың 7 қаңтарында Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін мойындады. 1992 жылдың қыркүйек айында Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл елге алғашқы ресми сапары болып өтті. Елбасының осы алғашқы сапарынан бастап екі ел арасындағы достық және ынтымақтастық байланыстар жылдан-жылға нығаю үстінде.

Ұланбатыр

Моңғолия Республикасы – Орталық Азияның шығыс бөлігінде орналасқан. Солтүстігі Ресей Фе­дерациясымен, ал оңтүстігі, шы­ғысы және батысы Қытай Халық Республикасымен шекараласады. Моңғолияның теңізге шығатын жолы жоқ. Жер көлемі 1 564 116 шаршы шақырымды құрап, әлемде жер көлемі бойынша 17-ші орынды иеленеді. Халқының саны 2 млн. 700 мыңнан астам. Этностық құрамы жағынан халха-моңғолдар 90 пайыздан асады, қазақтар 4 пайыз, қытайлар 2 пайыз, орыстар 2 пайыз және басқа халықтардан құралады. Мемлекеттік тілі – моңғол тілі, жазуда кириллицаны пайдаланады. Қазақтар көп қоныстанған Баян-Өлгей аймағында мектептерде сабақ қазақ тілінде оқытылады. Қазіргі Моңғолия аумағын көне замандардан бері көшпенділер мекендеген. Көне дәуірде хундар (ғұндар) өздерінің ұлы мемлекетін құрып, қытайдың Син әулетімен  ұзақ соғыстар жүргізді. Қытай көшпенділерден қорғану үшін Ұлы Қытай қорғанын тұрғызды. Одан кейін бұл жерде түркілер өздерінің империясын құрды. ХІІ ғасырда ұлы қолбасшы Тэмужин шашыраңқы тайпа-ұлыстарды бір елге біріктіріп, Моңғол империясын жариялады. 1206 жылы Шыңғыс хан (Ұлы хан) жарты әлемді жаулап алу жолындағы ұлы жорығын бастады. Шыңғыс хан өлерінің алдында  бүкіл империясын балаларына бөліп берді. Ұлы қағанның ұрпағы бұдан кейін бірнеше ғасыр бойына жарты әлемді моңғол туының астында ұстады. Шыңғыс ханның немересі Құбы­лай хан империя астанасын Бейжің қаласына көшірген болатын. 1368 жылы қытайдың Минг әулеті үлкен көтеріліс ашып, моңғолдарды ойсырата жеңді. Осыдан бастап Моңғолия қытайдың отарына айналды. Тек 1911 жылы Цин империясы құлағаннан кейін ғана Моңғолия тәуелсіздік алып, дербес мемлекет болып жарияланды. 1917 жылы Ресейде азамат соғысы басталып, ақ пен қызылдың қиян-кескі соғысына жалғасты. Ақтар жеңіліс тауып, әскерлерінің қалдығы Моңғолия және Қытай жеріне қашты. Ақ әскердің қолбасшысы барон Унгерн Сыртқы Моңғолияға басып кіріп, Урга немесе қазіргі Ұлан-Батор қаласын өз мемлекетінің астанасы деп жариялады. Моңғолияның коммунистік көшбасшысы Сухэ-Батор басқын­шыларға қарсы көтеріліске шықты. Оны Кеңестің Қызыл армиясы қолдады. Сухэ-Батор Унгерн әске­рінің тас-талқанын шығарып, елден қуды. Сөйтіп, 1921 жылы Сыртқы Моңғолия – Моңғол Халық Республикасы болып жарияланды. Ал бүгінгі Моңғолия – парламенттік республика болып табылады. Елдің парламенті – Ұлттық Ұлы Хурал деп аталады. Моңғолияның экономикасы негізінен ауыл шаруашылығына және тау-кен өнеркәсібіне тәуелді. Бұл елдің аумағында табиғи қазба байлықтары мол. Мыс, молибден, қалайы, көмір, вольфрам, мырыш, темір рудасы ел экономикасында шешуші орын алады. Алтын өндіру біршама қарқынды дамыған. Ауыл шаруашылығының негізгі тұғыры – мал шаруашылығы. Моңғолия мал санын жан басына шаққандағы есеп бойынша дүние жүзінде алдыңғы орындардың бірін иеленеді. Егін шаруашылығы бойынша бидай, арпа, көкөніс және мал азығын өсірумен айналысады. 1992 жылғы 21 қаңтарда Қазақстан Республикасы мен Моңғолия Республикасы арасында дипломатиялық қатынас орнады. Бүгінде Қазақстан Моңғолияның негізгі сауда серіктесі болып табылады. Екі ел арасындағы достық ынтымақтастық уақыт өткен сайын нығайып келеді. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»