• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
18 Тамыз, 2016

Медалі – күміс, мәртебесі – алтын

281 рет
көрсетілді

Қазақстан бокс федерациясы кеше өте бір жақсы ұйғарым жасады. Рио-де-Жанейро рингін­де күміс медаль алған Василий Левит­­ке Олимпиялық ойындардың алтын жүлдегері үшін белгіленген 250 мың доллар мөлшерінде сый­ақы төленетін болды. Федерация мұны қазақстандық былғары қолғап шеберінің ресейлік Евгений Тищенкомен Rioсentro спорт кешенінде өткізген финалдық жекпе-жегіндегі керемет өнерінің лайықты бағалану деп түсіндірді. Шынында Василий бұл шайқаста өте жоғары деңгейден көрінді. Ұрыс бітіп, төреші­лер жеңісті бір ауыздан оның қарсыласына беріп жібергенде, зал толы көрермен хабарламаны ысқырып қарсы алды. Бұл оқиға кейін бүкіл әлемде өзінің жаңғырығын алып кетті. «Қазақстан бокс федерациясы Василий Левитті олимпиялық медаль жеңіп алуымен құттықтайды. Оның Риодағы ұрыстары әлемнің әр­түр­лі елдеріндегі беделді бокс сарап­шыларының, ең басты­сы, Қазақстандағы сияқты, сырт жақ­тарда да қызу қолдау көр­се­тетін жанкүйерлерінің ең жоға­ры баға­ларына ие болып, Василий­дің бұған шынында лайықты еке­нін көр­се­тіп берді. Ол Қазақ­стан бокс феде­рациясының, жат­тық­тыру­­шы­лар штабының және бүкіл ел­дің сені­­­мін ақтады», – деп атап өтіл­ген осы жайында мәлім етілген хабар­ламада. «AIBA-ның ережелеріне сәйкес, төрешілер шешіміне наразылық білдірілмейді, ал біз Халықаралық бокс ассоциациясының мүшесі ретінде осы ережені ұстануға міндеттіміз. Қазақстан бокс федерациясы төрешілердің шешімін құрметтейді», – делінген бұдан әрі. «Василий Левит Олимпиада рингінің финалдық жекпе-жегінде тамаша нәтиже, жеңіске деген орасан зор жігер көрсетті. Сондықтан Қазақстан бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаевтың шешімі бойынша, оған Олим­пиа­даның күміс медалін жеңіп алғаны үшін мемлекеттен төленетін 150 мың долларға тағы 100 мың қосы­лып, олимпиялық «алтынға» тең сыйақы берілетін болды», – деп жазады федерацияның баспасөз қызметі. Суретті түсірген Данияр МАЙЛЫБАЕВ