Қазақстан бокс федерациясы кеше өте бір жақсы ұйғарым жасады. Рио-де-Жанейро рингінде күміс медаль алған Василий Левитке Олимпиялық ойындардың алтын жүлдегері үшін белгіленген 250 мың доллар мөлшерінде сыйақы төленетін болды.
Федерация мұны қазақстандық былғары қолғап шеберінің ресейлік Евгений Тищенкомен Rioсentro спорт кешенінде өткізген финалдық жекпе-жегіндегі керемет өнерінің лайықты бағалану деп түсіндірді. Шынында Василий бұл шайқаста өте жоғары деңгейден көрінді. Ұрыс бітіп, төрешілер жеңісті бір ауыздан оның қарсыласына беріп жібергенде, зал толы көрермен хабарламаны ысқырып қарсы алды. Бұл оқиға кейін бүкіл әлемде өзінің жаңғырығын алып кетті.
«Қазақстан бокс федерациясы Василий Левитті олимпиялық медаль жеңіп алуымен құттықтайды. Оның Риодағы ұрыстары әлемнің әртүрлі елдеріндегі беделді бокс сарапшыларының, ең бастысы, Қазақстандағы сияқты, сырт жақтарда да қызу қолдау көрсететін жанкүйерлерінің ең жоғары бағаларына ие болып, Василийдің бұған шынында лайықты екенін көрсетіп берді. Ол Қазақстан бокс федерациясының, жаттықтырушылар штабының және бүкіл елдің сенімін ақтады», – деп атап өтілген осы жайында мәлім етілген хабарламада.
«AIBA-ның ережелеріне сәйкес, төрешілер шешіміне наразылық білдірілмейді, ал біз Халықаралық бокс ассоциациясының мүшесі ретінде осы ережені ұстануға міндеттіміз. Қазақстан бокс федерациясы төрешілердің шешімін құрметтейді», – делінген бұдан әрі.
«Василий Левит Олимпиада рингінің финалдық жекпе-жегінде тамаша нәтиже, жеңіске деген орасан зор жігер көрсетті. Сондықтан Қазақстан бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаевтың шешімі бойынша, оған Олимпиаданың күміс медалін жеңіп алғаны үшін мемлекеттен төленетін 150 мың долларға тағы 100 мың қосылып, олимпиялық «алтынға» тең сыйақы берілетін болды», – деп жазады федерацияның баспасөз қызметі.
Суретті түсірген Данияр МАЙЛЫБАЕВ