Кеше «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалында Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат Н.Назарбаевты қолдау жөніндегі қалалық қоғамдық штабтың тұсаукесері болды.
Ол 12 ақпанда құрылған республикалық қоғамдық штабтың филиалы болмақшы. Тұсаукесер рәсімін «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, штаб төрағасы Әмірхан Рахымжанов ашып, жүргізіп отырды. Штабтың басты мақсаты президенттікке кандидат, «Нұр Отан» ХДП Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлау науқанына бірегей қолдау көрсету, оның сайлауалды тұғырнамасын насихаттау жөніндегі үгіт-насихаттық іс-шаралар өткізу, деді ол өзінің кіріспе сөзінде. Бүгін штаб мүшелерінің бәрін жинап, жұмыс жоспарымен таныстырамыз. Штаб бөлімшелерінің, қоғамдық жылжымалы қабылдаулардың қайда болатыны, барлық орналасқан жерлері бүгін айтылатын болады. 3 наурыздан бастап ресми түрдегі насихат жұмыстары басталатыны белгілі. Біз сол уақыттан бастап халықпен жиі кездесіп, үгіт-насихат өнімдерін таратумен қатар, қабылдаулар өткізетін боламыз.
Астана қалалық қоғамдық штабының құрамы 19 адамнан тұрады. Олардың қатарында партия белсенділері, ардагерлер, этномәдени бірлестіктер, ҮЕҰ басшылары және т.б. бар. Жұмысшы органы алты бөлімнен тұрады. Соның ішінде ұйымдастыру, заңгерлік, қаржылық, материалдық-техникалық қамсыздандыру, баспасөз және қоғамдық қабылдау бөлімдері бар. Бүгінгі таңдағы қызу жұмыс Н.Назарбаевтың президенттікке кандидаттығын қолдауға қол жинау болып отыр екен. Штаб төрағасының айтуына қарағанда, қаладан 20 мыңнан артық қол жиналуға тиісті. Одан әрі президенттікке кандидаттың сенімді өкілдерін іріктеу, партияның сайлау учаскелеріндегі бақылаушыларын анықтау және т.б. толып жатқан шаралар кетеді.
Міне, осындай көзге көрінбесе де, маңызы зор қыруар шаруамен штаб қызу айналысатын болады.
Жақсыбай САМРАТ.