Рио-де-Жанейро Олимпиялық ойындарындағы он бірінші жарыс күні Қазақстан құрамасы қоржынына 1 алтын, 1 қола медаль қосылды. Алтын жүлдені біздің алтын айдарлы ардақты ұлымыз, бокстан Қазақстан құрамасының капитаны, астаналық Данияр Елеусінов өзбек боксшысы Шахрам Ғиясовпен шайқаста жеңіп алды. Осылайша ол қазақ боксшыларының Олимпиаданың 69 килоға дейінгі салмақтағы алтын медалін қатарынан төртінші мәрте жеңіп алуын қамтамасыз етті. Данияр 2004 жылы Афинада өткен Олимпиялық ойындарда Бақтияр Артаев негізін қалаған, кейін 2008 жылы Бейжіңде Бақыт Сәрсекбаев, 2012 жылы Лондонда Серік Сәпиев жалғастырған үлгілі үрдісті одан әрі ұластыра білді. Бұл – Олимпиялық ойындардың тарихында бұрын-соңды кездеспеген көрсеткіш. Данияр сонымен бірге, Серік Сәпиевтен кейінгі біздің әлем чемпиондығы атағын Олимп шыңына шығумен жалғастыра білген екінші боксшымыз.
Кешегі күннің тағы бір қуанышы – қарағандылық балуан Эльмира Сыздықова қола медаль алды. Сөйтіп, қазақ қыздары арасынан Олимпиялық ойындар тарихында оның жүлделі тұғырына көтерілген бірінші қыз атанды. Сондай-ақ, Эльмираның еліміз қорына Олимпиаданың 12-ші медалі болып енген жүлдесінің тағы бір салмақты жағы бар. Ол Қазақстан спортшыларының бұл жолы Олимпиялық ойындарда алған жиынтық медальдары санының да асып түскелі тұрғанын көрсетіп берді. Әзірге ол 12-ші болып тұрғанымен, әлі қандай түсті болатындары ажыратылмаған Әділбектің, Иванның және Дариғаның наградаларын қосқанда 15-інші болып шыға келеді. Ал біздің бұған дейінгі ең үздік көрсеткіштеріміз Бейжің мен Лондонда алған 13 медаль болатын.
Кеше түнде шаршы алаңға боксшы Әділбек Ниязымбетов те шықты. Ол 81 килоға дейінгі салмақтың алтын медалін кубалық Хулио Сезар Ла Крузбен сарапқа салды. Бұған дейін бұл қарсыластар екі рет – 2011 жылы Бакуде, 2013 жылы Алматыда өткен әлем чемпионаттарының финалында кездескен еді. Бұл жолы тағы да финалдық кезеңде қолғап түйістіріп отыр. Алайда жан беріп, жан алысқан жекпе-жек нәтижесі тағы да Хулио Сезордың пайдасына шешілді. Сөйтіп, Әділбек кезекті күмісін қанағат тұтты.
Суретті түсірген Данияр МАЙЛЫБАЕВ