Кеше футболдан Еуропа лигасының плей-офф кезеңінде «аАстан» командасы Беларусьтің БАТЭ клубымен кездесті. Кездесуде алаң иелері 2:0 есебімен жеңіске жетті.
Матч қызықты және тартысты өтті. Әсіресе, оның екінші таймында «Астана» командасы Еуропа лигасының топтық турниріне жолдама алу үшін барын салып өнер көрсетті. Кездесуде алаң иелері өз алаңында жеңіске деген жігерлілігін танытып матчтың 70-ші минутында алғашқы голды Жуниор Кабананга соқса, арада 12 минут өткенде Азат Нұрғалиев екінші доптың авторы атанды. Осы жеңіс «Астананың» Еуропа лигасының топтық турниріне шығуға мүмкіндік беріп отыр.
Беларусьтің клубы біздің елдің командаларымен алғаш рет кездесіп отырған жоқ. Бұған дейін олар Қарағандының «Шахтер» командасымен ойнап, екі кездесуде де отандастарымыздан жеңілген болатын.
Кеше «Астанамен» ойында қонақтар сол жолы кеткен есені қайтара алмады. Енді БАТЭ-ге топтық турнирге шығу үшін бір аптадан кейін Борисов қаласында өтетін кездесуде гол жібермей, «Астананы» үш доп айырмашылығымен жеңу керек. Ал астаналықтар бұған жол бермеуге тырысады.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Мансұр ХАМИТ