• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Тамыз, 2016

Қола жүлделі қайсар қыз

313 рет
көрсетілді

Бразилия боз кілеміндегі белдесулер қарағандылық бал­уан қыз Эльмира Сыздықова үшін сәтсіз басталды. 1/8 финалда ол ресейлік мықты балуан, Лондон-2012 Олимпиадасының чемпионы, 2015 жылғы әлем чемпио­ны Наталья Воробьевадан 1:4 есебімен ұтылып қалды. Алайда, қарсыласы финалға шығуы нәтижесінде  жолы болған Эльмира жұбаныш белдесуін өткізуге мүмкіндік алды. Балуан қыз тағдырдың өзіне тосыннан берген мүмкіндігіне қос қолдап жабысты. Әуелі ол моңғол спортшысы Очирбатын Насан­бур­мамен боз кілемге шық­ты. Аса тартысты өткен күрес 2:2 есебі­мен тең аяқталды. Төре­ші­лер ақыл­даса келіп, кілем үстінде бел­сен­ділігімен көзге түскен біздің балуанға бір ұпайды артық беріп, жеңісті қолына ұстатты. Қарсы алдынан жарқ етіп жұлдыз жанған Эльмира күшіне мініп, қола медаль үшін болған белдесуде Мысыр елінің қызы Энас Мостафа Юссеф Ахмедті 7:4 есебімен бет қаратпай ұтты. Сөйтіп, Қарағандының қай­сар қызы жеңіс тұғырының үшінші сатысына көтеріліп, Қазақ елінің жүлде қоржынына 12-ші медальды салды. Эльмира Солтүстік Қазақстан облысының тумасы болса да Қара­ғанды оны «Өзіміздің қайсар қыз» деп орынды мақтан етеді. Сегізінші сыныпта оқып жүргенінде әке­сі Эльмираны Қарағандыға алып келіп, Әлия Молдағұлова атын­дағы спортқа бейімді, дарын­ды балаларға арналған облыс­тық мамандандырылған мектеп-ин­тер­наттың күрес бөліміне берген екен. Бұл жерде Владимир Старо­сельский сынды білікті бап­кер­дің қарауында жаттықты. Ең алғашқы ірі жарысы – Ташкентте өткен кадеттер арасындағы Азия чемпионатында топ жарған Эльмира жұрттың назарын өзіне бірден аудартты. Сол кездің өзінде-ақ ол болашағынан мол үміт күттірген балуандар санатына қосылды. Жалпы, өзінің 24 жасына де­йін Эльмира Сыздықова күрес әлемінде талай биіктерді бағын­ды­рып үлгерген. 2012 жылы жасөспірімдер арасында Азияның чемпионы атанды. Арада бір жыл өткенде Голден Гран-при – 2013 турнирінің күміс жүлдегері атанды. 2014 жылы ересектер арасында Азия чемпионатында бақ сынап, жүлделі үшінші орынға табан тіреді. Сол жылы Моңғолияда өткен Гран-при жарысында қарсы­ластарының бәрін қирата жеңіп, алтын медальды ұтып алды. Бір жылдан кейін Азия чемпионатында күресіп, тек финалда ғана қарсы­ласына жол берді. Биылғы жыл Эльмира үшін аса табысты жылдардың бірі болды. Алдымен ол И.Ярыгиннің жүл­десі үшін өткен Гран-при турнирін­де топ жарса, одан кейін Азия чем­пионатында тағы да күміс жүл­деге қол салды. Ал 18-20 нау­рызда Астанада өткен лицензия­лық турнирде сәтті өнер көрсет­кен Эльмира Рио-2016 Олимпиа­да­сы­ның жолдамасын жеңіп алды. Жалпы, Эльмира 69 кило сал­мақта еліміз бойынша өзінің мықтылығын кілем үстінде талай мәрте дәлелдеді. Мысалы, ол Тараз қаласында өткен Қазақстан чемпионатында өз салмағындағы 14 балуанның ішінен үздік шықты. – спортпен бірге білімді де қатар алып жүр­ген ақылды қыздардың бірі. Ол Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың дене тәрбиесі және спорт факуль­те­тін тәмамдаған. Қазір Қарағанды эко­но­микалық университетінде екін­­ші жоғары білім алу үшін оқып жүр. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан»  ҚАРАҒАНДЫ Суретті түсірген Данияр МАЙЛЫБАЕВ