Парламент Сенатының депутаттары Рашит Әкімов пен Жабал Ерғалиев Ақмола облысында жұмыс бабындағы сапармен болды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Сенаторлар аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысуды облыс орталығы Көкшетау қаласынан бастады. Депутаттар «Сарыарқа» шағын ауданындағы тұрғын үйлердің құрылыс алаңдарында болып, жаңадан салынған балалар бақшасы мен өрт сөндіру депосының ғимараттарымен танысты.
Көкшетау сүт зауыты мен «Бижан» ет комбинатының еңбек ұжымдарымен кездесу барысында шағын және орта бизнесті дамыту, халықты жұмысқа орналастыру мәселелері көтерілді. Депутаттар ет және сүт өнімдерінің өндірісін келешекте ұлғайтуға назар аударды.
Р. Әкімов пен Ж. Ерғалиев Аршалы ауданындағы «жасыл технологияға» бет бұрған Вячеслав орта мектебінде болды. Бұл оқу орнында тамшылатып суару жүйесі және күн энергиясын пайдалану арқылы оқушылардың өздері көкөністер мен жеміс өсіретін өз жылыжайы бар.
Ақмола облыстық мәслихатының депутаттарымен кездесуде парламентшілер Парламенттің жоғарғы палатасының заң шығару қызметі жұмысының нәтижелері туралы әңгімеледі.
Ж.Ерғалиев, сонымен қатар, Көкшетау қаласында Құрылысшылар күніне арналған салтанатты жиналысқа да қатысты. Сенатор өз сөзінде Мемлекет басшысы құрылыс саласына және жастар мен халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын тұрғын үймен қамтамасыз етуге баса назар аударып отырғанын атап өтті.