Парламент Сенатының депутаттары Бақтыбай Шелпеков пен Михаил Бортник Маңғыстау облысында жұмыс сапарымен болды, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.
Б.Шелпеков аймақтың алғашқы жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары қаралған облыстық мәслихаттың сессиясына қатысты. Сенатор өз сөзінде Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарында алға қойылған стратегиялық міндеттер жайында айта келіп, Парламенттің реформаларды заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету қызметіне тоқталды. Депутат денсаулық сақтау, тұрғын үй құрылысы салалары және облыстың транзиттік әлеуеті мен жергілікті полиция қызметін жақсарту жөніндегі өзекті мәселелер туралы өз ойларын ортаға салды.
Жергілікті тұрғындар және еңбек ұжымдарымен кездесу барысында Б.Шелпеков пен М.Бортник аймақтың қазіргі кездегі дамуымен танысты. Әуелде сенаторлар Ақтау қаласының жұртшылығымен кездесті.
Одан соң «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында салынып жатқан Бейнеу – Шетпе – Жетібай – Ақтау автомобиль жолын жаңғырту барысымен танысты. Сенат депутаттары Қарақия ауданына барып, аудандық мәслихат депутаттарымен, ауыл ақсақалдары және тұрғындармен кездесті. Сапар бағдарламасына сай Құрық теңіз портында салынып жатқан нысандарда да болды.