• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
19 Тамыз, 2016

«Жасыл» энергетиканы дамыту үдерісі

435 рет
көрсетілді

Оңтүстік-Шығыс Азияға жасаған жұмыс сапары барысында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрме комиссары Рәпіл Жошыбаев Сингапурде аралдық мемлекеттің ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуына жауапты Ұлттық секцияның комиссары – Сауда және индустрия министрлігі департаментінің директоры Вонг Тун Джунмен және Сингапур туристік агенттігі ұлттық ассоциациясының президенті Дэвиндер Оримен кездесті. Кездесу барысында Рәпіл Жошыбаев пен Вонг Тун Джун екі ел арасындағы сауда-инвестициялық және ғылыми ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Оның ішінде «жасыл» технология саласын­дағы жетістіктер жан-жақты тілге тиек етіліп, Сингапур ком­панияларының Астанадағы көрмеге қатысу мүмкіндігі тал­қы­ланды. Сингапур комиссары бұл елде «жасыл» энергетиканы дамытуға айрықша мән берілетіндігін айта келіп, саланы дамытуға мемлекет бюджетінен 3,4 миллиард АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлінгендігін атап көрсетті. Бүгінде жаңғыр­малы энергия көздері арқылы алынатын энергетика саласында 18 мың адам жұмыспен қамтылған. Ол сонымен бірге, Астанада өткізілетін ЭКСПО көрмесінің бұл маңызды салаға жаңа технологиялар тартуға, ғылыми базаны нығайтуға және Қазақстанның халықаралық дәрежедегі беделінің артуына ықпал ететіндігін айтты. Кездесу қорытындысында Р.Жошыбаев пен Вонг Тун Джун ЭКСПО-2017 халықаралық маман­дандырылған көрмесіне синга­пурлік тараптың қатыса­тын­­ды­ғы жөніндегі шартқа қол қойды. Сингапур туристік агенттігі ұлттық ассоциациясының пре­зи­денті Дэвиндер Оримен өткізілген кездесу шеңберінде тараптар син­гапурлік туристерді елордада өтетін көрмеге көптеп тарту мәселелерін талқылады. Бұл ретте екі елдің туроператорлары көр­меге сатылатын билеттерді тара­ту мәселесі жөнінде жан-жақты жұмыс жүргізуі керек. Дэвин­дер Ори Астанада өтетін көрме шеңберінде сингапурлік турис­терді Қазақстанға көптеп тарту мәселесінің оңтайы келіп тұрған­дығын атап көрсетті. Сонымен бірге, Р.Жошыбаев Син­гапурде өтіп жатқан жыл сайын­ғы «NATAS Travel Fair 2016» халықаралық туристік көрмесіне қатысты. Осы көрме аясында ұйым­дастырылған Қазақстан павильо­нының жұмысымен танысып, сингапурліктерге қазақстандық туристік әлеуеттің мүмкіндіктерін паш етті. Ұлан САНЖАР