Президенттің баспасөз қызметі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтетін алдағы іс-шаралар аңдатпасы туралы хабарлады.
Қазақстан Президенті 22 тамыз-5 қыркүйек аралығында бірнеше мемлекетке сапармен барады.
Атап айтқанда, 22-23 тамызда Нұрсұлтан Назарбаев Президент Анджей Дуданың шақыруымен Польша Республикасына мемлекеттік сапармен барады. Екі елдің көшбасшылары сауда-экономика, инвестиция, ауыл шаруашылығы, сондай-ақ транзит-көлік және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты нығайту жолдарын талқылауды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының Қазақстан-Польша бизнес-форумына қатысуы көзделген.
23-24 тамызда Қазақстан Президенті ресми сапармен Сербия Республикасына барып, онда Президент Томислав Николичпен кездеседі. Келіссөздер аясында мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Сербияның екіжақты қарым-қатынасының өзекті мәселелерін талқылайтын болады.
Нұрсұлтан Назарбаев 1-5 қыркүйек аралығында ҚХР-дың Төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен G-20 Саммитіне қатысу үшін Қытай Халық Республикасына сапармен барады. Сапар барысында Мемлекет басшысы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесіп, онда Астана мен Бейжің ынтымақтастығының басым бағыттары талқыланады деп жоспарлануда. Бұдан бөлек, Саммит аясында делегациялар басшыларымен бірқатар келіссөздер өтпек.