Алтындай жарқыраған түсі үшін «алтын балық» аталып кеткен балықтың ерекше сүйкімді түрі адамдардың «үш тілегін орындамақ» түгілі, қоршаған ортаға қауіп төндіре бастады. Австралияның Балық шаруашылығы орталығы өзендердегі алтын балықтардың өсімін шектеуге шамасы жетпей, дабыл қағуға мәжбүр болды.
Васса өзенінде ондай балықтардың пайда болғанына 10 жылдан аспайды. Он жылдың ішінде тез көбейіп кеткен балықтар көзіне көрінгеннің бәрін жей беретін ашқарақтығын көрсетіп, басқа балықтарды құрта бастапты. Сырт көзге сүйкімді көрінген алтын балықтар шөп-шалам, маса сияқты жәндіктерді айтпағанда, балықтардың уылдырығын, өзінен тұрқы шағын тұқымдастарын қылғыта береді екен.
– Олардың көбейіп кетуіне жергілікті халықтың өзі кінәлі. Аквариумда бағып жүрген балықтарын осы өзенге әкеліп қоя береді. Қоршаған ортаға зиян келтіретінін ешқайсысы ойламаған, – дейді балық шаруашылығы орталығының қызметкерлері.
Енді орталық қызметкерлері алтын балықтарды аулаудың қамымен әлектеніп жатыр.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»