Америкалық ғалымдар адамдардың жан-тәнімен беріліп жұмыс істеу арқылы күйзелістен арыла алатындығына көз жеткізді. Ол үшін психологтар арнайы тәжірибе жүргізген.
Ғалымдар ұзақ уақыттан бері депрессияда жүрген 120 адамды іріктеп алып, олардың сүйікті жұмыстарымен шұғылдануына толық жағдай жасаған. Бірнеше аптадан кейін 120 адамның 80-і өздерін жақсы сезіне бастағандарын айтса, бір айдан кейін 117 адам күйзелістен толық құтылғандарын жеткізіпті.
– Бар ойы мен күш-жігерін жұмысқа арнаған адамның жағымсыз дүниелерді ойлауға мүмкіндігі болмайды. Жұмыс шын мәнісінде адамның ойын дұрыс арнаға бағыттауға көмектесіп, депрессиядан арылтады, – дейді ғалымдар.
Олардың айтуынша, жұмыс адамдардың басқалармен араласуға деген құлшынысын оятып, бұрынғы жағымсыз ойларды жақсы ойлармен алмастыруға ықпал етеді екен. Әсіресе, дене еңбегімен айналысудың пайдасы зор. Тіпті, дене еңбегімен айналысатын адамдардың жеңіл-желпі күйзелістерге бой алдыруы да қиын көрінеді.
Бұрын да айтылып жүрген дүниеге тәжірибе жүргізу арқылы толық көз жеткізген ғалымдар енді жұмыстың көмегімен басқа да психологиялық ауруларды емдеудің жолын қарастыруда.
Нұрхан АСҚАР