14 тамызда Эйндховен (Нидерланд) қаласында «Эйндховен технологиялық университетінің «STORM Eindhoven» ғылыми тобы құрастырған электрмотоциклдердің әлемдік саяхаты басталды.
Мотосаяхатқа қатысушылар Еуропа, Азия және Америка құрлықтары 25 елінің жолдарымен 26 мың шақырым жүріп өтуге ниеттенуде. Іс-шараның мақсаты – электрмобильдің инновациялық әлеуетін және баламалы энергия технологияларының кең қолданылуын көрсету.
Осы жылдың қыркүйегінде «STORM Eindhoven» әлемдік турнесінің аралық кезеңі Қазақстан аумағымен Шымкент – Тараз – Қордай – Алматы – Жаркент – Қорғас бағыты арқылы өтеді.
Биылғы жылдың 9 қыркүйегінде Алматы қаласындағы Қазақ экономикалық университетінде «STORM Eindhoven» командасы мүшелерінің қатысуымен озық технологиялардың арнайы тұсаукесері жоспарлануда.
Қазақстанның Нидерланд Корольдігіндегі елшілігі және «STORM Eindhoven» ғылыми тобы мотосаяхат кезінде «Болашақ энергиясы» ұранымен өтетін баламалы энергия көздерін дамытуға арналған ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін насихаттау туралы келісімге қол жеткізді.
Эйндховен қаласында өткен әлемдік саяхат бастамасына арналған салтанатты іс-шараға қатысушыларға «Астана-ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-тың логотипі бар фирмалық бұйымдар және басқа да имидждік өнімдер ұсынылды.
«Егемен-ақпарат»