Қостанайдағы «Қазпошта» акционерлік қоғамы облыстық филиалы ғимаратының қабырғасына хат тасушы, Социалистік Еңбек Ері Бизада Жиенғазинаға ескерткіш тақта орнатылды.
Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен қатар биыл қостанайлықтар облыстың 80 жылдығын да атап өтеді. Бизада Өтекейқызы облыста пошта байланысының қалыптасуы мен дамуына атсалысқан. Ол Кеңес Одағында Социалистік Еңбек Ері атағын алған 7 почтальонның бірі болатын. Екі рет Ленин орденімен марапатталды.
Бизада апай 1996 жылы өмірден өтті. Бірақ хат-хабарды, күнделікті поштаны алып, аулаға күлімсіреп кіріп келе жататын оның жарқын бейнесін қостанайлықтар ұмытқан жоқ. Оның есімін мәңгі есте сақтау мақсатымен ескерткіш тақта орнату туралы бастаманы да тұрғындардың өзі көтерді.
– Бизада апай ауа райы қалай болса да, газет-журнал мен хат-хабарға толы ауыр сумкасын иығына асып, оны әр үйге күнделікті жеткізуге асығатын. Қазіргідей интернет жоқ, адамдар газет-журналды күнде алаңдап күтіп отыратын. Ол нағыз еңбек адамы еді. Ол уақытта хат тасушылар бригадаға бөлініп, арасында социалистік жарыс өтетін. Мен Бизада апаның бригадасында болдым. Ол кісі хат тасушылардың босаңсуына мұрсат бермейтін, ылғи алда жүрдік. Социалистік Еңбек Ері атағын алғаннан кейін оған жеңілірек операторлық жұмысты ұсынғанда Бизада апа бас тартып, пошта таси беретіндігін айтқан еді. Жастарға қамқоршы болды, бізді төзімділікке баулыды, – деді Бизада Өтекейқызымен бірге істеген байланыс ардагері Галина Пасичник.
Бизада Жиенғазина үлкен отбасының анасы болды, бала тәрбиеледі. Қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысатын. Еңбектің ізі өшпейтіндігіне ескерткіш тақта жарқын мысал болғандай.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ