• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
19 Тамыз, 2016

Триатлоннан алғаш рет ашық біріншілік өтеді

247 рет
көрсетілді

Қапшағай су қоймасында осы жылдың 28 тамызында триатлоннан кәсіпқойлар мен әуесқойлардың қатысуымен Қазақстанның «ALTYN ADAM TRIATHLON 2016» І ашық біріншілігі өтеді. Қазақстан триатлон федерациясының баспасөз қызметі хабарлағандай, чемпионатқа кез келген тілек білдіруші қатыса алады. Жарыс қорытындысы бойынша жақсы нәтиже көрсеткен спортшылар Қазақстан құрамасына кіреді. Біріншілікті ұйымдастырушылардың айтуынша, «ALTYN ADAM TRIATHLON 2016» жарысы қарапайым азаматтарға спорт жұлдыздарымен етене танысуға, сондай-ақ, жеңіске деген құлшынысын оятып, күш-қуатын арттыруға мүмкіндік береді. Қазақстан триатлон федерациясының президенті Мұратхан Тоқмадидің сөзіне қарағанда, біріншілікте шетелдерден де спортшылар келіп сайысқа түседі. Олардың арасында триатлоннан (ITU-Халықаралық триатлон одағы) әлемнің 3 дүркін чемпионы Пол Амей бар. Сонымен қатар, ол 6-14 қыркүйек аралығында осы спорт түрінің майталманы Крис Маккормактың қатысуымен тәжірибелі триатлоншылар жиыны өтетінін, бұл өз кезегінде Алматының туризм саласын дамытуға қосылар елеулі үлес болатынын жеткізді. Ал Қазақстан триатлон федерациясының вице-президенті Гаджи Гаджиев: «Қазіргі таңда біздің алдымызда тұрған негізгі міндет – мықты, тәжірибелі триатлоншыларды анықтап, олардың халықаралық жарыстар мен әлемдік біріншіліктерге дайындау. Алдымызда 2020 жылы өтетін Олимпиада тұр. Біз осындай беделді, биік деңгейлі жарыстарда даңқ тұғырына көтерілуге тиістіміз. Бізде жеңіске деген құштарлық мол», – деді. Айта кетейік, 28 тамызда ALTYN ADAM TRIATHLON 2016» І ашық біріншілігі «Ривьера» қонақ үйінің ауласынан бастау алады. Әзірге, қатысушыларды федерацияның www.triathlon.kz сайты арқылы тіркеу жүргізілуде. Жолдыбай БАЗАР