ҰҚШҰ-ның Ұжымдық жедел ден қою күштерінің (ҰЖДК) контингенттері Ресейдің Псков облысындағы «Өзара іс-қимыл-2016» командалық-штабтық оқу-жаттығуы барысында шекара маңындағы аймақта қарулы жанжалды оқшаулау жөніндегі бірлескен оқу операциясы дайындығын бастады.
Оқу-жаттығуға қатысу үшін Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы және Тәжікстан Республикасы қарулы күштерінің контингенттері келді. ҰҚШҰ ҰЖДК-ның тартылған контингенттерінің саны – 1 300-ден аса адам. Оқу-жаттығуға барлығы 6 000-нан астам әскери қызметші қатысады. Оған қоса 1000 бірлік қару-жарақ, жауынгерлік және арнайы техника бар. «Струги Красные» полигонынан басқа, оқу-жаттығу бағытына сәйкес іс-қимылдар Батыс әскери округінің тағы екі полигонында жалғасады.
Ауқымды шара басталар алдында оқу-жаттығуға қатысатын ҰҚШҰ-ның ҰЖДК қолбасшылығымен, ұлттық контингенттердің басқару органдарымен жедел жиын өткізілді.
ҰҚШҰ ҰЖДК-ның әскери контингенттері практикалық іс-қимылдар дайындығын бастады.
«Егемен-ақпарат»