• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Ақпан, 2011

Мектеп Міржақып атын алды

517 рет
көрсетілді

Жуырда облыс әкімінің орын­басары Әлия Ғалымова бас­қара­тын облыстық оно­мас­ти­калық комиссияның отырысы өтті. Cол отырыста аудан орталығындағы Железинка қазақ орта мектебіне ұлтымыздың біртуар азаматы, халқына «Оян, қазақ!», деп ой салған, биыл туғанына 125 жыл толатын Міржақып Дулатұлы­ның есімін беру жөніндегі ұсы­ныс бірауыздан қолдау тапты. Сондықтан, мектеп ұжымы, оқу­шылар енді бұл ұсыныстың жоға­рыдан бекітілуін асыға күтуде. Негізінен, бұл бастаманы қазақ мектебіндегі балалардың санын көбейтіп, осы жерге Өз­бекстан жағынан көшіп келген оралман ағайындар, мұғалімдер, ата-аналар көтерген еді. Бұл іске ұлтжанды азамат Жанат Шұғаев басқаратын аудан әкімдігі де аз үлес қосқан жоқ. Жалпы, бұл аудан орталығында өмірі қазақ мектебі деген болмаған. Қазақ мек­тебінің салынуы, біріншіден, ел егемен­ді­гінің, Елбасының арқа­сы болса, екіншіден, бұл сауап­ты іске сол кездегі облыс әкі­мінің қамқорлығы мен қолдауы тигені де шындық. Қазір аудан орталығындағы жарқы­ра­ған жаңа мектепте жыл сайын қазақ тілінде білім алатын оқу­шылар қатары көбейіп келеді. Ус­пенкада да жаңа мектеп салынды, Өзбекстаннан келген оралман ағайындардың балалары мек­теп сыныптарын толтыруда. Мектепке еліміздің әнұраны авторларының бірі Жұмекен Нәжімеденовтің есімін беру туралы ұсыныстар бар. Бүгінде оның құжат-қағаздары дайын көрінеді. Облыс әкімінің орын­басары Әлия Қайратқызы мұн­дай мән-маңызы зор, мақсат­ты шаралардың аяқсыз қал­мауы­на үлес қосады деп сенеміз. Өйт­кені, алда Железинка, Успенка аталып тұрған аудан және аудан орталықтарының да байырғы атау­ларын ежелгі атына қайтару міндеті тұр. Ал қазақ мектептеріне ұлты­мыздың біртуар ұл­дары­ның есімдерін беру арқылы жас ұрпақты елін, жерін, ұлтын сүюге, ана тілін құрметтеуге сай тәрбиелей аламыз, әрі елі үшін тер төккен ғазиз жандардың өлмес рухы оларды әрқашан қолдап, жебеп жүретіні күмәнсіз. Фарида БЫҚАЙ. Павлодар.