• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
18 Ақпан, 2011

Бюджет қайта пысықталды

323 рет
көрсетілді

Ол Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатын көздейді Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен бұрнағы күні өткен Үкімет отырысында «Қазақстан Республикасының «2011-2013 жылдарға арналған рес­публикалық бюджеті туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауында және «Нұр Отан» ХДП ХІІІ съезінде сөйлеген сөзінде Үкімет алдына бірқатар нақты міндеттер қойған болатын. Осы міндеттерден туын­да­ған бағдарламалар жедел түрде дайын­да­лып, талқылаудан өтті. Бұл бағдар­ла­ма­лардың барлығы қаржылық қолдауды қажет етеді. Сондықтан 2011-2013 жылдарға ар­налған республикалық бюджетке түзетулер енгізу қажет, деді Үкімет басшысы оты­рысты ашқан кіріспе сөзінде. Мұндай өз­ге­рістер енгізуге 2010 жылғы экономи­ка­ның өсуі және 2011 жылға арналған макро­эко­номикалық есептер мүмкіндік беріп отыр. Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанованың мәлімдеуінше, 2011 жылдың алғашқы айында қысқа мерзімді экономикалық индикатор өткен жыл­дың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 106,9 па­йыз­ды құраған. Өнеркәсіп өндірісі 5,8 пайыз, құрылыс жұмыстарының көлемі 2,2 пайыз, бөлшек саудадағы тауар айналымы 11,1 пайыз, көлік қызметі 7 пайызға артқан. Ал­ғаш­қы айдың осындай көрсеткішері 2011 жы­лы экономиканың өсімі 5 пайыз көле­мін­де болады деп болжам жасауға мүмкіндік береді. Экономикалық даму және сауда ми­нистрлігінің болжамы бойынша, биылғы жы­лы ауылшаруашылық өнімдерінің көле­мі 5,0 пайызға және өнеркәсіп өнімінің көле­мі 4,8 пайызға өспек. Мұнай өндіру 81 миллион тонна көлемінде болмақ. Биылғы жылы экспорт көлемі 59 058,4 миллион доллар, тауар импортының көлемі 33 768,9 миллион дол­лар көлемінде болады деп болжануда. Үкімет отырысында Қаржы министрі Болат Жәмішев   жоғарыда аталған заң жо­ба­сын таныстырды. Оның айтуынша, 2011 жылғы республикалық бюджеттің түсімі 4 триллион 249,3 миллиард теңге немесе қол­даныстағы бюджеттен (4 триллион 041,4 миллиард тең­ге) 207,9 миллиард тең­­ге­ге артық болжанып отыр. Респуб­ли­ка­лық бюд­жет­тің шығысы 4 триллион 945,1 миллиард теңге немесе бұ­рын бекітілген мөлшерден 301,3 миллиард теңге ар­тық болмақ. Со­нымен бірге бюджет түсі­міне 2010 жылдан қал­­ған 82,9 миллиард теңге қар­жы да қосылады. Жоба бойынша респуб­ли­калық бюджет­тің шы­ғыс бөлігінде басымдық берілген бағ­дар­ламалар да анықталды. Негізінен бюджетте қарастырылған қаржы білім беру саласына (20,5 миллиард теңге), денсаулық сақтау сала­сына (7,1 миллиард теңге), тұр­ғындарды жұ­мыс­пен қамту бағ­дар­ламансын іс жүзіне асыру­ға (40,2 миллиард теңге) жұмсал­мақ. Үдемелі индустрия­лық-инновациялық даму бағдарламасына 56,9 миллиард теңге, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға 15,2 миллиард теңге, елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамта­ма­сыз етуге 8,2 миллиард теңге қарас­ты­рыл­ған. Мемлекет басшысының Жол­дауынан туындайтын тұр­ғын-үй коммуналдық са­ланы дамытуға және жылжымайтын мүлік рыногын қолдауға 75 миллиард теңге, дағ­да­рыстан кейінгі тұрақ­тандырудың жаңа бағ­дарламасына 8,8 миллиард теңге, «Еңбек өнімділігі-2020» бағдарла­масына 15 миллиард теңге, гидро­тех­никалық қондырғы­лар және өзен жаға­лауларын бекіту шара­ларына 9,9 миллиард теңге жұмсалмақ. «Еңбек өнімділігі-2020» бағдарламасы­ның негізгі мақсаты тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту арқылы ел экономикасына қарқынды даму үдерісін беру болып табы­лады. Елбасының Жолдауынан туындаған тұрғын үй құрылысын қолдау бағдарла­ма­сының аясында 2011 жылы 6 миллион шар­шы метр тұрғын үй қорын пайдалануға беру көзделген. Бұл бағдарлама шеңберінде 500 мың шаршы метр тұрғын үй қоры мемлекеттік бағдарлама бойынша республикалық бюджет қаржысы есебінен қамтамасыз етіледі. 2,3 миллион шаршы метр тұрғын үй қоры үлескерлерді мемлекет тарапынан қолдау бағдарламасы аясында жүзеге асы­рылмақ. Ал 400 мың шаршы метр тұрғын үй қоры коммерциялық негізде жүзеге асырыл­мақ. 2,8 миллион шаршы метр тұр­ғын үй қоры жеке меншік негізде жүзеге асырылмақ. Мемлекет басшысының «Нұр Отан» ХДП ХІІІ съезінде сөйлеген сөзінен туын­дайтын міндеттерге байланысты елімізде «Еңбек өнімділігі-2020» бағдарламасы қабылданып, жүзеге асырыла бастады. Бұл бағдарлама Елбасының 2010 жылғы 19 наурызда жа­рық­қа шыққан елімізді үдемелі ин­дус­трия­лық-ин­но­вациялық дамыту бағ­дар­лама­сының шең­беріндегі белгіленген мін­дет­терді жүзеге асы­руға арналған. Ал «Ең­бек өнімді­лі­гі-2020» бағ­дарламасының негізгі мақсаты елімізде бұдан бұрын қабылданған дағдарысқа қарсы «Бизнестің жол кар­тасы-2020» бағдар­ла­масының жал­ғасы бо­лып табылады. Сонымен бірге, қайта пысықталған рес­публикалық бюджет аясында Алматы қала­сына 12,1 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде Алматы метрополитеніне 2,1 миллиард теңге, «Әйгерім» тұрғын үй кешенін аяқтауға 2 миллиард теңге бөлінбек. Ал Астана қаласының құрылысын дамытуға, оның ішінде №2 ЖЭО-ны қайта жарақ­тан­дыруға 3,3 миллиард теңге, үлескерлердің қатысуы­мен  салынатын тұрғын үй құры­лысын аяқ­тау­­ға 2 миллиард теңге бөлінбек. Үкімет оты­рысында Елбасының Қазақстан халқына ар­наған «Болашақтың іргесін бірге қалай­мыз» атты Жолдауынан және «Нұр Отан» ХДП ХІІІ­ съезінде сөйлеген сөзінен туындайтын міндеттер қаржылық жағынан толық қамта­ма­сыз етіліп, нақты жүзеге асыру бағытында тиянақты шешімдер қабылданды. Үкімет мүшелері жан-жақты талқылау­дан кейін  «Қазақстан Республикасының 2011-2013 жылдарға арналған респуб­ли­калық бюджеті туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жо­ба­сын толық мақұлдап, бекітті. Сонымен бірге Үкімет отырысында Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі  Нұр­мұ­хам­бет Әбдібеков «Еңбек өнім­ділігі-2020» бағдар­ла­масының жобасымен таныстырды. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.