• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
25 Тамыз, 2016

Әріптестік байланыстар әлеуеті

356 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Сербия Республикасына ресми сапары табысты қорытындыланды Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Сербия Республикасына ресми сапары кеше «Сербия» сарайында екі ел президенттерінің кездесуімен басталды. Оның алдында мәртебелі мейманның келу құрметіне зеңбіректерден 10 дүркін оқ атылып, Құрмет қарауылы сап түзеді. Екі елдің мемлекеттік әнұрандары орындалып, президенттер мемлекеттік туларға тағзым жасады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Сербия Президенті Томислав Нико­личпен шағын құрамда келіс­сөз жүргізіп, екі ел арасындағы әріптестік байланыстарды одан әрі нығайту жолдарын талқылады, сондай-ақ, халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелеріне қатысты өзара пікір алмасты. Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев пен Томислав Нико­лич Сербия Президентінің Қазақстанға былтырғы сапары аясында қол жеткізілген уағда­ластықтың іске асырылу бары­сына тоқталып өтті. Қазақ­стан басшысы Сербия елі­міз­дің ма­ңызды серіктесінің бірі болып табылатынын және бүгінде екі ел арасында түрлі эко­но­микалық және саяси салалар бойын­ша толық өзара түсіністіктің орын алып отырғанын атап өтті. – Бүгінгі кездесуіміз Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығын және Сербиямен дипломатиялық қарым-қатынас орнауының 20 жылдығын атап өтетін кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл кездесу тауар айналымын ұлғайтуға, эко­но­микалық және саяси ынты­­мақ­тастықты жандандыруға сеп­ті­гін тигізеді деп үміттенемін. Біз ауыл шаруашылығы, метал­лургия, құрылыс, медицина және фар­мацевтика салаларында ынты­мақтасуға ниеттіміз. Қазақстан мен Сербияның экономикасы бір-бірін өзара толықтыра түсе­ді. Серіктестік екі тарапқа да пай­дасын тигізетін болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті ЭКСПО-2017 халықаралық маман­­дан­дырылған көрмесін өткізу құқығына дауыс беру және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесіне сайлау кезінде елімізді қолдағаны үшін Сербия көшбасшысына алғыс айтты. Сербия Президенті бүгінде Астана мен Белград түрлі саладағы өзара іс-қимыл үшін зор әлеуетке ие екендігін атап өтті. – Біз Сербия Республика­сы­ның егемендігі мен аумақтық тұтас­­ты­ғына қатысты бекем ұс­танымыңыз, сондай-ақ, ЮНЕСКО-ның Дүние­жүзілік мұра­лар тізіміндегі біздің елдің мәдени нысандарын сақтау ісіне қолдау көрсеткеніңіз үшін Сізге ризашылық білдіреміз, – деді Томислав Николич. Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттер арасындағы достық пен ынтымақтастықты ны­ғайтуға қосқан үлесі үшін Сербия Президентін I дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. Қазақстан басшысының Сербия Республикасына ресми сапары аясында кеңейтілген құрамда да келіссөздер өтті. Оның барысында өзара мүдделестік қалыптас­қан бір­қатар бағыт бойынша перс­пек­тивалы жобалардың іске асы­рылу мәселелері қарасты­рыл­­ды. Тараптар екіжақты ын­тымақ­тас­тық­тың дамуында ілгері­леу­шіліктің, сондай-ақ, оның аясын кеңейте түсу үшін зор әлеует­тің бар екенін атап өтті. Келіссөздер қорытындысы бойынша төмендегідей құжат­тарға қол қойылды: Қазақстан Республикасы Президенті мен Сербия Республикасы Прези­дентінің бірлескен мәлімдемесі; Қазақстан Республикасы мен Сербия Республикасы арасындағы Қылмыстық істер бойынша құ­қық­тық көмек көрсету, ұстап беру және сотталған адамдарды беру туралы шарт; Сербия Рес­пуб­ликасының ЭКСПО-2017 халық­аралық мамандандырылған көрмесіне қатысуы туралы шарт; Алматы облысының әкімдігі мен Воеводина автономиялық аймағының үкіметі арасындағы ынтымақтастық туралы келісім. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Сер­бия Республикасының Пре­зиденті Томислав Николичпен келіссөздер қорытындысы бойын­ша бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді. Қазақстан басшысы өзінің алғашқы ресми сапары елдер ара­сын­дағы дипломатиялық қа­рым-қатынастың орнауының 20 жыл­дығына тұспа-тұс келгеніне тоқталды. – Менің сапарым қарсаңында Сауда-экономикалық ынтымақ­тастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның бірінші отырысы өтті. Бүгінде елдеріміз арасында экономикадағы өзара іс-қимыл деңгейі Қазақстан мен Сербияның мүмкіндіктеріне сай келмейді. Қазақстанда құрылыс және сауда салаларында Сербия капиталының қатысуымен 15-тей бірлескен кәсіп­орын жұмыс жүргізуде. Сер­­б­ия компаниялары Алматы метро­­политенінің бірқатар станса­сының, өңірлердегі басқа да инфра­құрылымдық нысандардың құрылысына қатысты, – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев келіс­сөз­дер барысында Сербия биз­несі­нің Қазақстанды индустрия­лық-инновациялық және инфра­құрылымдық дамыту ісіне ат­салысу мүмкіндіктерін талқы­лау­ға ерекше мән берілгенін атап өтті. – Біз өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы, көлік және тран­зит, медицина, туризм, шағын және орта бизнес салаларын ынты­мақтастықтың басым бағыт­тары ретінде белгіледік. Бұл орайда бізде жақсы тәжірибе бар, оның ішінде Сербияның «Энер­гожоба» компаниясы Қазақ­стан аумағында бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға атсалысқан болатын. Біз елімізге озық тәжірибесі мен технологиялары бар Сербияның жаңа компаниялары келеді деп үміттенеміз. Сондай-ақ, біз Азия мен Еуропа арасындағы жүк та­сы­­малын арттыру үшін Қазақ­стан мен Сербияның көлік-тран­зит әлеуетін өзара пайдала­ну жө­нін­де пікір алмастық. Еура­зия­­лық эко­номикалық одақ ая­сын­дағы өз­ара ын­тымақтастық мүм­кін­діктері тал­қыланды, – деді Мемле­кет басшысы. Қазақстан Президенті биылғы мамырда Астанада ЕАЭО елдері көшбасшылары қабылдаған сауда режімін біріздендіру жөніндегі келіссөздерді бастау туралы шешім Еуразиялық экономикалық одақ пен Сербия арасында еркін сауда аймағын құруға жол ашатынын мәлімдеді. Соңында Елбасы келіссөздер­дің маңызды бөлігі Қазақстан мен Сербияның халықаралық аренадағы ынтымақтастығына арналғанына назар аударды. – Біз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі­нің 2017-2018 жылдардағы тұрақ­ты емес мүшесі ретіндегі Қазақ­станның қызметі аясында тығыз ынтымақтастық жасау жөнінде уағдаластық. Келіссөздер нәтиже­сі екіжақты ынтымақтастықты арттыру тұрғысынан өзара іс-қимыл аясын ұлғайтуға ортақ ниет бар екенін айғақтады. Біз Орталық Азия өңірі мен Еуропадағы жағ­дайды, терроризммен күрес мәсе­лелерін талқыладық. Өзара іс-қимылдың барлық мәселелері бүгінгі қабылданған бірлескен мәлімдемеде атап көрсетілді, – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ, Сербия Республикасының Премьер-министрі Александр Вучичпен де кездесті. Кезде­су ба­ры­сында екіжақты ынты­мақ­­­тас­тықты дамыту, саяси үн­қа­­ты­су мен мәдени алмасуды нығайту, көлік, туризм және инфрақұрылым құрылысы саласындағы бай­ланыстарды өрістету мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, тараптар халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты. Нұрсұлтан Назарбаев пен Александр Вучич Қазақстан мен Сербияның өзара іс-қимылын одан әрі нығайту және кеңейту үшін зор әлеуеттің бар екенін атап өтті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Сербияға ресми сапары аясында болған мына бір ақжолтай жаңалықты айрық­ша атап өткен жөн. Сербия аста­насы – Белград қаласында қазақ хал­қының атақты ақыны Жам­был Жабаевтың ескерткіші ашы­лып, рәсімге Елбасы қатысты. Салтанатты рәсім барысында Қазақ­стан мен Сербия басшылары Жамбыл Жабаевтың бюстіне гүл шоқтарын қойды. Нұрсұлтан Назарбаев жинал­ғандарға арнаған сөзінде қазақтың ұлы ақынының туғанына 170 жыл толған тұста Белград қаласын­да оның ескерткішінің ашылуы маңыз­ды оқиға екенін атап өтті. – Бүгінгі іс-шара қазақ ақындары мен жазушыларының туындылары серб тіліне және, керісінше, серб қаламгерлерінің шығармалары қазақ тіліне аударылуына ықпалын тигізсе деймін. Осылайша, біз халқымызды және жастарымыз­ды жақындастыра түсеміз, – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы алдағы уақытта Сербия­ның Қазақстандағы мәдени күн­дерін және Белградта еліміздің мәдени күндерін өткізуді ұсынды. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев бұдан кейін Қазақстан мен Сер­бия арасындағы мәдени және гуманитарлық байланыстарды нығайту қадамдары жалғасын табатынына сенім білдірді. Сондай-ақ, іс-шара барысында Сербия Президенті Т.Николич пен Белград қаласының мэрі С.Мали сөз сөйледі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапарының соңында Сербия Патриархы Иринеймен кездесті. Кездесу барысында Сер­бия Пат­риархы Қазақстан Прези­дентіне Сербия Православие шіркеуінің жоғары наградасы – І дәрежелі Қасиетті Савва Орденін тапсырды. Нұрсұлтан Әбішұлы конфес­сияаралық келісімді нығай­туға бағытталған еліміздің саясатына берілген жоғары баға үшін алғыс айтты. – Қазақстанда ислам мен православие – діннің ең басты екі діңгегі. Біз елімізде тұратын барша конфессия өкілдерінің діни мерекелерін атап өтеміз. Егер де барлық мемлекеттердің көшбасшылары осындай қаты­насты ұстанса, жер бетінде бей­бітшілік орнаған болар еді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті Пат­риарх­ты Астанада өтетін Әлем­­дік және дәстүрлі діндер көш­­бас­шылары келесі съезінің жұ­мы­сына қатысуға шақырды. Сербия Патриархы Ириней еліміздің бірегей тәжірибесі өзге елдер үшін, әсіресе, әлемде болып жатқан қазіргі жағдайлар аясында үлгі болып отырғанын айтты. – Сізді Сербияға, сондай-ақ барша конфессия өкілдерінің тең құқылы өмір сүруіне сіңірген барлық еңбегіңіз үшін халқымыз бен еліміздің үлкен досы ретінде осы орденмен марапаттаймыз. – Біз де елімізде осындай жағ­дай жасал­ғанын қалаймыз, сол үшін қолдан келгеннің бәрін істейміз, – деді Патриарх. Ресми сапар түйінделер тұста Қазақ­стан Президенті Сербия Рес­пуб­ликасына сапарының қоры­­тын­дысына арналған брифинг өткіз­ді. Брифинг барысында Елбасы екі­жақты ынтымақтастықтың бар­лық бағыттары бойынша Қазақ­стан мен Сербияның өзара қарым-қатынасы аясын одан әрі кеңейтудің маңыздылығын атап өтті. – Сербия Президентінің Аста­на­ға былтырғы сапары және Бел­градқа менің осы сапарым белсенді экономикалық өзара іс-қимылдың бастауына айналады деп ойлай­мын. Ол үшін қазір бірегей мүм­кін­діктерге жол ашылуда. Белград­тың орталығында Жамбыл Жабаев ескерткішінің ашылуы – халқымыз бен мәдениетімізге деген құрметтің белгісі. Бұл да өте маңызды, – деді Қазақстан Президенті. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев білім беру, медицина және фармацевтика, ауыл шаруа­шы­лығы, ақпараттық тех­ноло­гиялар, құрылыс салаларын­дағы өзара іс-қимылды жандан­дыру қажеттігіне назар аударды. Соңында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сапар аясын­да өткен келіссөздер мен кезде­сулер екі елдің экономикалық бай­ланысын одан әрі нығайтуға септігін тигізетінін айтты. Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан» – Белградтан Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды